Иманбек жаңа композициясын жұрт назарына ұсынды

Grammy сыйлығының иегері Иманбек Зейкенов америкалық әнші Salem Ilese-мен бірігіп жазған жаңа композициясын көпшілікке ұсынды. Бұл туралы отандасымыз Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады. 

Қазақстандық музыканттың жаңа туындысы "Married to your melody" деп аталады. Тректі бүкіл музыкалық алаңдардан тыңдауға болады.

Жуықта ғана Иманбек АҚШ пен Еуропада жеке тур өткізетінін мәлімдеген болатын. Әлемдік тур Rahmet World Tour деп аталады.  8 сәуірде Нью-Йоркте басталып, 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Барлығы 24 концерт беру жоспарланып отыр. Тур барысында Иманбек Канада, Швеция, Норвегия, Италия, АҚШ, Германия және Латын Америкасы елдерінде концерт бермек.