- Негізгі бет
- Музыка
- Димаш Құдайберген және...
Димаш Құдайберген және Майкл Джексон
Димаш Құдайберген Астана Аренада 30 мың көрермен жинап, ауқымды кеш өткізді. Бұған дейін осындай шоу өткізуге отандық әншілер талпынған еді. Бірақ стадионды лық толтырып, естен кетпес шоу жасаған алғашқы әнші – Димаш Құдайберген болып отыр.
Бұл – Димаштың әлемдік сахнаға жасаған қадамы десек, артық емес. Аты затына сай. "Бастау" (Bastau). Алғашқы жеке концертінде Димаш Құдайберген сахна патшасы Майкл Джексонға құрмет көрсетті. Ол Майкл Джексонның "Billie jean", "Dangerous" әнін айтып, атақты ай жүрісін бейнеледі.
Миллиардтардың жүрегін жаулаған аңыз адам Майкл Джексонның биін тағы бір мәрте көре отырайық.
Димаштың өнері.
Майкл Джексон өз концерттерінде жанкүйерлеріне үстіндегі пиджагын, шляпасын жиі лақтыратын. Бұл – әлемдік жұлдыздарға тән әрекет. Ол жанкүйер үшін естен кетпес естелік әрі кейінгі ұрпаққа өшпес мұра. Майкл Джексонның пиджагын қалай лақтырғанын мына видеодан көріңіз.
Димаш Құдайберген де осы әдемі дәстүрді ұстанып, тыңдармандарына шаттық сыйлады.
Халықтан биік адам жоқ. Кейбір өнерпаздар жұлдызы жанған бойда тыңдарманынан қашып, жанкүйерлеріне дөрекі мінезін көрсетіп жатады. Ал нағыз сахна адамы әр жанкүйерін шексіз сүйіп, оларды құрметтейді, сыйлайды. Майкл Джексон өз жолында құрбан болуға даяр әр жанкүйерін шексіз сүйді. Адал тыңдармандары Майклдың концерттерінде қарулы күзетке бағынбай сахнаға шығып кетіп жататын.
Димаш та жанкүйерлеріне ыстық ықыласын үнемі білдіреді. Кешегі концертінде алдыңғы қатарда тұрған адал тыңдармандарының қасына барып, оларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Әр әншінің өзіндік дара жолы бар. Теңдессіз поп-жұлдыз Майкл Джексон – бірнеше буынға рухани азық беретін ғасыр тұлғасы. Әлемдік сахнада жаңадан жанып келе жатқан жас жұлдыз, 23 жастағы Димаш Құдайбергеннің алғашқы концертінде Майкл Джексонды көрерменнің көз алдына әкелуін көпшілік жақсы ырымға балады. Дегенмен Димаш "екінші Майкл Джексон" емес, табиғат берген сирек дауысты, бұлбұл үнді, келбеті мен харизмасы келіскен Димаш Құдайберген ретінде танылуы тиіс.
Р. Роза