- Негізгі бет
- Музыка
- Қазақстандық жанкүйер бойжеткен:...
Қазақстандық жанкүйер бойжеткен: "Нағыз қазақ жігіті Димаштай болсын"
Димаш Құдайбергеновтың қазақстандық жанкүйері 22 жастағы студент Балжан Айдынқызы өзі жақсы көретін әнші туралы ой-пікірін ашық айтты. Біз Балжаннан сүйікті әншісі туралы шағын сұхбат алдық.
Балжан Айдынқызы
– Димашты не үшін жақсы көресіз?
– Біріншіден, Димаштың қарапайымдылығы мені өзіне баурайды. "Славян базары" байқауында жеңімпаз болғаннан бері Димашқа жанкүйермін. Өмірде бір-ақ рет көрдім. Ол жақында Алматы қаласына ұшып келгенде, әуежайға бардым. Қасындағы досы Алпамыс Шәрімов: "Ренжімеңіздер, біз Астанаға ұшып барамыз, сондықтан фан-кездесу ұйымдастыра алмаймыз" деді. Димаштың өзін көріп, қолтаңбасын алып, суретке түскенімізге риза болып қайттық. Сол кезде Димаш бізге ренжіген жоқ. Өзі жолдан шаршап келсе де, бізге қарап күлімдеп: "Қазақ еліне алғыс айтам, әрдайым мені қолдап жүргендеріңізге рақмет" деді. Аяқ астынан жиналғандықтан әрі "келе ме, келмей ме" деп екіұдай ойда барғандықтан, Димашқа үлкен сыйлық жасай алмадық. Қытайда ұшаққа билет алған адам тізімі арнайы сайтта жарияланады, ал бізде ондай жоқ, сол себепті ресми мәлімет алу өте қиын. Сол күні әрбір Dears (Димаштың жанкүйерлерінің ортақ атауы, - ред.) оған үлкен сәттілік тілеп қала берді. Тағы да айтқым келетіні, Димаш – өмірде өте қарапайым қазақ баласы. Алматы қаласында тұрғандықтан танымал әншілерді көп көреміз. Жанынан өткенде көзіне де ілмейтін "жұлдыздарымыз" бар. Ал Димаш болса, бүкіл жанкүйеріне көңіл бөліп, атағы қаншалықты аспандаған сайын соншалықты қарапайым қалпын сақтауда. Бізді сыйлады. Өзін күткеніміз үшін рақмет айтумен болды.
"Бұл – мен үшін ыстық сурет"
– Димаш Қазақстанда саны көп фан топ құра алған әншілердің бірі...
– 91 тобының жанкүйерлері Eaglez бен Димаш Құдайбергеновтың жанкүйерлері Dears-тың арасында кішігірім түсініспеушілік болды. Екі жақ: "Нөмір бірінші кім?" деген сұрақ төңірегінде дауласып қалды. Осы орайда Ninety One тобының фанаттары қателеспесін дегенді айтқым келеді. Ол топтың бағыты басқа, Димаштың жолы өзге! Димашты Ninety One-мен салыстырудың қажеті жоқ! Димаш – жоғарғы нотада ән айта алатын сирек дауысты әнші.
– Димаштың қытайлық фанаттары өте белсенді. Олар кумирімен бірге өмір сүреді деуге болады. Ұшаққа билет алып, әр басқан ізін аңдып жүретінін видеолардан көрдік. Ал қазақстандық Dears-тардың белсенділігі салыстырмалы түрде төмен көрінеді. Әлде бұл Қазақстандағы фанатизмнің бір көрсеткіші ме?
– Қазақ халқында фанатизм түсінігі жоқ! Фанатизм – адамға табыну. Ал біздің тәрбиемізге бұл жат. Қытайлықтар үшін ол – қалыпты жағдай. Тәрбиемізге тосын болғандықтан, мысалы, өз басым Димашты әуежайдан күтіп алуға барғанда тек шешемнен сұрандым. Әкемнен сұрануға қорқып, тек анама ескертіп кеттім. Әкем ондай нәрсені қабылдай алмайтынын білемін. Өйткені белгілі бір адамды әуежайдан құрметтеп күту алу деген бізде атымен жоқ нәрсе ғой. Димаш Қытайдан кеш батқанда ұшып келгендіктен, көп жанкүйер мектеп жасындағы оқушылар, жас студенттер болғандықтан, күтіп алуға ата-аналары жібермеді. Бірақ әкем менің басқа әншіге емес, Димашқа барғанымды инстаграмдағы суретімнен біліп қойыпты. Келген соң, әкем екеуміз сөйлестік. Ол да Димашқа риза екен, сондықтан бұл қадамыма ренжімейтінін айтты. Менталитет бойынша, қазақтар сүйікті адамын іштей жақсы көреді. Көшеден көріп қалса, қасына баруға батпайды. Әрі кетсе, қолтаңба алумен шектелеміз, ал хат жазып, сыйлық жіберу дегенді енді ғана біліп жүрміз. Айтпақшы Димашқа хат жазып қойдым. Әзірге хат өзімде тұр, кумиріме жолдағым келеді.
– Димаштың сізді баураған әрекетін, қасиетін санамалап айтып өтсеңіз.
– Димаш миллиардтаған халықтың алдында тек қазақ тілінде сөйлейтіндігімен сүйкімді. Үнемі "Қазақстанға келіңіздер" деп елімізге шақырып жүреді. Мінезіне келсек, сабырлы, өз-өзін ортада ұстай біледі. Ата-әжесі берген тәрбиесі көрінеді. Өте сыпайы, тәрбиелі. Еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы өз алдына бөлек әңгіме. Сондай-ақ сынды қабылдап, өзі жайлы айтылған теріс пікірден қорытынды шығара білетін жан ретінде білемін. Димаштың осы бір жақсы қасиеттері өскелең ұрпаққа үлгі. Нағыз қазақ жігіті Димаштай болсын.
Алматы әуежайында
– Сүйікті әншіңіздің ресми өкілдерімен байланысыңыз бар ма?
– Димашпен 10 жыл бойы дос болып келе жатқан бір досымен әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп тұрамын.
– Егер сол досы Димаш екеуіңізді кездестірем десе, кумиріңізге не айтар едіңіз?
– Әрине, қатты қуанам. Ол – менің арманым. Димашты түсімде көп көрем. Көп ойлағандықтан болар, түсіме ене береді (күліп). Димаш "тұрмысқа шық" десе де, ойланбас едім. Әрине, қалжың. Әр қазақ қызы Димаштай жігітпен тұрмыс құрсам деп армандайды деп сенемін. Жігіт ретінде де, өнер адамы ретінде де қатты бағалаймын.
– Қытайлық "I am a singer" ән байқауында нешінші орын алады деп болжайсыз?
– Оны дөп басып айту өте қиын. Бір білерім, үздік үштіктен көретініміз анық.
– Димашқа осы сұхбат арқылы лебізіңізді білдірсеңіз.
– Димаш, сізге үлкен рақмет! "Дайдидау" әнін орындаған кезіңізде, өзімнің қазақ қызы болып туғаным үшін мақтандым. Себебі қазақтың домбырасын, қазақ өнерін күллі әлемге паш еттіңіз. Өзіңізбен бірге қатты қобалжыдым, тебірендім. Өзіңізді тек биіктен көргім келеді. Байқауды аман-есен аяқтап, елімізге абыроймен оралыңыз.
Р. Роза