YouTube-та 1-2 миллиард рет көрілген видеолар

YouTube-та 1-2 миллиард рет көрілген видеолар
Фото: vk.com

YouTube – 2005 жылы ашылған алып видеохостинг. YouTube-тағы ең әйгілі айдар – музыка. Ол хостингтің 20 пайызын қамтиды. Күн сайын ютубтан 2 миллиардтан астам видео көріледі. Аталған сайтты ақтарып бейне көретін сіз бен біз ютубтағы видеолардың санағын құрауға тамшыдай үлес қосамыз. Сондықтан видеоны да талғаммен көруге кеңес береміз. 

Бүгін біз ютуб тарихындағы ең көп көрілім жинаған видеолар тізімін жасап көрдік. 

2 миллиард 763 миллион рет қаралған видео – оңтүстік кореялық әнші PSY-дың "Gangnam Style" атты бейнебаяны. Ютубтың арқасында әлем таныған жұлдызға айналған әнші көптеген рекорды жаңартып, жарты жылдың ішінде 8,1 миллион доллар пайда тапқан, ал ән  World Music Award жүлдесінде "Үздік әлемдік ән" атағын иеленген. 

2 миллиард 252 миллион рет қаралған видео – жұлдызын ютуб сайты жаққан канадалық әнші Джастин Бибердің еншісінде. 2015 жылы Sorry әніне түсірілген бейнебаян MTV Video Music Award жүлдесінде "Жылдың үздік видеосы" атағын, Danish Music Award жүлдесінде "Жылдың халықаралық хиті" атағын жеңіп алған. Бұдан бөлек дәл осы ән бірнеше беделді марапатқа ие болды. 

2 миллиард 201 миллион көрілім жинаған видео – америкалық әнші Бруно Марс пен британиялық музыкант Марк Ронсон орындайтын Uptown Funk әніне түсірілген бейнебаян. MTV Video Music Award жүлдесінде "Жылдың үздік видеосы" атағын жеңіп алған бұл ән 2015 жылы "Британиялық үздік ән" марапатын иеленді. 

1 миллиард 958 миллион көрілім жинаған видео – америкалық әнші Тейлор Свифттің Blank Space әніне түсірген бейнебаяны. Клип MTV Video Music Award жүлдесінде "Үздік әйел видеосы" атағын, MuchMusic Video Award жүлдесінде "Халықаралық орындаушының үздік музыкалық видеосы" атағын, сондай-ақ беделді Грэмми жүлдесінде "Жылдың үздік әні" аталымын жеңіп алған.

 

1 миллиард 907 миллион рет қаралған видео – Испанияның әншісі Энрике Иглесиас, кубалық әнші Дессемер Буэно және Gente de Zona тобы бірге орындаған әлемдік хит Bailando әніне түсірілген бейнебаян. Бұл ән Латын Грэммиі жүлдесінде "Жылдың үздік әні" атағын иеленді. 

1 миллиард 797 миллион рет қаралған видео – америкалық әнші Кэти Перридің Roar әніне түсірген бейнебаяны. Бұл ән үшін Кэти Грэмми жүлдесінде "Жылдың үздік әні" атағын иеленсе, "Халық таңдауы" жүлдесінде "Сүйікті бейнебаян" аталымын жеңіп алған. 

1 миллиард 749 миллион рет қаралған видео америкалық әнші Меган Трейнорға тиесілі. Меганның All About That Bass әніне түсірген бейнебаяны Грэмми жүлдесінде "Жылдың үздік әні" атағын, Billboard Music Awards жүлдесінде "Hot 100 чартының үздік әні" аталымын иеленген. 

1 миллиард 315 миллион көрілім жинаған видео – Шакираның Waka Waka әніне түсірген бейнебаяны. Әлемдік хитті колумбиялық әнші 2010 жылы әлем чемпионатында орындап, футбол мен музыканы ұштастырған. Ән Danish Music Award жүлдесінде "Жылдың халықаралық хиті" атағын, "Халық таңдауы" жүлдесінде "Сүйікті бейнебаян" аталымын жеңіп алған. 

Ал қазақстандық видеолар ішінде көрілім саны миллиардқа жеткен видео әзірге жоқ. Қай кезде де жақсылықтан үміттіміз, сондықтан миллиард рет көрілген видеоның да куәсі болармыз. Әзірге Қазақстан бойынша ең көп көрілім жинаған видео 17 миллион 863 мың рет көрілген. Ол – отандық әншілер Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмаханның "Алло" әніне түсірген бейнебаяны. 


Р. Роза