- Негізгі бет
- Музыка
- Жанар Дұғалова: «Леонардо...
Жанар Дұғалова: «Леонардо Ди Каприомен бірге фильмге түскім келеді»
Жанар Дұғалова – қазақ эстрадасындағы танымал, көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген әнші. Оның өзіндік табиғатын бағалайтын тыңдармандары да бар. Назарларыңызға әншімен болған сұхбатты ұсынамыз.
- Жанар, сәлеметсізбе, әңгімені дәл қазір айналысып жүрген жобаларыңыздан бастасақ. Қазір қандай жобалардың басы-қасында жүрсіз?
- Дәл қазір жаңа бейнебаянымның шығуына дайындалып жатырмын. Киноға түсуге бір-екі жерге шақырды. Сол ұсыныстарды ойланып жүрмін.
- Ал бейнебаяныңызды қай әнге түсіріп жатырсыз?
- «Айта берсін» атты әніме.
- Былтыр «Turkvizyon-2014» байқауында жеңімпаз атандыңыз. Бұл жеңісіңіз шығармашылық өміріңізге қалай әсер етті?
- Өмірім түбегейлі өзгерді деп айта алмаймын. Бірақ танымалдылығым артып, ұсыныстар көбейді.
- Баян Есентаеваның продюсерлік орталығында жұмыс істемейтініңізді білеміз. Дәл қазір продюсеріңіз бар ма?
- Ол кісімен әлі де алда талай жұмыс жасаймын. Композитор ретінде «Шайн продакшн» жобаларына ән жазуым мүмкін. Және өзге ұсыныстар түсіп, шақырып жатса, қуана-қуана барамын. Дәл қазір продюсерім жоқ, барлығымен өзім айналысып жүрмін.
- Шетелде танымалдылығыңызды арттырғыңыз келе ме?
- Әрине, шетелде танылғым келеді. Бұл өзімнің атымды шығарсам деген ой емес, мен қазағымның атын шығарғым келеді.
- Жеке өміріңізде өзгеріс бар ма?
- Әзірге маңызды өзгеріс жоқ.
- Жеке бизнеспен айналысу ойыңызда бар ма?
- Әрине, жеке бизнесімді ашқым келеді. Өкінішке орай, дәл қазір ондай мүмкіндігім жоқ.
- Талай жарысқа қатысып, жеңімпаз атанып, шыңдалып үлгердіңіз. Бойға жиғаныңызды өзгеге үйрететіндей дәрежеге жеткен сияқтысыз. Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?
- Болашақта шәкірт тәрбиелеуім мүмкін. Әзірге мен бұл дәрежеге жеттім деп айта алмаймын. Әлі уақыты келмеді, оның үстіне көп тәжірибе жинағым келеді.
- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
- Мүмкіндігінше ешкімнің ала жібін аттамай, абыройлы өмір сүргім келеді. Қолымнан келгенінше бәріне көмектесемін, келмесе, өзгеге жақсы өмір сүруге кедергі жасамаймын.
- Көкейіңізде жүрген алып арманыңыз бар ма?
- Иә, бар. Леонардо Ди Каприомен бірге бір фильмге түскім келеді.
- Жаңалықтарыңызбен бөліскеніңіз үшін көп рахмет! Алдағы уақытта шығармашылық табыстар тілейміз!
- Сізерге де рахмет!
Қ. Бүйенбай