2022 жылы Қазақстанда болған елеулі оқиғалар

2022 жылы Қазақстанда болған елеулі оқиғалар

2022 жыл қазақстандықтар үшін есте қаларлықтай жыл болды. Өйткені биыл түрлі оқиға болып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде төтенше жағдай режимі жарияланды. Massaget.kz тілшісі биыл болған айтулы оқиғаларға шолу жасады.

Қаралы қаңтар оқиғасы

2022 жылдың басты оқиғасы қаңтар қасіреті болды десек артық емес. Жаңа жылдан кейінгі жаппай тәртіпсіздік газға байланысты мәселеден шыққан еді. 2 қаңтарда Жаңаөзенде жиналған жұрт сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етті. Наразылық шарасына мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылды. Кейін басқа қалалар да осы үнге қосыла бастады. 3 қаңтарда бірден бірнеше облыста митингілер басталды. Соның қатарда Алматы, Астана, Ақтөбе, Орал тұрғындары да болды. Осылайша, 4 қаңтарда Қазақстанның түкпір-түкпірінде наразылық акциялары өтті. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиға салдарынан интернетте де ақау шықты. 

Tengrinews.kz

Кейінірек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізілді. Ал кейін ел бойынша төтенше жағдай енгізілді.

Tengrinews.kz

5 қаңтарда Үкімет отставкаға кетті, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, сұйытылған газ, бензин және дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу енгізілді. Алайда толқу күшейе түсті. Алматы қаласы қатты зардап шекті. Бүлікшілер әкімдік ғимаратын өртеп жіберді, Президент резиденциясын басып алды, дүкендерді, сауда орталықтарын, банк кеңселері мен банкоматтарды қиратып, тонады.

Almaty.tv

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, "Қазмұнайгаз" бен "Қазақгаз" кәсіпорындары кінәлі екенін айтты.

6 қаңтарда Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. ҰҚК-нің жаңа басшысы болып Ермек Сағымбаев тағайындалды. Дәл осы күні ҰҚК Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша "Мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша соталды тергеу амалдары басталды. Қылмыс жасады деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал 10 қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Tengrinews.kz

11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үкімет мүшелерін тағайындады. Ал қаңтар оқиғасынан кейін тұрғындардың талабы орындалып, өңірлерде сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге түсті. Өңірлерде әлі күнге қаңтар оқиғасына қатысты істер жүргізіліп жатыр. 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған. Бұл бойынша 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалатыны белгілі болды. 

"Кінәлілер жазалансын". Үсіп-тоңған екібастұздықтар

Биыл күзде Екібастұз тұрғындары да зардап шегіп, қала жылусыз қалды. Оқиға 27 қарашада түнде басталды. Сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады.

Pavlodarnews.kz

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына төртінші күні барған еді. Ал 1 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. Сқақовтың орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.

Екібастұздағы жағдай бүкіл қазақ қайғырды. Соның ішінде танымал адамдар да болды. Димаш Құдайберген Instagram-парақшасында кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

Ал 7 желтоқсанда Асайын Байханов Павлодар облысының әкімі қызметіне тағайындалды. 8 желтоқсанда Екібастұзда төтенше жағдай режимі алып тасталды. Бұл туралы жаңа тағайындалған әкім мәлімдеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Аян Бейсекин (@abeysekin)

Бір адам қайтыс болды. Қостанайдағы алапат өрт

Былтыр елімізде 12 256 өрт дерегі тіркелген, салдарынан 9 миллиард 336 миллион 665 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген. Өрттен 413 адам қаза тауып, 429 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Бұл туралы төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков айтқан болатын.

Бұл жағдай биыл да сиремеді. 3 қыркүйекте Қостанай облысында табиғи өрт шыққан еді. Салдарынан бірнеше ауылдағы 108 құрылыс бүлініп, 1800-ден аса адам эвакуацияланған болатын. Сондай-ақ, 10 адам жарақат алған еді, оның ішінде күйік шалғандар мен уланғандар бар. Өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған болатын.

Ауылдар ішінде Аманқарағай ең көп зардап шеккен ауыл болды. Мұнда 91 үй өртенген. Олардың барлығы дерлік жанып кеткен. 

ТЖМ мәліметтері бойынша, бес учаскеде, яғни Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдарында өрт сөндіру жұмыстары жүргізілген. 

 

Сонымен қатар, 4 қыркүйекте таңертең Аманқарағай ауылында үйінділерді тазалау кезінде 86 жастағы зейнеткердің мәйіті табылды. Бас прокуратура Қостанай мен облыстағы өртте адамдардың қаза табуы бойынша қылмыстық іс қозғады. 

@massaget.kz #қостанай#қазақстан#казахстан#өрт#рек#жаңалық#новости#костанай ♬ оригинальный звук - Massaget.kz

Ал 22 қазанда Қостанай облысында өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданының тұрғындарына жаңа үйдің кілті табысталды.

Ресейдің салқыны бізге де тиді ме?

Көші-қон қызметі комитеті деректері бойынша, биыл Қазақстанға шамамен 4,3 миллион шетел азаматы келіп, елден 4,1 миллион адам кеткен. Оның ішінде 1 миллион 660 мыңы Ресей Федерациясының азаматтары болған, сондай-ақ, 1 640 000 ресейлік елден кеткен.

Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялады. Осыған орай ресейліктер Қазақстанға үдере көшті.

t.me/uralskweek_kz

Мемлекеттік кірістер комитеті өкілі Ресейден Қазақстанға өткізетін пункттерде көліктер кезегі байқалғанын айтқан еді. 

"21 қыркүйектен бастап Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына өтетін жеңіл көлік саны 20 пайызға өсті. Осыған байланысты Қазақстанға кіреберістегі Ресеймен шекараның кейбір учаскелерінде көліктер жиналғаны байқалады", - деген еді ведомство өкілдері.

Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, көлік кезегі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалған. Сондай-ақ, Ресей мен Қазақстан шекарасында бірнеше шақырым кептеліс пайда болған. Желі қолданушылары Ресей мен Қазақстанның шекарасындағы кептелістерді видеоға түсірген. Ресейдің Озинки елді мекеніндегі Батыс Қазақстан облысына кіру бекетінде де жол кептелісі бірнеше шақырымға созылған. Видео авторының сөзінше, кезекте тұрғанына 10 сағаттан асқан.  

Finprom.kz мәліметінше, өңірлер арасында Шығыс Қазақстан облысында ресейліктердің ең көп саны тіркелген, яғни 469,7 мың адам. Екінші және үшінші орындарда Қарағанды облысы (469,2 мың) мен Алматы (458,9 мың) орналасқан.

"Ұшты-ұшты". Пәтер қымбатшылығы

Ресейліктер жаппай көшуіне байланысты пәтер қымбаттады. Әсіресе, бұл жайт халық көп шоғырланған, студенттер көп оқитын Астана, Алматы секілді мегаполистерде байқалды. 

Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақстанда бір жылда баспана 26,9 пайызға, ал жалға алу 48,6 пайызға қымбаттаған.

Ал Krisha.kz сарапшылары ресейліктердің ағылып келуінен кейін пәтер жалдау бағасы қаншалық арзандағанын есептеп көрген болатын. Пәтер бағасы қазанның ортасынан бастап түскен, содан бері бағалар орта есеппен 30 пайызға төмендеген.  8 желтоқсандағы мәлімет бойынша, пәтер бағасы айтарлықтай төмендеген қалалар көшін Петропавл, Орал, Ақтөбе бастап тұр. Онда шаршы метрі орта есеппен 40-50 пайызға арзандаған.

Одан кейін Астана, Қостанай, Павлодар, Көкшетау, Атырау, Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларында пәтер жалдау ақысы дүрбелең кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда арзан болған. 

Айта кетейік, Алматыда тамыздың басы мен қыркүйектің басында пәтер бағасы қалай өзгергені туралы сараптама материал жазған едік.

Қазақстан қалай бөлінді? Су жаңа облыстар

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 4 мамырдағы елдің жаңа өңірлерін құру туралы Жарлығы ресми түрде 8 маусымнан бастап күшіне енген болатын. Соған сәйкес, жаңа облыстар пайда болғаннан кейін ел әкімшілік түрде 20 аумаққа бөлінетіні белгілі болды, яғни 17 облыс және республикалық маңызы бар үш қала.

Ұлытау облысы - ең үлкен өңірлердің бірі. Ол екі ауданнан тұрады - Жаңарқа, Ұлытау, облыстағы үш қала - Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев. Жезқазған - мыс өнеркәсібінің орталығы, ол аймақтың әкімшілік орталығына айналған. Жаңа облыстың халқы шамамен 226 мың адам болады.

Абай облысы Шығыс Қазақстан облысынан бөлінген. Кеңес заманында оның аумағында Семей облысы орналасқан. Өңір орталығы Семей қаласы болды. Облысқа сегіз аудан кірді: Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті және Үржар, сондай-ақ, екі қала - Семей және Курчатов. Облыс халқы шамамен 640 мың адам болады.

Алматы облысы құрамынан бөлінген облыс - Жетісу облысы. Онда 650 мыңға жуық адам тұрады. Облыстың әкімшілік орталығы Алматы облысының бұрынғы орталығы - Талдықорғанда орналасқан. Облысқа сегіз аудан және екі қала кірді - Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары.

Ел күтпеген оқиға - сайлау

Биылғы ел күтпеген оқиғаның бірі сайлау болды. Күзде Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын. 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Бұл сайлауда алты кандидат болды.

22 қарашада Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан президенті сайлауының ресми қорытындылары жарияланды. 

"Кеше біз президент сайлауының алдын ала қорытындысын жарияладық. Енді барлық шешім негізінде біз 20 қарашада өткен президенттің кезектен тыс сайлауын қорытындылай аламыз. Жалпы 8 300 046 адам сайлауға қатысты, бұл - жалпы сайлаушылардың 69,44 пайызы.

Дауыс беру қорытындысы бойынша кандидаттар:

Қарақат Әбден - 206 206 дауыс немесе 2,6 пайыз;
Нұрлан Әуесбаев - 176 116 дауыс немесе 2,22 пайыз;
Жигули Дайрабаев - 271 641 дауыс немесе 3,42 пайыз;
Мейрам Қажыкен - 200 907 дауыс немесе 2,53 пайыз;
Қасым-Жомарт Тоқаев - 6 456 392 дауыс немесе 81,31 пайыз;
Салтанат Тұрсынбекова - 168 731 дауыс немесе 2,12 пайыз дауыс", - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Осылайша, Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауында жеңіске жетті. 26 қарашада Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына ант берді.

Келер жылдан не күтеміз?

12 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Отырыста Мемлекет басшысы бірнеше мәселе көтерді. Соның ішінде шенеуніктерге ескерту жасап, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін деп болжады. Ал премьер-министр Әлихан Смайылов министрлердің алдында жаңа жылда үлкен міндет тұрғанын айтып, қолдарынан келмесе, орындарын босату керегін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтанушы Мақсат Жақау Президенттің болжамын түсіндіріп берген болатын. Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болатыны туралы материал жазған едік.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова