Хатшы мен рэппердің орындауындағы "Gangnam style" биі

Хатшы мен рэппердің орындауындағы "Gangnam style" биі

Қазіргі таңда интернет пайдаланушылары арасында Youtube қызметін қолданбайтын жан кемде-кем шығар. Сол Youtube-тегі "Gangnam style" атты корей әнін сіз бір рет болса да естіген немесе көрген боларсыз. Қазір бұл ән әлем бойынша 560 000 000 астам рет қаралды. Бұл дегеніміз Корея халқы санынан 10 есе көп деген сөз. 

Енді кореялық рэппер, Youtube жұлдызына айналған PSY өзінің "Gangnam style" әніне отандасы әрі БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун мырзамен билеп көрді.

Бас хатшы мен PSY алдымен жұдырықтарын крест ретінде айқастырып, одан соң жүген ұстаған ат үстіндегі шабандоз секілді екі қолымен қатар қозғалып, "Gangnam style" биін көпшілік алдында билеп бір таң қалдырды. 

Би соңында Пан Ги Мун: "Ол өте жігерлі адам екен. Ол арқылы әлемдегі энергетикалық кризисті де жеңуге болады" деп әзілдеді. Сонымен бірге, хатшы музыканы дүниеде болып жатқан тұрақсыздықтар, теңсіздіктер мен әділетсіздіктерден құтқарушы деп атады. 

Ал қуанышын жасыра алмаған PSY  болса, өзінің Туиттердегі микроблогына: "БҰҰ бас хатшысымен кездесу менің өмірімдегі ең маңызды оқиға" деп ағынан жарылды. 

Жалпы "Gangnam style" бейнеклипі Корея астанасы Сеулдің "Каннам" атты сәнді ауданына арнап шығарылған. Бұл аудан 90 жылдардан бері кореялық ең сәнқой жастар жиналатын орынға айналған екен.     

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: gazeta.ru

Б. Қосмағамбет