- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "140 балл алу...
"140 балл алу оңай болып кетті ме?" Министрлік ҰБТ туралы басты сұрақтарға жауап берді
Биыл ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлек ел аузында. Кейінгі кезде 120 балдан асырып жинайтын тест тапсырушылар көбейген. Министрлік сұрақтарды жеңілдетті ме? Түлектердің көпшілігі қай саланы таңдаған? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Қанша түлек шекті балл жинай алды?
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, ҰБТ басталғалы шекті балды 77 пайыз талапкер жинады. Ал 23 пайызы шекті балға жете алмаған.
Елімізде "Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" кемінде 70 балл, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" мамандықтары үшін кемінде 60 балл (ұлттық ЖОО үшін); ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.
Midjourney
Биылғы ҰБТ қорытындысы орташа бал - 69 балл.
140-тан 140: рекорд орнатқандар кімдер?
ҰБТ өткізілген алтынша аптада Алматы облысының түлегі ең жоғары 140 балл жинады. Талапкер ҰБТ-ны "Математика-Информатика" комбинациясы бойынша 27 маусымда Алматы облысының Есік қаласында тапсырған.
Алматы облысының Білім басқармасы мәліметінше, 140 балл жинаған түлек Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы №22 жалпы білім беретін орта мектепті тәмамдаған. Рекорд орнатқан Жаннұр Еңсебек - Алтын белгі иегері.
Алматы облыстық Білім басқармасы
Министрлік мәліметінше, соңғы рет 2021 жылы ҰБТ нәтижесі бойынша 140 балды Павлодар облысының түлегі жинаған, ал 2018 жылы Алматы қаласының түлегі жинады.
Жоғары балл көп: тест сұрақтары жеңілдеді ме?
Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ нәтижесіне қатысты кейінгі жылдардағы ресми мәліметтерді жариялады.
- 2022 жылы 154 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Тестілеу қорытындысы бойынша 103 мыңнан аса талапкер шекті балл жинады, бұл - қатысушылардың жалпы санының шамамен 67 пайызы. ҰБТ орташа балы 66 балл болды. 2022 жылы тіркелген ең жоғары балл - 139 балл. 3179 талапкер 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.
- 2023 жылы 162 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл - қатысушылардың жалпы санының шамамен 83 пайызы. ҰБТ орташа балы - 73 балл. Бес адам ең жоғары көрсеткіш көрсетіп, 137 балл жинады. 2868 түлек 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Ресми статистика мектеп бітіруші түлектердің нәтижесі жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Осы орайда "тест сұрақтары бұрынғыға қарағанда жеңілдеді ме?" деген заңды сұрақ туындайды. Министрлік өкілдері сұрақтар қалай әзірленетінін түсіндірді.
instagram.com/ruslan_yemelbayev
Ведомство мәліметінше, ҰБТ пәндері бойынша тест тапсырмалары мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім беру стандартына, жалпы білім беретін пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес әзірленеді. Дегенмен кейбір жылдары бірқатар өзгеріс енгізілген:
- 2022 жылы ҰБТ-ның базасына "Қазақстан тарихы" пәні бойынша контекстік тест тапсырмалары енгізілді. Яғни 15 сұрақтың 5 сұрағы - контекстік сұрақтар, мәтінді оқып сұрақтарға жауап беру қажет.
- 2023 жылы "Қазақстан тарихы" және "Оқу сауаттылығы" пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. "Қазақстан тарихының" бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады, "Оқу сауаттылығынан" 15 тест сұрағы ұсынылады.
- 2024 жылы "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.
Министрлік түлектерге жағдай жасау мақсатында қолайлы мүмкіндіктер қарастырылғанын да еске салды.
- Талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында ҰБТ-ға дайындалу үшін 2023 жылы онлайн сынақ тестілеу іске қосылды. Сынақ талапкерлерге білім деңгейін тексеруге мүмкіндік берді.
- 2021 жылдан бастап білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіледі.
- Жыл сайын оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында әр пән бойынша тест спецификациясы, тест жоспары, "Қазақстан тарихы" және "Дүниежүзі тарихы" пәндері бойынша 100 дата тізімі, "Информатика" пәні бойынша үш тілде терминдер тізімі, "Қазақ әдебиеті" және "Орыс әдебиеті" бойынша шығармалар тізімі жарияланады.
- 2023 жылы ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданады. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ, кәмелет жасына толмағандардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі.
- Тестілеу барысында калькулятор мен Менделеев кестесі компьютер экранында қолжетімді болады. 2023 жылдан бастап негізгі ҰБТ-да түлектерге Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесінің қағаз нұсқасы беріледі.
- 2023 жылдан бастап "Информатика" пәнін қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады.
- 2022 жылдан бастап тестілеу аяқталған соң әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау қолжетімді. Балалар өз нәтижелерін ғана емес, сондай-ақ, қандай тақырыптардан қате жібергенін көріп, ҰБТ-ның екінші мүмкіндігіне дайындала алады.
Қанша грант бөлінді, түлектер қай пәнді көбірек таңдады?
2024-2025 оқу жылына бакалавриатқа 77 844 грант бөлінген. Министрліктің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, 2024 жылғы негізгі ҰБТ-да талапкерлердің 16 пайызы "Математика-Физика", 16 пайызы "Биология-Химия", 13 пайызы "Шығармашылық", 11 пайызы "Математика-Информатика" пәндерін таңдаған.
Министрліктің баспасөз қызметі
"Талапкерлер мамандықтарды 13-20 шілде аралығында (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері үшін 13-24 шілде аралығында) грант конкурсына құжат қабылдау барысында таңдайды", - деп жазылған ресми жауапта.
Түлектер қай тілде ҰБТ тапсырғанды жөн санайды?
ҰБТ басталғаннан бері, яғни 16 мамыр мен 27 маусым аралығында 264 мың рет тест тапсырылған. Соның ішінде талапкерлердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 197 адам ағылшын тілінде тест тапсырған.
Салыстырмалы түрде 2022 жылы 154 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Оның ішінде түлектердің 76 пайызға жуығы қазақ тілінде, 24 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызыы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
instagram.com/testcenterkz
2023 жылы 162 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Оның ішінде түлектердің 76,16 пайызға жуығы қазақ тілінде, 24,74 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Еске салайық, бұған дейін Massaget.kz тілшісі ҰБТ, грантқа қатысты маңызды сұрақтардың жауабын білу үшін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевпен эксклюзив сұхбат жасады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова