- Негізгі бет
- Музыка
- Музыка - өмірдің...
Музыка - өмірдің өзі
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй...
Абай
Тән мен жанның мөлт еткен әуенге қалай елітіп, селт еткенін сезесіз бе? Кейде өмірден баз кешіп, ешкім аяқ баспайтын алыс жерлерге кеткіміз келген кезде құлағымызға құлаққап тығып алып, оңашада баяу әннің ырғағымен түпсіз ойларға тереңдегіміз келеді.
Бесікке таянып айтқан анамыздың бесік жырын тыңдап өскен болсақ, сол әуеннің жайдан-жай айтылмайтынын, әжелеріміздің келіндеріне бесік жырын білмесе, не үшін жаттатқызатынын білер едік. Баяу айтылған ана үні бөбектің жанын тыныштандырып, тәтті ұйқыға кетуіне әсер етеді.
Жанның зерттеушілері музыканың адам жанын емдейтінін дәлелдеді. Табиғат сазы, түрлі жанрдағы музыкалар, музыкалық аспаптар үні жүрекке жетсе, адам миын кәдімгідей тыныштандырады екен. Музыка тек бір жерде ғана емес, бізге өмір бойы ілесіп өтеді. Тек әрбіріміз дауа болар музыкамызды адаспай тапсақ, болғаны. Бәлкім сіздің шипаңыз жаңбыр тырсылында, болмаса Моцарттың композицияларында, мүмкін қобыз үнінде, әлде бұлбұл әнінде шығар?
Адам жаны әрқашан әсемдікке құмар, сұлулыққа ынтық. Мысалы рок стилінде ән айтатындардың сыртқы келбеті айтарлықтай сұлу дей аласыз ба? Ал сұлулықты таппасаңыз, рок табынушылары жер бетінде неліктен көп? Сұлулық - музыкада.
Қоғамдық орталарда, мәселен супермаркеттерде әдемі әуендер қосып қояды. Түрлі физикалық жаттығуларды да баяу әннің ырғағында жасаймыз. Үй жинағанда көбіміз музыканы қосып қойып, жинап жатамыз. Романтикалық кештер де баяу әуенсіз өтпейді.
Дегенмен, бұл құлаққапты құлағыңыздан тастамаңыз деген сөз емес. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жаныңызға жылы музыканы адаспай тапсаңыз, ол сіздің шипаңыз болмақ. Музыканың психологияға әсері туралы "Музыка мен мінез" атты жазбамызда да айтып өткен болатынбыз.
Би өнері адамның көру қабілеті арқылы сезілетін өнер. Дегенмен, әуенсіз би жүрекке жеткілікті түрде әсер ете қоймайды. Ал сөз өнері саналатын әдебиеттің өзі ырғақ. Поэзия ол да әуен. Өмірдің өзі - музыка...
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: vk.com, clipart.net.ua
Р. Роза