ҰБТ-дағы жаңалықтар, хакерлік шабуыл, "бір орынға бір жарым адам". Келесі жылғы түлектерді қандай өзгерістер күтіп тұр?

ҰБТ-дағы жаңалықтар, хакерлік шабуыл, "бір орынға бір жарым адам". Келесі жылғы түлектерді қандай өзгерістер күтіп тұр?
Фото: © Тұрар Қазанғапов

5 тамызда грант нәтижесі белгілі болды. Қоғамда жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеу қарсаңында, грант жарияланған кезде қызу талқы болады. Биыл да 94 мың талапкер 73 мың грант үшін таласты деген ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі ҰБТ, грантқа қатысты маңызды сұрақтардың жауабын білу үшін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевпен сұхбаттасты.

Грант үшін бір орынға бір жарым адам таласқаны рас па?

Ұлттық тестілеу орталығының директорының айтуынша, 94 мың талапкер 73 мың грантқа таласты деу дұрыс емес. Өйткені грант саны әртүрлі бөлінетін мамандықтар, бағыттар бар. Тиісінше кейбір мамандықтарға көп грант, ал кейбір мамандықтарға мүлде аз бөлінеді.

elements.envato.com

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуді 162 мыңға жуық талапкер тапсырған. Жалпы, 165 мың талапкер ҰБТ тапсыруға өтінім берген. Ал 135 мың талапкер шекті балл жинаған. Соның ішінде 94 мың талапкер грант конкурсына құжат тапсырған талапкерлердің саны болып отыр. 

"Орта есеппен алсақ, 94 мың талапкер 73 мың грант, бір орынға екі адамға да жетпейді" деп айтылып жатыр. Бұл жерде маңызды мәселені айту керек. 94 мың дегеніміз алған балына сенімді болып, грант конкурсына қатысқандардың саны болып отыр. Бакалаврға 73 мың грант бөлініп отыр. Грант конкурсы өте жоғары болған кейбір бағыттар бар.  Мысалы, стомотолия деген мамандық бар. Жыл сайын оған 20-дан аса талапкер үміткер тапсырады. Ал грант конкурсына қатысқан әр төртінші талапкер педагогикалық бағытқа тапсырып отыр. Төртінші жыл қатарынан педагогикалық мамандықтардың грант конкурсына қатысу үшін кем дегенде 75 балдан төмен болмау керек. Мұны да ескеру керек. Математика мұғалімдерін даярлау конкурсы да өте жоғары өтеді. Бір орынға шамамен 19 үміткер болды. Олардың балы да өте жоғары. Мысалы, ең жоғары балл 136 балл болса, ал грант иеленген соңғы талапкердің балы - 125. Сондықтан бұл жерде жалпы емес, бағыт бойынша да қарау керек. 94 мың талапкерді 73 мың грантқа бөліп, 1,5 үміткер деу дұрыс емес", - дейді Руслан Емелбаев. 

Оның сөзінше, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, материал өндірісі, химиялық инженерия және процестер секілді мамандықтарға грант конкурсында 1 орынға 0,9 үміткер таласқан. Ал мемлекеттің саясаты негізінде гранттардың алпыс пайызы техникалық бағытқа бөлінген.

ҰБТ-ға қатысты қандай өзгерістер болып жатыр?

Кейінгі жылдары Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты маңызды өзгерістер болғаны белгілі. Оның ең бастысы 2017 және 2021 жылдары болды. Руслан Емелбаев бұл өзгерістердің қандай артықшылығы болғанын айтты.

"2017 жылдан бастап ҰБТ - тек жоғары оқу орнына түсу емтиханы. 2017 жылға дейін ол әрі жоғары оқу орнына түсу емтиханы болды, әрі ҰБТ нәтижесі бойынша қорытынды аттестацияға баға қойылатын. Бұл көп жағдайда мектептердің, облыстардың рейтингіне әсер ететін. Көптеген жағынан балаларға қиындық тудыратын. Олар бір рет қана тапсыру мүмкіндігіне ие болатын. Бұл психологиялық тұрғыдан да балаларға өте қиын әсер ететін. 2021 жылды неге ерекше атап отырмын, 2021 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу қағаз форматынан компьютерлік форматқа өтті. Компьютерлік форматқа өтудің ең басты ерекшелігі сол - ереже бұзушылықтарды толық қадағалап отыруға және фиксация жасауға мүмкіндік алдық", - дейді ҰТО директоры.

instagram.com/testcenterkz

2020 жылы да Ұлттық бірыңғай тестке қатысты маңызды өзгеріс қабылданған болатын.

"2020 жылы маңызды норма қабылданды. Сол бойынша талапкер тыйым салынған затты алып келсе, тыйым салынған заты алынады және талапкер ҰБТ тапсыруға жіберілмейді. 2019 жылы 102 мыңға жуық талапкер ҰБТ тапсырды. Сол кезде талапкерлерден алынған тыйым салынған заттың саны - 128 мың. Биыл 162 мың талапкер ҰБТ тапсырды, бірақ биыл 2 мүмкіндік берілді. 2 мүмкіндікті ескерсек, 290 мың рет тапсырылды. Алынған тыйым салынған зат саны - 312. Бұрынғымен салыстырғанда, 400 есе азайып отыр. Екінші маңызды мәселелердің бірі - сұрақтардың сапасы қатты көңіл бөлініп жатқаны. Тестология - үлкен бір ғылым саласы. Бұрын ҰБТ сұрақтары жаттауға негізделген деген сын айтылды. Осы бағытта көп жұмыс жүргізілді", - дейді ол.

Биыл ҰБТ бір тестіленуші, екі камера және бір компьютер қағидаты бойынша өткізілген. Ал былтырғы ең басты шаралардың бірі фронтальды камера қосылуы болыпты.

"Бұған дейін ережебұзушылықтардың ең бастысы бөгде адамдардың, әсіресе, жақсы оқитын, өздері ҰБТ тапсырған, тәжірибе жинақтаған 1-2-курс студенттерінің 11-сынып оқушыларының орнына тест тапсыруы болған. 2021 жылы осындай 18 дерек тіркелді. 2022 жылы осындай 1 дерек болды. Биыл фронтальды камера қойғаннан кейін бұл ережебұзушылықтың толық алдын алдық", - дейді ол.

Сондай-ақ, биыл 312 талапкер өзімен бірге тыйым салынған затты алып кіруге ұмтылғаны үшін ҰБТ-ға кіргізілмеген.

"Мұндай талапкердің екінші мүмкіндігі болса, екінші мүмкіндігін тапсыра алды. Бірінші мүмкіндігінде ереже бұзса, екіншісінде мүмкіндік беріледі. Енді тамыз ҰБТ-і басталады. Бұл - биылғы 5-ҰБТ. Соны да тапсыру мүмкіндігіне ие болады", - дейді Емелбаев.

elements.envato.com

Тамыздағы тестті кімдер тапсыра алады?

ҰТО директоры тамызда өткізілетін тестке кімдердің қатысуға мүмкіндігі барын атады:

  • Негізгі ҰБТ кезінде шекті балл жинай алмай қалған талапкерлер;
  • Негізгі ҰБТ кезінде басқа бейінді пән тапсырып, бірақ жоғары оқу орнына ақылы негізде оқу үшін басқа бағытқа барғысы келетін талапкерлер;

"Кейбір талапкерлер ҰБТ тапсырған кезде математика мен физика бағытын тапсырып, грантқа түскілері келеді. Грантқа түсе алмай қалған жағдайда ақылы оқиды. Сөйтіп, "ақылы оқысам, грант үшін емес, қалаған мамандығыма ауысамын" дейтіндер бар", - дейді Емелбаев.

  • Шартты негізде оқитындар; Яғни 2022 жылы университетке шекті балл жинай алмай, шартты негізде қабылданған талапкерлердің соңғы бір мүмкіндігі бар. Қазір 1100-ге жуық шартты негізде қабылданған 1-курс студенті бар екен.
  • Ереже бұзғаны үшін шығарылған талапкерлер.

Университетте шартты оқу мүмкіндігіне кім ие болады?

Руслан Емелбаев жоғары оқу орындарында кім шартты негізде оқи алатынын түсіндірді.

"Министрлік тарапынан және университеттердің шекті балдары бар. Мысалы, педагогикалық мамандыққа 75 балл. Талапкер 75 балдан төмен алып қалса, 74 балл алып қалса, жоғары оқу орнында ақылы бөлімде де оқуға құқығы жоқ. Себебі шекті балды ала алмай отыр. Ол талапкер тамыздағы тестте де шекті балды ала алмаса, университеттердің басым бөлігі оны шартты негізде бірінші курстың студенті ретінде қабылдайды. Шарт қандай? Мысалы, биыл қабылданған студент 2024 жылы қаңтарда өтетін тестте белгіленген шекті балды алуы керек. Қаңтарда ала алмаса, наурызда екінші мүмкіндік беріледі. Бірақ ол университетте кәдімгі 1-курс студенті ретінде оқып жатады. Наурызда ала алмаса, мамыр мен маусымда өтетін негізгі ҰБТ тапсыруға тағы да мүмкіндік беріледі. Сонда төртеу болды. Оны да ала алмаса, 2024 жылғы тамызда соңғы мүмкіндік беріледі. Тағы да шекті балл ала алмаса, әрине, ол оқудан шығарылады. Төлеген қаражаты мен бір жылын жоғалтады. Бірақ 5 мүмкіндікті пайдалана алмаған талапкер ойланарлық жағдай", - деп түсіндірді Руслан Емелбаев.

"Хакерлер шабуыл жасаған". Тіркелген ең сорақы ережебұзушылықтар қандай?

Руслан Емелбаев ережебұзушылықтар қатарында ұялы телефон алып кіру дерегі әлі де бар екенін айтты. Алайда одан да сорақы тәсілдер бар болып шықты. Сондықтан биыл комиссия құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары тартылған.

"Ерекше ережебұзушылықты айтайын деп отырмын. Компьютерлік форматқа өткеннен кейін басты тап болып отырған қиындықтардың бірі - ақпараттық қауіпсіздік жағынан бөгде тұлғалардың компьютер арқылы қосылып, тестілеу жүйесін бұзуы. Қарапайым тілмен айтқанда, хакерлік шабуыл. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар былтыр да, биыл да болды. Биыл министрдің тікелей шешімімен мемлекеттік комиссия құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараттық қауіпсіздік бойынша арнайы мамандары қосылды. Солармен де жұмыстар жүргізілді. Ондай деректер анықталса, нәтижелерін жоямыз. Былтыр ҰБТ толық аяқталғаннан кейін барлық видеожазба мен цифрлық іздер тексеріледі. Осылайша, қыркүйекте 153 талапкердің нәтижесін жойдық. Оның 137-сі - мемлкеттік грант иегері. 50 пайыздан астамына хакерлік жол арқылы көмек берілген және жоғары балл алып берілген. Ол анықталды. Былтыр постмониторинг бойынша 212 талапкердің нәтижесін жойдық. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Постмониторинг бойынша 10-нан аса талапкердің нәтижесі жойылды. Былтыр 25 тамызға дейін тексерсек, биыл 31 қазанға дейін қарауға құқығымыз бар. Баланың қолындағы сертификаттың жарамдылық мерзімі біткенше грант нәтижесін жоюға құқығымыз бар", - деді ҰТО директоры.

elements.envato.com

Биыл түлектердің нәтижелері қазанға дейін қаралады. Емелбаев кімдер бірінші кезекте тексерілетінін айтты.

"Бірінші кезекте бірнеше тест тапсыру мүмкіндігінде алған балдары үлкен айырмашылық көрсеткендер тексеріледі. Екіншіден, әлеуметтік желілер мен WhatsAPP нөмірі арқылы келетін хабарламалар бар. Өйткені өңірлерде аралаған кезде де ережебұзушылыққа куәгер болса, хабар беруі керек екенін, жасырындыққа кепіл беретінімізді айтамыз. Кейбір кезде осындай хабар жіберген ата-аналар, талапкерлер "әлі нәтижесі жойылмады ғой" деп жатады. Оған толық көз жеткізуіміз керек. Комиссия шешімімен ғана нәтижесі жойылады. Егер ережебұзушылық анықталса, талапкер оқудан ғана шығарылады, стипендиясын қайтармайды", - деді ол.

Талапкер 5 рет ҰБТ тапсырады: одан қандай өзгеріс бар?

Қазір талапкерлер 5 рет тест тапсыра алады. ҰТО директоры бұдан оқушыларға қандай көмек бар екенін айтты.

"Бес тесттің ішінде үшеуі ақылы. Яғни қаңтар, наурыз, тамыздағы тесттер. Бұлардың сертификаты жоғары оқу орнында ақылы бөлімде оқуға жарамды. Талапкерлердің тағатсыздана күтетін тесті, балалардың тілімен айтсақ, шынайы, негізгі, нағыз ҰБТ, сертификаты грант конкурсына жарамды ҰБТ жазда, мамыр мен маусымда өтеді. Мұнда да екі мүмкіндік беріліп отыр. Екі мүмкіндікті де тапсырады, нәтижесі ең жақсы болғанын грант конкурсына тапсыра алады. Ең маңыздысы электрон форматқа өткеннен кейін талапкерлер өздері онлайн тіркеледі, тапсыратын күндерін, уақыттарын, тапсыратын жерлерін өздері таңдайды. Аудитория кейін белгілі болады. Талапкерлерге шектеу қоймаймыз. Астанада оқып жүрген талапкер белгілі бір себептерге байланысты басқа бір өңірге баратын болса, кез келген қаладан алдын ала тіркеліп ҰБТ тапсыра алады. Талапкерлер ақылы ҰБТ тапсырмаса болады, бұл - өз еркі. Мысалы, талапкер қаңтарда тест тапсырып, өзіне қажет шекті балды жинап алса, ақылы оқимын десе, сол сертификатпен жоғары оқу орнында ақылы бөлімде оқи алады. Келесі тесттерді тапсырмаса болады", - дейді Емелбаев.

Ұлттық бірыңғай тестті мектептің жауапкершілігінен алып тастау дұрыс па?

Қоғамда тестті мектептің жауапкершілігінен алып тастамау керек, мектепке қайтару қажет деген секілді пікірлер жиі айтылады. ҰТО директоры бұған қатысты ойын айтты.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

"ҰБТ-да сұрақтар мектеп бағдарламасы негізінде, мектеп оқулықтары негізінде құрастырылады. Мектеп бағдарламасынан тыс сұрақтар сұралмайды. Екінші жыл қатарынан қай тақырыптар, қай тақырыпшалардан сұрақтар келетінін, қай оқулықтардан келетінін, қай тақырыптан қанша сұрақ келетінін, тест жоспарын Ұлттық бірыңғай тестілеу сайтында оқу жылының басында жариялап отырмыз. Қоғамда "мектепке қайта қайтарып беру керек" деген секілді түрлі пікір айтылады. Бұрын бұл мектептер, өңірлер арасынадағы жарыстарға себеп болды. Ол әртүрлі қитұрқы әрекеттердің жолын ашты. ҰБТ тек жоғары оқу орнына түсу емтиханы болуы - психологиялық тұрғыдан балаларға өте үлкен жеңілдік. Балаға жауапкершілік сезінуге де үлкен септігін тигізеді", - дейді ол.

Қазір сұранысқа ие мамандықтар қандай?

Руслан Емелбаев талапкерлер арасында қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін атады.

pexels.com

"Көш бастап тұрған мамандықтар бар. Бұл, әрине, стоматология мамандығы. Биология-химия бағытын тапсыратын талапкерлер арасында өздерінің әзілдері бар. Олар қалжыңдап "стоматология мамандығына 100 пайыз түсетініңе сенімді болғың келсе, 140-тан 140 алу керек" дейді. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, сұранысқа ие мамандық. Екіншіден, стоматологияға грант аз бөлінеді. Биыл 20 грант бөлінді. Халықаралық қатынастар және дипломатия мамандығына 80 грант бөлінді. Кейінгі кезде педагогикалық мамандықтарға да қызығушылық жоғары деңгейде. Педагогикалық мамандықтар ішінде көш бастап тұрған екі мамандық бар, оларға бәсекелестік жоғары. Олар - математика мұғалімдерін даярлау және шет тілі мұғалімдерін даярлау. Бұл мамандыққа тапсырған түлектердің балы да жоғары", - дейді ол. 

Келесі жылы түлектерді қандай өзгерістер күтіп тұр?

Алдағы жылдары ҰБТ-да бірқатар өзгеріс болуы мүмкін.

"Ешқандай өзгеріс төбеден жай түскендей емес, бәрі кезегімен болады. 2024 жылы кішігірім өзгерістер жоспарланып отыр. Ол да талқылану барысында. Басымдықты бейіндік пәндерге беруді жоспарлап отырмыз. Бейінді пәндерге берілетін сұрақтар санын өткен жылдарға қарағанда көбейтейін деп отырмыз. Одан кейін шығармашылық тапсыратындарға қатысты да бір өзгеріс болады. Қазір шығармашылыққа баратындар бір бағыт, бір университет қана таңдайды. Оларға бірнеше университет таңдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Іске асатын болса, шығармашылық таңдайтындар үшін үлкен жеңілдік болады", - дейді ҰТО директоры.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Сондай-ақ, қоғамда докторантура дәрежесінде кейбір мамандықтар үшін ағылшын тілін талап ету дұрыс емес екені жиі қозғалып жүр.

"Бұл мәселе қоғам мен қатар министрлікте де талқыланып жатыр. Қазір министрліктің тапсырмасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Докторантураның форматына байланысты тіл мәселесі өзекті болып көтеріліп отыр. Биыл бұрынғы формат бойынша қабылданады. Бірақ келесі жылдары бұған байланысты өзгерістер күтіліп отыр. Ағылшын тілі де ең өзекті мәселенің бірі ретінде жұмыс тобы тарапынан қаралып жатыр. 2024 жылы докторантура, магистратураға қабылдау емтихандарында өзгерістер болады. Ең өзектісі "кейбір бағыт, кейбір мамандықтарға ағылшын тілін тапсыруы қаншалық дұрыс деген" мәселе болып отыр. Талап етілмеуі мүмкін. Бірақ жұмыс тобы жұмысын жүргізгеннен кейін министрлік тарапынан нақты шешім шығады. Қазір үзілді кесілді айту дұрыс емес", - дейді Руслан Емелбаев.

Айта кетейік, ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев ҰБТ қорытындысы туралы айтқан еді. Оның сөзінше, 18 мамыр мен 5 шілде аралығында барлығы 304 мың түлек тестілеуге өтініш білдірді. Солардың 76 пайызы қазақша тест тапсырды. 79 пайыз шекті балл алды. Былтырғы жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға өсті. Сонымен қатар, биыл ҰБТ орташа балы - 70, бұл былтырғы көрсеткіштен 3 балл жоғары.

Құжатты қайда тапсыру керек? Биыл ең көп грант бөлінген мамандықтар айтылды

Еске салайық, бұған дейін биылғы білім гранттарының нәтижесі қашан жарияланатыны белгілі болғаны хабарланған еді. Сондай-ақ, кеше 2023 жылғы грант нәтижесі жарияланды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова