13 кенші ем алып жатыр: "Қазақстан" шахтасында зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

"Қазақстан" шахтасының 13 кеншісі Қарағанды облысының медициналық мекемелерінде ем қабылдап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі eKaraganda.kz-ке сілтеме жасап.

Ал 19 тамызда қаза тапқан бесінші кеншінің денесі жер бетіне шығарылған. Бес кеншіні іздеу қайғылы оқиғадан бастап үш күн бойы жалғасқан. 

"АрселорМиттал Теміртау" тау-кен сегменті атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай шахтадағы жағдайды айтты.

"Шахтадағы жағдай қалыпты. Бүгінде "Қазақстан" шахтасының 672 қызметкері көмір департаментінің басқа кәсіпорындарына ауыстырылды", - деді Сергей Огай.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова стационарда емделіп жатқан кеншілердің жағдайын мәлімдеді.

"13 науқас ем алып жатыр, сегізінің жағдайы орташа ауыр. Бес кеншінің жағдайы қанағаттанарлық, олар барлық қажет емді алады", - дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды ​​облысында шахта өртенгені хабарланған еді. Кейін екі жұмысшы өлі табылғаны хабарланған еді.

Сонымен қатар, "Қазақстан" шахтасындағы өрттен зардап шеккендер саны сегіз адам болғаны айтылды.

Кеше "Қазақстан" шахтасындағы өрт әлі сөндіріліп жатқаны белгілі болды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!