200-ден аса азамат жәрдемақы алудан бас тартқан

200-ден аса азамат жәрдемақы алудан бас тартқан
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстанда 200-ден аса азамат жәрдемақы алудан бас тартатынын мәлімдеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бектенов кеңес өткізді

Премьер-министр Олжас Бектенов кеңес өткізді. Жиында мемлекеттік әлеуметтік көмек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға берілуіне назар аударылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен вице-министр Бахтияр Жазықпаев негізгі цифрлық шешімдерді таныстырған. "Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесінде 30-дан аса мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған, 20 миллионнан аса азамат пен 6,2 миллион отбасыға қатысты дерек біріктірілген.

Министрлік мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде 2025 жылы 480 355 мұқтаж отбасының жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған. Биыл жыл басынан бері тағы 464 158 отбасы осы санатқа ауыстырылған.

Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдер шын мәнінде мұқтаж азаматтарға берілуі үшін оларды оңтайландыру жөніндегі реформаны жүзеге асырылу мәселелері қаралған. Әкімдіктермен бірлесіп, әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты дерек тексерілген. Бұл санаттағы азаматтарға әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрінің тек 14-іне қатысты өзгеріс болады. Қалған 22 түрі бойынша қолданыстағы төлем тетіктері өзгеріссіз сақталады. 

200 адам бас тартқан

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әл-ауқат деңгейі жоғары санатқа жатқызылғандарға қосымша тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл тексеріс нәтижелері олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақтылауға, әл-ауқат деңгейін дұрыс бағалауға, тиісті санатқа дұрыс жіктеуге пайдаланылады.

"Бүгінде SMS хабарлама жіберу нәтижесінде 200-ден аса азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан бас тартатынын мәлімдеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov Mobile қосымшасына енгізілетін жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисінің жаңа жобасын таныстырды. Оның көмегімен әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрмысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде төлемнен өз еркімен бас тарта алады", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 10 мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау ережесі өзгереді. Енді төлем алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке тұлғаның әл-ауқат деңгейі ескерілмек. Ол үшін азаматтар әлеуметтік әл-ауқаттың бес деңгейіне бөлінеді:

  • А - әл-ауқаттың жоғары деңгейі. Тұрақты табысы жоғары, жылжымайтын мүлкі және басқа да активтері бар отбасылар.
  • B - ауқатты деңгей. Тұрақты табысы, баспанасы және салыстырмалы түрде тұрақты қаржылық жағдайы бар отбасылар.
  • C - қанағаттанарлық деңгей. Табысы аз, несиелері болуы мүмкін және қаржылық мүмкіндіктері шектеулі отбасылар.
  • D - экономикалық жағынан осал деңгей. Табысы төмен, қарыздары бар немесе жұмысқа орналасуда қиындықтары бар отбасылар.
  • E - экономикалық және әлеуметтік жағынан осал деңгей. Қиын жағдайға тап болған отбасылар.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер отбасының материалдық жағдайын бағалау, жәрдемақы тағайындау үшін азаматтардың кіріс-шығысы, депозиті туралы ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне береді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget