- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 1 наурыз -...
1 наурыз - алғыс айту күні
"Алғысым шексіз!". Наурыз айы мерекелік құттықтау, бір-біріне деген ыстық ықылас пен ризашылық сөздермен басталады. 1 наурыз – алғыс айту күні, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1 наурыз - Алғыс айту күнін тойлаудың тарихы
Экс президент Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы "Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері елімізде 1 наурыз күні алғыс айту күні аталып өтіледі.
1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанын ескерсек, Алғыс айту күнінің неліктен дәл осы күні тойланатынын түсінуге болады. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын күн. Қазіргі таңда отанымыздың түкпір-түкпірінде әртүрлі ұлт өкілдері ел ертеңіне үлес қосып, еңбек етіп, бейбіт өмір сүріп жатыр.
"Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамды өз туғанындай қабылдаған қазаққа алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді", - деген еді тұңғыш Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында.
Бұл күні ел арасында "Кім кімге алғыс айту керек?" деген де сұрақ туады. Бұл күнді өзге ел ұлттарының қазаққа алғыс айту күні ретінде атап өтілу ұсынылғанымен, жақындарыңызға немесе достарыңызға "рақмет" айтудың артығы жоқ деп санаймыз.
Сондай-ақ, 1 наурыз көктемнің басы, жаймашуақ өмірдің, тіршіліктің жанданатын уақыты. Адамдар қыстан аман шығып, қой төлдеп, көк өскін өніп шығатын кез. Ендеше, наурыздың бірінші күні де қуаныш. Алғыс айту бірлікке, татулыққа һәм ынтымаққа шақырудың басы. Қазақта "Алғыспен ел көгерер", "Алтын алма, алғыс ал: алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы" деген мақалдар бар. Адам бір-біріне алғыс айту арқылы көңілде жүрген өкпе-ренішін жуып-шаяды. Кішіпейілдік танытып, жылы ілтипат білдіру адамдар арасында жақсы қарым-қатынас орнатары сөзсіз. Сондықтан жақын-жуықтарыңызға, көптен араласпаған таныс-тамырыңызға хабарласып, жасаған жақсылығын еске алып, алғыс айтуды ұмытпаңыз. Мерекені сезіну және сезіндіру өз қолымызда.
Оқи отырыңыз: Алғыс айту күні өзге елдерде қалай тойланады?
А. Жапатова