Ұлыбритания патшайымы II Елизавета 97 жасына қараған шағында қайтыс болды. ІІ Елизавета әлем елдеріне жақсы таныс. Ұлыбритания тарихында бұған дейін де, яғни төрт ғасыр бұрын І Елизавета болған. І Елизавета мен ІІ Елизавета арасында қандай ұқсастық болған? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
І Елизавета және ІІ Елизавета деген кім?
І Елизавета - Англия патшасы VIII Генрих Тюдор мен Анна Болейннің қызы, ол Англия мен Ирландия патшайымы болған. Патшайым 1533 жылы 7 қыркүйекте дүниеге келген. І Елизавета 1558 жылы 17 қарашада таққа келіп, 1603 жылы қайтыс болғанға дейін тақта отырған.
ІІ Елизабет (Елизабет Александра Мария) - Альберт ханзаданың және Елизабет Боуз-Лайонның үлкен қызы, ол да Ұлыбритания патшайымы болған. Патшайым 1926 жыл 21 сәуірде дүниеге келген. 1952 жылдан бастап 2022 жылға дейін Ұлыбритания патшайымы болған әрі Ұлыбритания тарихында ең ұзақ билік еткен монарх ретінде қалған.
Екеуі де билікте ұзақ отырған
І Елизавета 1558-1603 жылдар аралығында тақта 45 жыл отырған. Ал ІІ Елизавета тақта 1952-2022 жылдар аралығында 70 жыл отырған. Екеуінің де билік еткен жылдары тарихта "алтын ғасыр" әрі Ұлыбритания халқының бейбіт, тыныш шағы ретінде қалған.
Бірі 25 жаста, бірі 26 жаста таққа келген
І Елизавета 25 жасында таққа отырса, ІІ Елизавета 26 жасынан бастап билікке келген. Бір қызығы, ІІ Елизаветаның әкесі VI Георг патша 1952 жылғы 6 ақпанда дүниеден өткен. Ал сол күні ІІ Елизавета жұбайымен Кенияда демалыста болған. Бірақ соған қарамастан ол Ұлыбритания патшайымы деп жарияланады.
Екеуі де таққа бірден келмеген
І Елизавета Англия патшасы VIII Генрих Тюдор мен Анна Болейннің қызы екені белгілі. 1534 жылы патша өсиетімен Анна қайтыс болған жағдайда тақ мұрагері болып Елизавета тағайындалатыны көрсетіледі. Алайда 1536 жылы Анна Болейн мемлекеттік сатқындық жасады әрі ерлі-зайыпты арасында опасыздыққа барды деген айыппен өлім жазасына кесіледі. Сөйтіп, құжат өзгертіліп, Елизавета VIII Генрихтің бірінші некеден туған қызы Мария сияқты некесіз туған бала ретінде жарияланады. Кейін VIII Генрих Джейн Сеймурға үйленеді, одан 1537 жылы ұлы Эдуард дүниеге келеді. 1544 жылы VIII Генрихтің өсиеті бойынша, Эдуард қайтыс болса әрі оның мұрагері болмаған жағдайда таққа отыру құқығы І Марияға және оның балаларына, содан кейін ғана Елизаветаға және оның балаларына тиесілі деп өзгертіледі. Осылайша, 1558 жылғы 17 қарашада І Мария қайтыс болғаннан кейін Елизавета таққа отырады.
Ал ІІ Елизавета туғаннан Йорк герцогинясы атанған әрі Уэльс ханзадасы Эдуард пен әкесінен кейін үшінші мұрагер болған. Эдуард ханзада жас әрі жанұя құрып, балалы болуға тиіс болғандықтан, алғашында Елизавета таққа отыратын үміткер ретінде қарастырылмаған. Алайда 1936 жылы V Георг қайтыс болуына байланысты ол он бір айдан кейін тақтан бастартуға мәжбүр болған. Осылайша, патша тағына Альберт (VI Георг), яғни Елизаветаның әкесі отырған, ал 10 жастағы Елизабет тақ мұрагері атанып, ата-анасымен Кенсингтоннан Букингем сарайына көшіп келген.
Екеуі де Ұлыбританияға қызмет ету жолын таңдаған
І Елизавета халық жақсы көретін монархтардың бірі болды. Ол тұрмысқа шығудан бас тартып, өмірін ұлтына арнайтынын мәлімдеген. Осыған орай халық арасында "Пәк патшайым" деген атауға да ие болған. Ал ІІ Елизавета өзінің 21 жасқа толуы қарсаңында радиодан өмірін ұлыбританиялық монархия үшін арнайтынын айқын көрсеткен.
Хоббилері
І Елизавета музыканы жақсы көрген, сондай-ақ, керемет би билеп, шахматта ойнаған. Ол итальян, француз, грек және латын тілдерін білген, көп оқыған, әсіресе, латын классикасын ұнатқан. Тіпті әдеби аудармалар жасаған. Ал ІІ Елизаветаның қызығушылығы сәл басқаша болған. Ол атқа отыруды жақсы көрген әрі марка жинаған. Сондай-ақ, ІІ Елизавета шетел тілдерінен француз тілін білген.
Ұнатқан тәттілері
І Елизаветаның әлсіз тұсы - тәтті болған. Ол жеміс-жидек пен марципанды (бадам және қант шәрбәтінің қоспасы - еск.) ұнатқан. Ал ІІ Елизавета шоколад қосылған торт, печенье мен кекстерді жақсы көрген, бірақ тек кішкене бөлігін жеген, өйткені ол тағамға тәртіппен қараған.
Еске салайық, бұған дейін II Елизавета туралы қызық деректерді ұсынған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!