- Негізгі бет
- Музыка
- Англия мен Қазақстан...
Англия мен Қазақстан романтикасы
Атақты британдық пианиношы София Рамэн және қазақстандық талантты музыканттар Ботагөз бен Болат Тыныбековтер «Астана Опера» театрының Камералық залы сахнасында өтетін «Романтизм жауһарлары» концертінде өнер көрсетеді. Кеш 9 қазанда II Халықаралық «Жібек Жолы» фестивалі аясында ұсынылады.
Пианиношы София Рамэн Ұлыбритания мен Еуропаның беделді концерттік залдарында өнер көрсетеді. Оның жеке концерттері BBC, Жапонияның, Швецияның, Нидерландтардың ұлттық телеарнасы, Classic FM радиосы, BBC 3 радиосы және басқалары арқылы көрсетілді. Әртіс Франция, Алмания, Жапония, Аргентина, Жаңа Зеландия, Кения және көптеген өзге елдерде жоғары табыспен гастрольде болған.
Халықаралық конкурстардың лауреаттары, Президенттік «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, Лондон қаласы Корольдіктің музыка колледжінің түлектері Тыныбековтер – ағылшындық, неміс, швейцариялық, итальялық және қытайлық көрерменнің сүйіктілері. Қазақстандық-британдық трионың концерттері Кембридж университетінің, Лондон Ұлттық галереясының, Ұлыбритания Корольдігінің азиялық қоғамдастығының, сонымен бірге Алматы мен Астана концерттік залдарында үнемі аншлагпен өтеді. Музыканттар жақында Швейцариядан сапардан оралды, ал алдағы жылы Англияда, Румынияда және Қазақстанда өнер көрсетуді жоспарлауда.
– «Астана Опера» сахнасында мен алғашқы рет ойнаймын, дегенмен, бұл менің Қазақстанға үшінші рет келуім, мен бұл елді өте жақсы көремін! Бұған дейінгі сапарларымда Астанада, Алматыда және Қарағандыда болудың сәті түсті. Қазақстандық көрермен қашанда жылы қарсы алады, музыканы жақсы түсінеді, адамдар – жомарт һәм қонақжай. Музыканың бар әсемдігін, ондағы құштарлықты және драманы жеткізе аламыз, және астаналық тыңдарман осы ұлы шығармалардан бізбен бірге ләззат алады деп үміттенемін, - деп атап өтті София Рамэн.
Әртістер, әрбір туындының маңыздылығына қарай, концерттің бағдарламасын мұқият әзірледі, барлық таңдалған композициялар – жауһарлар. Классикалық стильден романтикаға өту кезеңі инновациялық әрі қызықты екенін, бұл әсіресе жаңа композициялардың дүниеге келуіне ерекше әсер еткенін атап өтейік.
Кеш бағдарламасында Романтизм дәуірінің камералық музыкасының көрнекті шығармалары: Л. Бетховеннің скрипка және фортепиано№2 сонатасы, Й.Брамстың виолончель мен фортепианоға арналған №1 сонатасы, Ф.Шуберттің фортепианоға арналған №4 төкпесі, Ф. Мендельсонның №1 фортепианолық триосы ұсынылады.
– Біз үшін музыканың барлық стилі маңызды, алайда романтизм біздің рухымызға ерекше жақын. Камералық музыканың жауһары – Ф. Мендельсонның триосы аталған бағыттың шарықтау шыңдарының бірі. Бір қызығы, бұл шығармада әрбір аспаптың маңызы бірдей. Біз, акустикасы тамаша, соны техника тілінде сөйлейтін, еліміздің ең әсем әрі ең беделді сахнасында өнер көрсететінімізге өте қуаныштымыз, - дейді Ботагөз бен Болат Тыныбековтер.
Екі бөлімнен тұратын концерт 19:00-де басталады. Билет бағасы: 1 500 теңге.
София Рамэн – әлемге әйгілі музыкант, көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты, Корольдіктің Халықаралық лигасы конкурсының үздік сүйемелдеушісі сыйлығының иегері, Корольдіктің Музыка академиясының ғалымдар кеңесінің құрметті мүшесі, Белфасттық университеттің және Стокгольмдік Музыка академиясының (Швеция) профессоры. Лондондағы Корольдік колледжді және Корольдіктің Музыка академиясының аспирантурасын тәмамдаған. Naxos, ASV, Dutton/Epoch, Meridian, Guild және Linn Records сияқты дыбыс жазатын компанияларда 20 астам дискін шығарды.
Ботагөз Тыныбекова (скрипка) Цюрихтік Өнер Университетінің (Швейцария)магистратурасын үздік бітірді. Түрлі оркестрдің құрамында Альберт-Холл (Лондон), Концертхаус (Берлин), Тонхалле (Цюрих), Виктория-Холл (Женева), Пекиндік Опера залдарында өнер көрсеткен. Ботагөздің жақында қол жеткізген табысы ретінде Англияда, Италияда, Алманияда және Қытайда шеберлікпен ойнағанын, сондай-ақ Швейцариядағы беделді Verbier Festival-на қатысқанын атап өтуге болады.
Болат Тыныбеков (виолончель) Лондондағы «Гилдхолл» музыка және драма жоғары мектебінде магистр дәрежесін иеленген. Болаттың көптеген жетістіктерінің ішінен Англия мен Италиядағы халықаралық музыка фестивальдеріне қатысқанын, Ұлыбританиядағы Ұлттық галереяда (Лондон қ.), Альберт және Виктория мұражайында, Корольдіктің Музыка колледжіндегі жеке концерттерін, Астанада, Алматыда, Санкт-Петерборда және Жаңа Орлеандта берген концерттерін атап өтуге болады. Қазіргі таңда Болат Алматы қаласының Музыка мектебінде сабақ береді және Қазақстан мен Еуропада концерттік қызметін белсенді түрде жалғастыруда.
@. @assel_assanova