- Негізгі бет
- Музыка
- Айқын: Тарихта қалуға...
Айқын: Тарихта қалуға асықпаса да, инстаграм "историясында" қалуға асығатындар көп
«Өмірі де, өнері де айқын» Айқынның айтқандарынан
Қазақ тіліндегі дауысты және дауыссыз болып бөлінетін дыбыстардың күйін кешкен қазақ эстрадасы жыл өткен сайын дауыссыз қатаң, ұяңдардан арылып келе жатқандай. Қазақ әуенін әуелеткен ұл-қыздар алыс-жақын шет елдерде топ жарып жүргені де содан. Теңіздей қазақ музыкасына тамшыдай болсын үлес қосып жүрген жас әншілердің қатары көбейіп келе жатқаны қазақы қауымды қуантады. Халықтың пікірі бойынша, бүгінде дауыстылардың қатарын толтырып, ерекше қоңыр дауысымен тыңдармандарды баурап ала білген – Айқын Төлепберген.
Соңғы жылдары иығына артқан гитарасының арқасында хит әндердің орындаушысы атанған әнші Massaget.kz сайтына сұхбат берді. Ақпараттық технологиялар, ғаламтор, заманауи жүйелер жайлы өрбіген әңгіме барысында әнші өз көзқарасын білдірді.
Massaget.kz: Ғаламтор кеңістігінде өте белсендісіз. Белсенділігіңізді арттырған әлеуметтік желінің маңыздылығы неде?
Айқын: Меніңше, әлеуметтік желі – қазіргі дәуірдің ең негізгі жаңалығы. Оның артықшылығы өте көп. Білетінім, оның маңыздылығы адамдар арасындағы байланысты орнықтыра алды. Мысалы, алыстағы ағайыныңа 1 секундқа жетпес жылдамдықпен хабарлама жазасың. Өте жылдам жұмыс атқарып жатыр және адамдардың арасындағы байланысты ұстап тұр. Осындай тиімді тұстары арқылы әлеуметтік желінің маңыздылығы арта береді.
Massaget.kz: Ғаламтордың бала тәрбиесіндегі рөлі қандай?
Айқын: Балаға дұрыс тәрбие беру – барлығымыздың ең басты міндетіміз. Ғаламтор арқылы да керегін үйретіп, керек емес дүниелерге шектеу қойып, баланың тәрбиесін қадағалауға болады. Ең бастысы, ата-ана ретінде балаға көңіл бөлуді ұмытпау керек. Нәресте кезден ғаламтор материалдарын көрсетуді құптамаймын. Себебі, ересектерге байқалмайтын кейбір құбылыстар жас сәбиге психологиялық кері әсерін тигізуі мүмкін.
Massaget.kz: Ал, өзіңіз балаңызға шектеу қоясыз ба?
Айқын: Егер баламның тәрбиесіне зиянын тигізетін видеолар көргенін, болмаса, ойындар ойнап отырғанын көрсем міндетті түрде шектеу қоямын. Қазір ұлымның мультфильм, ойындарға құмар кезеңі ғой. Сондықтан, «Youtube»-ты жиі қолданады. Осы видеохостингтің «Майнкрафт» видеолорын қарап отырады, мультфильмдерін көреді. Көретін видеолары көбіне өзімнің де көңілімнен шығады. Сондықтан, үнемі шектеу қоймаймын.
Massaget.kz: Әлеуметтік желінің қай түрін жиі қолданасыз?
Айқын: Қазіргі таңда «Instagram» желісі төл құжат сияқты маңызға ие болды ғой. Барлығының инстаграмда жеке-жеке аккаунты бар. Кейбірі тіпті бірнешеуін ашып тастап, құпия сөзден шатасып жүреді. Тарихта қалуға асықпаса да, инстаграмның историясында қалуға асығып жүретіндер көп. Әркім өзінше пайдаланады. Мен де заманның жаңашылдығынан тысқары қалуды қаламаймын. Инстаграм желісін жиі қолданамын. Ашқаныма бір жарым-екі жылдай уақыт болды. Маған осы күнге дейін 1,8 миллион адам тіркелген екен.
Massaget.kz: Комментарийлерді қарайсыз ба?
Айқын: Иә, қолымнан келгенше жауап беруге тырысамын. Бірақ, барлығына бірдей көңіл бөлу мүмкін емес. Әр түрлі бағыттағы пікірлер келеді. 10 комментарий жазылса, міндетті түрде бір-екеуі негативті болады. Барынша көңілімді түсірмеуге тырысамын.
Massaget.kz: Әңгімеңізге рақмет! Әлеуметтік желілеріңіз жақсы жаңалықтарға толы болсын!
А. Қажиев