Рок-музыка саласында тұңғыш ұлттық сыйлық табыс етіледі

Рок-музыка саласында тұңғыш ұлттық сыйлық табыс етіледі

Желтоқсанның 2-сі күні рок-музыка саласындағы Бірінші ұлттық сыйлықты табыс ету салтанаты өтеді. Сапалы дыбыс пен жанды музыканың дамуына қолдау көрсететін Tengri FM радиосы марапатқа ұсынылатын ұжымдар мен орындаушылардың тізімін жария етті. Tengri FM радиостансысының екі жылдан бері «Тенгри биігінде» атты жобаны жүргізіп келе жатқаны белгілі. Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен рок-музыка бағытындағы өнер ұжымдары қатысып, өз шығармаларын бәйгеге қосып тұрады. Таза, адал музыка саналатын осы өнердің дамуына, оның отандық өкілдерінің өзіндік беделінің қалыптасуына үлесін қосып келе жатқан арнайы жоба үлкен рок фестивальдері түрінде кезең-кезеңмен қорытындыланып отырды. Бұл мерекелерге құрлыққа танымал болған «Чайф», «Ю-Питер», «Танцы минус», «СерьГа», «Би-2» және «Zемфира» топтары мейман ретінде қатысты.

Енді «Tengri FM» еліміздің рок-музыкасы өкілдері үшін тұңғыш ұлттық сыйлықты тағайындады.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, олардың қатарында Motor-Roller, Blues Motel, «Субкультура», Fridays, «Жантик-Бэнд», «МайОлиКа», Paradox, Sugarfree Blues, «Әсем», Nissa J, iFLY, Chance 2 Dance, Some Toir, Cry Baby, Tishina, «Па Кампасам», Che Francisco, Jazz Voda, Angry Ants, «Лабастерхэб» және Hadn't tea аталатын топтар бар. Дені - жас ұжымдар. Олар «ерлер вокалы», «әйелдер вокалы», «үздік трек», «үздік аранжировка», «поэзия» және басқа да аталымдар бойынша марапатталмақ. Ал байқауға әйгілі «СерьГа» тобының жетекшісі Сергей Галаниннің өзі, продюсер, Ресейдегі бірнеше рок-фестивальдің ұйымдастырушысы Андрей Матвеев және «Город 312» тобының вокалисі Светлана Назаренко (Ая), қазақстандық музыка сарапшылары - Евгений Бычков, Нұрберген Махамбетов, меценат, продюсер Ерлан Стамбеков, әнші Ирэна Аравина, ҚР халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова, NS радиосының бас продюсері Ноэль Шаяхметов, альпинист Мақсұт Жұмаев, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко, киносыншы Олег Борецкий, музыкант Фархат Ибрагимов, «Алаш Медиа Групп» холдингінің президенті Батыр Қазыбаев және Tengri FM радиосының директоры Мәдина Өмірбековалар қазылық етеді. Бірінші ұлттық сыйлықты табыс ету салтанатына ресейлік белгілі музыкант, ақын Борис Гребенщиков пен оның әйгілі «Аквариум» тобы басты қонақ болып қатысады. 

Дайындаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: tengrifm.kz

М. Оңғарова