1 қазанда «Астана Опера» театрының жаңа маусымы ашылады

1 қазанда «Астана Опера» театрының жаңа маусымы ашылады
Фото: Астана Опера

1 қазанда Халықаралық музыка күнінде «Астана Опера» театрының Камералық залы III концерттік маусымын ашады. Ұсынылатын қызықты да, мазмұны терең жаңа бағдарламалар тыңдарманды жыл бойы қуантады.

Еліктіріп әкететін «Жылдың сегіз мезгілі» атты алғашқы концертте атақты туындылар – Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдері» циклы және Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» деп аталатын төрт композиция-тангосы ұсынылады. Музыкалық жауһарларды ҚР Еңбек сіңірген қайраткері маэстро Абзал Мұхитдиновтің басқаруындағы «Астана Опера» театрының Камералық оркестрі орындайды. Солистер: ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов және Айсұлу Байкенова.

Екі стиль, екі түрлі дәуір, екі түрлі қолтаңба, екі түрлі құрлық. Олардың басын біріктіретіні көптеген суретшілерді, ақындарды һәм композиторларды жүздеген жылдан бері толғандырып келе жатқан жыл мезгілдері тақырыбы. Жыл мезгілдерінің алмасуы адам өміріндегі кезеңдердің ауысуымен байланыстырылады, осылайша табиғаттың жаңаратын кезі көктем, яғни өмір бастауы – жастықты, ал қыс – өмір жолының соңы – кәрілікті бейнелейді.

- Музыканттар екі түрлі композитордың шығармаларын орындайды, олардың әрқайсысы өзінше бір ғұлама, өз дәуірінің символы болды. Егер Антонио Вивальди өмір циклын барокко стилінде жеткізсе, Астор Пьяццолла оны аргентиналық тангоның нақышымен жазды. Аталған композитор «тұрмыстық биді» биік өнер деңгейіне дейін көтеріп, классикалық тангоның негізін қалаушы болғаны белгілі. Пьяццолла бұл стильде көптеген шығармалар жазғанын және олардың бір-біріне ұқсамайтынын атап өтейін. Біздің концертте астаналық көрермен заманауи латынамерикалық музыканың және джаздың ырғағымен үйлесетін классикалық музыкадан сусындайды, - дейді музыкатанушы, Камералық залдың жетекшісі Маржан Жәкенова.

«Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы Камералық залда өтетін, көпшілік сүйіп қалған «Bel canto», «Балалар абонементі» және басқа абонементтермен қатар сәрсенбі күндері ұйымдастырылатын «Музыкалық орта» атты концерттер легін әзірледі. Мұнымен қатар көрерменді, елшіліктердің қолғабысының арқасында жүзеге асатын, шетелдің жарқыраған ұжымдары мен шақыртылған әртістері қатысатын ұмытылмас кездесулер күтіп тұр. 

Ф. Абилова