- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 5 жасында зорланған...
5 жасында зорланған құқық қорғаушы: "күйеуім қызыма мас күйде тиісті" деген хаттар келеді
Күн сайын адамшошырлық оқиға, статистика тіркеліп жатыр. Қазақстанның бір түкпірінде бес жасар қыз зорлықтың құрбаны болса, енді бір түкпірінде үш жасар қыз зорланды. Бала кезінде дәл осындай жағдайға тап болғандардың бірі - Ләззат Рақышева. Massaget.kz тілшісі Ләззатпен сұхбаттасып, оның басынан өткен ауыр жағдай, қоғамдағы дерттер - педофилия, зорлық-зомбылық туралы сұрады.
"5 жасымда зорландым"
Бір жасында анасынан айырылған Ләззат бес жасында өміріндегі тағы бір соққыны алған. Үйінде жалғыз ұйықтап жатқан жерінен көршісі келіп, ішкиімін тартқылап шешіп, зорлаған. Осылайша, ол қансыраған күйінде оянған... Ал оны қорлаған адам бірнеше жыл өткен соң өмірден өз жазасын алған. Даладағы шабындыққа құлап, аш қарғаға жем болған. Мұның бәрін Ләззат өз өмірінде болған оқиғаға негіздеп, "Ләззат тағдырымның бергенін қабылдаймын" кітабына арқау еткен.
elements.envato.com
Бүгінде Ләззат сүйікті жар, аяулы ана, ал ең бастысы өзі секілді зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға көмектесетін құқық қорғаушы, заңгер, Human Rights Lawyers атты қоғамдық қордың басшысы. Ләззаттың сөзінше, бұл мәселемен айналысып жүргеніне 10 жылға жуықтаған.
"Кітабым шыққаннан бері осы іспен айналысып жүрмін. Бірақ кітабым шыққанға дейін де тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмектескенмін. Себебі кезінде үлкен компанияның директоры болғанмын. Сол компанияда қоластымда істейтін көп әйелге көмектестім. Өзім 5 жарымда жасымда зорланғанмын. Кейін өзімнің кітабымды шығардым. Сол 2017 жылдан бері нақты осы қоғамдық қорда жұмыс істеп, қыздар мен әйелдердің, балалардың құқығын қорғап жүрмін", - дейді ол.
"Өгей әкем балмұздақ беремін деп зорлады"
Ләззатқа күн сайын елдің түкпір-түкпірінен түрлі хаттар келеді. Бірінде "жасым 16-да, әбден өмірден шаршадым" делінсе, енді бірінде "өгей әкем өлгенде қатты қуандым", "мені 8 жасымда зорламақ болды" делінген.
Осындай хаттардың бірінде зорлықтың құрбаны бола жаздаған қыз жантүршігерлік жайтты айтқан.
"Мен 2-сыныпта оқитын кезім, ауылдық жерде тұратынбыз. Көрші үйдің қыздарымен ойнайтынбыз, олар біздің үйге келіп, мен олардың үйіне барып. Ол қыздардың ағалары болды және үйінде көзі көрмейтін әжесі болатын. Біз сол әженің қасында отырып ойнаймыз, алып бер дегенін алып беріп отырамыз. Бірде сол үйге келіп, есік ашып Жанар (аты өзгертілген) деп айқайладым, ар жағынан ағасы "кір-кір, Жанар залда ойнап отыр" деді. Мен кіріп бардым, Жанар жоқ қой деп кері бұрылып едім, есікті іш жағынан жауып, түшшш деп тиіспекші болды... Мен жылап қоя бердім дауыстап, арғы бөлмеде отырған көзі көрмейтін әжесі бұл қайсың деп жар жағалап келе қалды, мен жүгіріп шығып кеттім. Үйге келдім, ешкімге айта алмадым, сол бір ұят нәрсе екенін түсінгеннен бе, әлде мамам неге барасың деп ұрысады деп пе, білмеймін. Негізі бала кезімде "мамам барма ешкімнің үйіне, кірме" деп отыратын. Мені 8 жасымда зорламақ болған көрші мектептің выпускнойынан кейін сыныптасын зорлап, капрон колготкимен қылқындырып өлтірген", - делінген хаттардың бірінде.
elements.envato.com
Ал келесі хатта әйел күйеуі өз қызын зорламақ болғанын жазған.
"Тұрмысқа шығып өмірге 4 қыз әкелдім. Жолдасым өте жақсы адам болған еді, күндердің күнінде оның ит екенін білдім. Анда санда ішетін, бірақ тыныш ұйықтап қалатын. Бір күні мас болып келді, бірақ қатты емес. Өз аяғымен жүріп келді. Содан екінші қызым "папау" деп еркелеп қасына жатты. Бір кезде пешке көмір салайын деп келсем, ұйықтап жатқан қызымның трусиін шешіп, үстіне жатқызып, мүшесін тыққалы жатыр. Дер кезінде келіппін", - делінген тағы бір хатта.
Ләззат Рақышеваға келген хаттардың ішінде өгей әкесінен зорланғанын айтқандар да бар.
"Мен 6/7 немесе жасымда зорландым. Негізі ерте ес жидым. Есімде қалмапты, бірақ өгей әкем мені "мороженое әперемін" деп зорлаған, ол кезде дым білмеймін", - делінген келесі хатта.
Батыс, Оңтүстік: қай өңірден хат көп келеді?
Ләззаттың сөзінше, оған түрлі мазмұндағы хат келеді.
"Балалардан, әйелдерден, ер адамдардан әртүрлі хаттар келеді. Біреуі бұрын болған зорлық-зомбылық, біреуі қазір болып жатқан зорлық-зомбылық. Біреуі жақын арада болған. Ең ауырлары менің парақшамда. Кейбір адамдардың тағдырлары өте ұқсас. Ақылға сыймайтын, өзінің әкесі зорлаған, әкесіндей болып жүрген адам зорлаған, ағалары зорлаған ауыр хаттарды жариялаймын. Себебі халқымызға сабақ болсын деймін. Қазақ халқы көпшіл, сенгіш. Көршілерге балаларды тастап жүре береді, жұмысына кетеді. Туыстарға ауылға апарып тастайды. Көрші қандай екені немесе ол ауылда не болып жатқаны белгісіз. Сондай кезде балаға көп зорлық жасалады екен. Хаттарды оқып отырып түйген нәрсем: ешкімге баланы сенуге болмайды. Баламен ашық сөйлесіп, жеке шекараны, ішкиім ережесін түсіндіру керек. Балаға өз-өзін қорғау ережелерін үйрету керек", - дейді ол.
Тұрар Қазанғапов
Human Rights Lawyers қоғамдық қорының басшысы батыстан, оңтүстіктен жиі хат түсіп жатқанын жеткізді.
"Статистиканы қарап отырғанда, бәрі "Түркістан, Шымкент" деп жатады ғой. Маған келген хаттардың көбі Маңғыстау облысынан, екінші Шымкент, Түркістан, сосын Алматы, одан кейін Шығыс Қазақстан. Келіп жатқан хаттарды қарап отырсам, Маңғыстаудан өте көп екен. Сондай-ақ, Ақтау, Атырау, Ақтөбеден де көп", - дейді Ләззат Рақышева.
"70 жастағы әйелдерден де хат келеді"
Ләззат өзіне келетін хаттардың бәрін оқу өте ауыр тиетінін айтады. Оның үстіне өз басынан өткен соң бала зорланды дегенде естігенде, бәрі есіне түседі екен.
"Бәрі ауыр тиеді. Ешкімді бөліп жармаймын. Өзім зорлық-зомбылық көрген соң жай ғана тиіскеннің өзі, үйкелеп кеткен, сипалап кеткеннің өзі ауыр. Көп хат келеді. Түк істемеген, бірақ омырауын ұстаған, сүйген. Өмір бақи бала кезде алған зақым, жиіркеніш болып қалады. Мұндай адамдар психологтың көмегін алу керек. Бұл ауруға апарады. 30-40, 50-60, 70 жастағы әйелдер де бар. Ол кісілерден де хат келеді", - дейді ол.
elements.envato.com
"10 шақты ер адам жазды"
Қоғамда зорлық-зомбылық құрбаны тек әйел адам болатын секілді түсінік қалыптасқан. Бірақ қазір ұл балалар да мұндай жағдайларға жиі тап болып жатыр. Ләззат Рақышева да ер адамдардан хаттар келетінін жасырмады.
"Ер адамдар көбіне бала кезінде зорлық-зомбылық көрсе, кейін отбасын құруы қиындайды екен. Агрессияға бейім болады. 28 жастағы бір жігіт "өмір сүру өте қиын" деп жазды. "Әйеліме жоқ нәрсеме ренжимін" дейді. Жыныстық қатынас кезінде өзінің зорланғаны есіне түсетін секілді, әйеліне жақындаған кезде сол көз алдына келіп тұрады екен. Осындай отбасымен бірге тұрғысы келмейтіндер бар. Кейбіреулер зорланған соң ер адамды жақсы көріп кеткенін айтады. "Әйелдерді жақсы көрмеймін, жаман екенін білемін, қиналамын" дейтіндер бар. Өте қиын. Көп емес, бірақ осындай жағдаймен 10 шақты еркек жазды. Арасында 15, 20, 22, 28 жастағылар бар", - дейді ол.
elements.envato.com
"Жыныстық сауат жоқ, заң әлсіз"
Күнделікті түрлі оқиғадан хабардар болып жүрген, өзі басынан қиын жағдайды өткерген Ләззат Рақышева қоғамның азғындалып кетуіне қандай себептер бар екенін айтты.
"Жыныстық сауат жоқ. Ата-ана балалармен ашық сөйлеспейді. Заң әлсіз. Бәрін педофилдер көріп отырып, зорлап-қорлай береді. Ал дұрысында ата-ана үйретуі керек. Бірақ ата-ананы ғана кінәламаймын. Баланы зорлауға ешкімнің құқығы жоқ. Тіпті әйел жалаңаш жүрсе де зорлауға құқығы жоқ. Осындай жағдайлар болып жатса, бізде бала зорланып-қорланып өлгенше, қозғалмайды. Жай ғана тиіссе, "түк те жасалған жоқ" деп арызын қайтарып жатады, істер жабылып қалады. Ондай мысал көп. Ешкім мән бермейді", - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі мәліметінше, биыл 4 айда пробация қызметінің есебінде кәмелетке толмағандарға зорлық жасау дерегі бойынша 352 сотталған адам тұр.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Кейін ол ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды.
Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Кейін Желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді.
Бас прокуратура мәліметінше, күдікті бұрын істі болған.
"Күдікті Г. бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды. 2023 жылғы мамырда Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, күдікті 2 айға қамауға алынды.
Күйеуі үстінен қайнақ су құйып, үстелді төңкеріп жіберсе де әйел арыз жазбаған - Дина Таңсәрі
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова