Биыл ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлек ел аузында. Кейінгі кезде 120 балдан асырып жинайтын тест тапсырушылар көбейген. Министрлік сұрақтарды жеңілдетті ме? Түлектердің көпшілігі қай саланы таңдаған? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, ҰБТ басталғалы шекті балды 77 пайыз талапкер жинады. Ал 23 пайызы шекті балға жете алмаған.
Елімізде "Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" кемінде 70 балл, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" мамандықтары үшін кемінде 60 балл (ұлттық ЖОО үшін); ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.
Биылғы ҰБТ қорытындысы орташа бал - 69 балл.
ҰБТ өткізілген алтынша аптада Алматы облысының түлегі ең жоғары 140 балл жинады. Талапкер ҰБТ-ны "Математика-Информатика" комбинациясы бойынша 27 маусымда Алматы облысының Есік қаласында тапсырған.
Алматы облысының Білім басқармасы мәліметінше, 140 балл жинаған түлек Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы №22 жалпы білім беретін орта мектепті тәмамдаған. Рекорд орнатқан Жаннұр Еңсебек - Алтын белгі иегері.
Министрлік мәліметінше, соңғы рет 2021 жылы ҰБТ нәтижесі бойынша 140 балды Павлодар облысының түлегі жинаған, ал 2018 жылы Алматы қаласының түлегі жинады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ нәтижесіне қатысты кейінгі жылдардағы ресми мәліметтерді жариялады.
Ресми статистика мектеп бітіруші түлектердің нәтижесі жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Осы орайда "тест сұрақтары бұрынғыға қарағанда жеңілдеді ме?" деген заңды сұрақ туындайды. Министрлік өкілдері сұрақтар қалай әзірленетінін түсіндірді.
Ведомство мәліметінше, ҰБТ пәндері бойынша тест тапсырмалары мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандартына, жалпы білім беретін пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес әзірленеді. Дегенмен кейбір жылдары бірқатар өзгеріс енгізілген:
Министрлік түлектерге жағдай жасау мақсатында қолайлы мүмкіндіктер қарастырылғанын да еске салды.
2024-2025 оқу жылына бакалавриатқа 77 844 грант бөлінген. Министрліктің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, 2024 жылғы негізгі ҰБТ-да талапкерлердің 16 пайызы "Математика-Физика", 16 пайызы "Биология-Химия", 13 пайызы "Шығармашылық", 11 пайызы "Математика-Информатика" пәндерін таңдаған.
"Талапкерлер мамандықтарды 13-20 шілде аралығында (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері үшін 13-24 шілде аралығында) грант конкурсына құжат қабылдау барысында таңдайды", - деп жазылған ресми жауапта.
ҰБТ басталғаннан бері, яғни 16 мамыр мен 27 маусым аралығында 264 мың рет тест тапсырылған. Соның ішінде талапкерлердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 197 адам ағылшын тілінде тест тапсырған.
Салыстырмалы түрде 2022 жылы 154 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Оның ішінде түлектердің 76 пайызға жуығы қазақ тілінде, 24 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызыы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
2023 жылы 162 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Оның ішінде түлектердің 76,16 пайызға жуығы қазақ тілінде, 24,74 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Еске салайық, бұған дейін Massaget.kz тілшісі ҰБТ, грантқа қатысты маңызды сұрақтардың жауабын білу үшін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевпен эксклюзив сұхбат жасады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз