- Негізгі бет
- Музыка
- Нарқобыз - халық...
Нарқобыз - халық музыкасындағы алып аспап
Нарқобыз – ыспалы аспаптардың ішіндегі ішегі тарамыстан жуан етіп жасалған музыкалық аспабы. Ұлттық музыкалық аспаптардың ішіндегі ыспалы аспаптардың сипаты, құрылымы, жасалу және ойнау әдіс-тәсілдері жалпы түрік тектес халықтардың барлығына бірдей ортақ. Дегенмен нарқобыз аспабының жөні бөлек. Шығу тегі қобыз, сазген, егек аспаптарынан тарайды. Нарқобыз жер жүзіндегі қыл ішекті музыкалық аспаптардың ішіндегі ең ежелгі түрі болып есептеледі. Уақыт өте келе нарқобызды еуропалық үлгі-нұсқада ішектері сымнан жасалынған аспаптар (бас қобыз, виолончель т.с.с.) бірте-бірте ығыстырып шығара бастады. Көнеден келе жатқан нарқобыз белгісіз себептермен ұмытыла бастаған заманда қайта жаңғырып, бұл күндері кеңінен насихатталуда.
Тарихи деректерге сүйенер болсақ, нарқобызды бақсылар тәңірмен тілдескенде, жын-перілерді қашырғанда және өзге де діни рәсімдерде шалған екен. Сондай-ақ, аспап жаугершілік замандар мен әскери салттарда ұрандату, атой салу, рух беру мақсатында қолданылған.
Бұл аспаптың қылқобыз пен прима-қобыздан айырмасы оның жалпы тұрқы биік, адамның отырған бойымен шамалас, ұзындығы шамамен 1 метр болады. Нарқобыз басына жезден, темірден соғылған сылдымақтар мен қоңыраулар ілінген, ал қуыс ішіне металл сәлпеншектер, үкі не бүркіт құстарының тырнағы, қасқыр тісі, айна, үкі тағылады. Нарқобыздың құрылысы күрделі, шанағы үлкен, тұтас ағаштан шауып жасалады, беткі жағы ашық болады. Кейбір шеберлер нарқобыздың беткі жағын көн терімен жауып, қаптап тастайды. Ал аспаптың сырт жағына ою-өрнектер қашайды.
Шанағының үлкен болуына байланысты нарқобыз дауысы зор әрі жуан болып келеді. Боздаған нар түйенің дауысына ұқсайды. Нарқобызды тартқанда оның зор үні талай жерге дейін естіледі екен.
Нарқобыз аспабында ойнаудың ертедегі бақсы-жыраулар салған дәстүрі уақыт өте келе жоғала бастаған заманда Болат Сарыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты ел ағалары ұмыт бола бастаған аспаптарға жаңадан дем беріп, тірілткен еді. Олардың зерттеу жұмыстарың арқасында нарқобыз қайта жанданып, этно-фольклорлық ансамбльдер мен ұлттық аспаптар оркестрлерінде кеңінен қолданыла бастады.
Суреттер "Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары" кітабынан алынды
Ғ. Ұзақ