- Негізгі бет
- Музыка
- #Abay175 челленджінде рекорд:...
#Abay175 челленджінде рекорд: 700 адам ақынның әнін шырқады
"Абай өлеңдерін оқу" челленджін 700 әртістен құралған өнерпаздар тобы жалғастырып, Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" әнін шырқады. Бұл ұлы ақын шығармашылығына арналған челлендждегі ең көп адам қатысқан флешмоб есебінде рекорд деп бағаланды.
Флешмоб қатысушылары – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармония әртістері. Олардың арасында танымал өнер қайраткерлері бар. Филармонияның солистері мен музыкалық топтары Абайдың әйгілі "Желсіз түнде жарық ай" әнін акапелла орындады. Бас директор Ерлан Дәкенов Абайдың мерейтойын атап өту маңыздылығына тоқталып, эстафетаны ұжым атынан Қазақстан және Ресей Федерациясының филармонияларына жолдады.
Елорда филармониясы – қаладағы жетекші концерттік және оқу орындарының бірі. Мұнда 11 шығармашылық топ - қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, үрмелі аспаптар оркестрі, ішекті квартет, камералық хор, "Сарыарқа" халық музыкалық ансамблі, "Шалқыма" халық би ансамблі, "Қорқыт" дәстүрлі музыка тобы, классикалық және эстрадалық вокал, дәстүрлі халық әні бөлімі, "Әлем" эстрадалық би ансамблі жұмыс істейді. Ұжым құрамында белгілі өнер қайраткерлері қызмет атқарады. ҚР халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Айтқали Жайымов ("Парасат" орденінің иегері), Айгүл Қосанова, Ернар Мыңтаев, Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Алтынай Жорабаева, Гүлзира Бөкейхан, "Құрмет" орденінің иегері Абдурасул Есекеев, Нұрай Танабаев, Нұрлан Бекенов, Шолпан Қорғанбек, Арайлым Рахымқызы және тағы басқа өнер саңлақтары ұжым құрамында қызмет етеді.
Әлеуметтік желіде ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына байланысты "Абай өлеңдерін оқу" челленджі таралып жатыр. Мемлекет басшысынан бастап әлемдік белгілі тұлғалар да бұл челленджге қатынасты. Massaget.kz ұжымы ақынның "Білімдіден шыққан сөз" өлеңін Алматыдағы Абай атына берілген орындарда жатқа оқыған еді.
А. Қажиев