Абай Құнанбайұлының «Адасқанның алды - жол, арты - соқпақ», «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдеріне талдау

Абай Құнанбайұлының «Адасқанның алды - жол, арты - соқпақ», «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдеріне талдау

Абай Құнанбайұлы қазақ поэзиясының идеялық ауқымын, тақырыбын кеңейтті, әдебиетте жаңа жанрлық түрлер қалыптастырды. Халықтың сөйлеу тілінің, қазақтың ауызекі ақындық өнерінің және ән-өлеңдерінің байлығын кеңінен пайдалана отырып, ол өлең сөздің бейнелеу құралдарын жетілдірді. Жаңа өлең үлгілерін енгізді, қазақтың ақындық тілін, әдеби тілін көркейтті. Абайдың лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көп салалы, көп қырлы, алуан түрлі болып келеді. Олар тақырыбы, мазмүны жағынан да аса бай, әр қилы өмір қүбылыстарын қамтиды. Халықтың тағдырын, заман жайын толғайтын сан алуан қоғамдық-саяси философиялық лирика түрлері, адамның ішкі жан дүниесін бейнелейтін жырлары, махаббат лирикасы, сатиралық өлеңдері, табиғат суреттері, оларға қоса жеке адамдарға арналған жырлары, тағы басқа өлең түрлерін Абай поэзиясынан табамыз.

«Желсіз түнде жарық ай...» - Абайдың 1888 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 5 шумақтан тұрады. Өлең - ақынның табиғат көріністерін, махаббат сырларын кестелі тілмен айшықтаған әлем поэзиясындағы шоқтығы биік туындыларының бірі.

«Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп;

Ауылдың жаны - терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп...» - деп басталатын небәрі 20-ақ жол өлең. Осы өлеңдегі тіл кестесінің барлық ерекшеліктері, бояулары, теңеу, астарлау, басқа да суреттеу, бейнелеу құралдары - бәрі не нәрсеге, не құбылысқа болсын ақынша қарап, эстет. тұрғыдан баға беру талабына бағындырылған. Түн желсіз, ай жарық. Су бетінде ай сәулесі дірілдеп көрінеді. Ауылдың жанында, терең сайда өзен тасып, күрілдеп ағып жатыр. Ақын түнді желсіз, айды жарық, сайды терең деп бейнелейді, сәуленің дірілдеп көрінген қалпын, өзеннің күрілдеп естілген шуын нақтылап сипаттап береді. Бірақ, бұл кімнің аулы, жылдың қай кезі, айдың қай мөлшері, сайы қайдағы сай, ағып жатқан қандай су - оларды анықтап айтып жатуды мақсат етпейді.

Желсіз түнде жарық ай

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп. 

Ауылдың, жаны — терең сай, 

Тасыған өзен күрілдеп.

 

Қалың ағаш жапырағы 

Сыбырласып өзді-өзі. 

Көрінбей жердің топырағы, 

Құлпырған жасыл жер жүзі.

 

Тау жаңғырығып, ән қосып 

Үрген ит пен айтаққа. 

Келмеп пе едің жол тосып 

Жолығуға аулаққа?

 

Таймаңдамай тамылжып, 

Бір суынып, бір ысып, 

Дем ала алмай дамыл қып, 

Елең қағып, бос шошып.

 

Сөз айта алмай бөгелiп 

Дүрсіл қағып жүрегі, 

Тұрмап па еді сүйеніп, 

Тамаққа кіріп иегі.

Мұндағы табиғат көрінісі суреттемесінің нақтылығы, мәселен, Абайдың түн мезгіліндегі көл бетіне түскен ай сәулесінің дірілдеп көрінуін, ағаш жапырағының өзді-өзімен сыбырласуын сипаттауы, жастарға ерекше бір әсер беріп, лирикалық сезімге бөлейді, туған жер табиғатына деген мақтаныш сезімін тудырады.

«Адасқанның алды - жол , арты - соқпақ...» - Абайдың 1886 ж. жазған өлеңі. Көлемі әрқайсысы 4 тармақтан тұратын 7 шумақ. Бұл Абайдың өлеңді өндіре жазып, ақындық шеберлігін әр қырынан көрсете бастаған кезеңі. Үлкеннің ақылын алу, жақсының жанына еріп, жолдас болу ежелгі ел дәстүрі болса, осы қағиданы берік еске сақтап, адал азамат болу әрбір саналы жастың борышы деп түсінген Абай «өмір көші тура жолмен салдыртып жүре беретін керуен емес, кезінде ойланбасаң, кейін өкінерсің, өкінерсің де опық жерсің!»- деп жастарды ойға шомдырды. Абай өзінің «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ»атты өлеңінде осы ойды тереңдете түсіп, ой - сырын, мінез - құлқын түземей, сыртын түзейтін сымпыс борбай, сидақ жігіттерді былайша шенейді:

Адасқанның алды - жол,арты - соқпақ,
Оларға жол - арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ.

Бір аршопке шапаны сондай шап-шақ,
Мүшесінен буынып, басады алшақ.
Қас алдына жымырып келемін деп,
Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.

Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,
Қолында бір сабау бар, о дағы аппақ.
Керегеге сабауды шаншып қойып,
Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.

Қу шалбар қулығына болған айғақ,
Тізесін созғылайды қалталанса-ақ.
Ұстаудағы кісідей мезгілі бар,
Күні бойы шешініп, бір таяқ.

Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,
Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.
Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері - қу борбай, сымпыс шолақ.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ,
Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.
Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,
Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.

Өлеңде ұлы Абай әлеуметтік маңызы бар мәселелерге сыншыл көзбен қарайды. Әлеуметтік теңсіздік туралы ойын жеткізеді. ел үстінен күн көрген алаяқ би, болыстарды, мал-мүліктің буына семірген байлар мен патша әкімдерін сынауы айқын байқалады. Ал Абайдың өлең тақырыбын «Адасқанның алды - жол, арты – соқпақ»  деп атауының өзі ел арасында нақылға айналып кетті.

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай