Сергей Майборода, "Tengri FM" радиосының жүргізушісі: "Бұл жүлде тарихта қалатын үлкен жоба"

Сергей Майборода, "Tengri FM"  радиосының жүргізушісі: "Бұл жүлде тарихта қалатын үлкен жоба"

Желтоқсан айының 2-жұлдызында Алматы қаласының басты сахнасы Республика Сарайында Қазақстанның рок-музыка саласындағы Тұңғыш Ұлттық Жүлдесі өтеді. Елімізде алғаш рет өткізілетін рок-жүлде жайлы «Tengri FM» радиосының жүргізушісі Сергей Майбородамен сұхбаттасқан едік.

- Сергей, әңгімемізді тұңғыш мәрте өткізілетін Қазақстандық рок-жүлдеден бастасақ

- «Tengri FM» радиосы ашылғалы бері қазақстандық рок-музыканттарды қолдап, олардың есімдерінің кеңінен танылуы мен шығармашылығының дамуына ықпал етіп келеді. Біздің радио 2010 жылдың 24 ақпанында 107,5 жиілігінде іске қосылып, сол жылдың күзінде «На вершине Тенгри» жобасы жарыққа шығарылды. Бұл жоба аясында отандық рок-музыканттар өз шығармаларын радиоға жіберіп, өздерін таныстыра бастады. Радиодан олардың шығармаларын тегін беруге мүмкіндік беріп келеміз. Екі жыл ішінде радиоға Қазақстанның түкпір-түкпірінен үш мыңнан аса шығарма жіберілді. Жүз елуден астам рок-орындаушылардың ішінен ең үздік деп танылғандары жобаға қатыстырылып, радио ұйымдастырған рок-концерттерде өнер көрсетті. Енді, міне, нағыз жүйріктердің есімін елге таныстырудың сәті туып отыр. Сол себептен үздіктерді анықтап, Қазақстанның рок-музыка саласындағы Тұңғыш Ұлттық Жүлдесін өткізгелі жатырмыз. Рок-орындаушылардың қатысуымен үлкен кеште үздіктердің есімі аталынып, оларға жүлделер табысталатын болады. «Rock Award»Бұл тарихта қалатын ауқымды іс-шара деп айтуға болады.

- Рок-жүлделер қандай номинациялар бойынша марапатталатын болады?

- Әділқазылар алқасы жүлделерді «Ең үздік вокал», «Ең үздік поэзия», «Ең үздік трек», «Ең үздік аранжировка» номинациялары бойынша табыстайтын болады. Сондай-ақ, «Ғаламтор таңдауы» атты арнайы номинация жеңімпазын тыңдармандар ''Tengrifm.kz'' сайтында дауыс беру арқылы анықтайды. Қазақстан сахнасында 10-15 жылдан аса уақыт өнер көрсетіп жүрген рок-музыканттар өзара «Рокқа деген адалдығы үшін» номининациясы үшін сайысқа түседі.

- Ал жеңімпаздар қалай анықталатын болады?

- Іріктеліп алынған топтардың шығармалары әділқазыларға жіберіледі. Содан кейін олар өзара дауыс беру арқылы жеңімпаздарды анықтайтын болады. Жеңімпаз есімі Республика Сарайында белгілі болады. Әділқазылар құрамында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерватория ректоры Жәния Әубәкірова, NS радиосының Ноэль Шаяхметов, музыка сыншылары Нұрберген Махамбетов пен Евгений Бычков, кино сыншы Олег Борецкий, танымал музыкант Фархат Ибрагимов, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко, альпинист Мақсұт Жұмаев, «Tengri FM» радиосының директоры Мадина Уморбекова, «Алаш Медиа Групп» медиа холдинг директоры Батыр Қазыбаев, продюсер Ерлан Стамбеков, әнші Ирэна Аравина сияқты жандар бар. Сонымен қатар, атақты «СерьГа» тобының мүшесі Сергей Галанин, «Город 312» тобының әншісі Светлана Назаренко, «Максидром», «Нашествие», «Чартова Дюжина» фестивальдерінің ұйымдастырушысы, продюсер Андрей Матвеевтер де әділқазылар құрамына енді.


- Қазақстандық рок-жүлде үшін сайысқа түсетін рок-орындаушыларды атап айтсаңыз

- Күні кеше жүлдеге қатысатын он алты рок-орындаушылардың есімдері анықталды. Көптің ішінен Motor-Roller, Blues Motel, "Субкультура", Fridays, "Жантик-Бэнд", "МайОлиКа", Paradox, Sugarfree Blues, "Асем", Nissa J, iFLY, Chance 2 Dance, Some Toir, Cry Baby, Tishina, "Па Кампасам", Che Francisco, Jazz Voda, Angry Ants, "Лабастерхэб", Hadn't tea топтары іріктелініп алынды. Бұл топтардың барлығы «На вершине Тенгри» жобасында өнер көрсеткен.

- Ал осы аты аталған топтардың арасынан өзіңіз кімді ерекшелеп атар едіңіз?

- Менің ойымша, сайысқа түсетін әрбір топтың өз тыңдарманы, өз жанкүйері бар. Әрқайсысы ерекше қошемет пен құрметке ие. Өзіме келер болсам, әрине, менің де көңіліме жақын орындаушылар бар. Бірақ, олардың есімдерін атамай-ақ қояйын, әзірге құпия болып қалсын.

- Жақсы. Сергей, қалай ойлайсыз, бүгінгі қазақстандық роктың жағдайы қандай?

- Жаман емес. Өкінішке орай, біздің рок орындаушылар осы күнге дейін өз туындыларын жертөледе, аядай ғана бөлмелерде, шағын студияларда жазып жүрді. Оларды көбі аса тани қоймайтын. Бүгінде олардың есімдері біртіндеп белгілі болып келеді. Шығармалары да жаман емес. Көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Мысалы, біздің радио осындай орындаушыларды қолдау және қазақстандық рокты дамыту мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда, менің ойымша, қазақстандық рок шарықтау үстінде. Рок-орындаушылардың көпшілікке көрсетер өнері бар. Әлі талай туындылар жарыққа шықпай, шаң басып жатыр. Олардың барлығы алдағы күндері жарыққа шығып, кеңінен танылуына еш күмәнім жоқ.

- Әңгімеңізге көп рахмет, Сергей! Біздің оқырмандарымызға айтар тілегіңіз

Барлық оқырмандарға үлкен табыстар мен сәттілік тілеймін! Алдағы күндеріңіз қуаныш пен шаттықтарға толы болсын! Сондай-ақ, баршаларыңызды 2 желтоқсанда өтетін Қазақстанның рок-музыка саласындағы Тұңғыш Ұлттық Жүлдесін марапаттау концертіне шақырамын. Есте қаларлық керемет кеште жүздесейік, достар!

Сұхбаттасқан: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: Сергей Майбороданың жеке мұрағатынан алынған

Ғ. Ұзақ