"Алтын қорда" жоқ 20-ға жуық ән жинақтадым - Біржан Есжан

"Алтын қорда" жоқ 20-ға жуық ән жинақтадым - Біржан Есжан
Фото: жеке мұрағат

Қазақтың дәстүрлі әнін өзіміз түгіл шет елдерге танытып жүрген Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Біржан Есжан жайлы естуіңіз бар ма?

Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету – бүгінгі бір парызымыз. Салт-дәстүрді санасына сіңіріп өскен, Халықаралық, республикалық конкурстардың Бас жүлдегері Біржан "ұлттық өнер нотаға қатып қалмауы тиіс деп ойлаймын" - дейді. Дәстүрлі әнді, күйді заманға сай лайықтап, түрлендіріп орындауға қатысты да біраз ойымен бөлісті.

Қазір қазақтың ұлттық мұрасын, ән мен күйді заманға лайықтап шығарып жатқан әртістер көп қой. Бірақ әркімдікі әртүрлі сапада. Кейбіреулер тіпті бөтен ырғақпен жылдамдық қосып, сондай-ақ, табиғи емес компьютерлік дыбыстармен бүлдіріп алып жатады. Эстрадалық әншілер болсын, эстрадалық күйшілер болсын қатты ырғағын өзгертпей, темпін өзгерпей, тек қана оранжировка кезінде сапалы өзінің табиғатынан алыстатпай шығарманы өңдеп айтатын болса, онда, енді құба-құп. Бірақ біздің кейбір өнерпаздарымыз халық әндерін, халық күйлерін қайтып өңдеп алып, керемет жаңалық ашқандай кеуде қағады. Ол дұрыс емес. Әрине, өзі үшін эстрадалық бағытта орындасын. Ұлттық төлтума туындыларымыз өзгеріссіз-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелей берері хақ.  ұлттық өнер нотаға қатып қалмауы тиіс деп ойлаймын

Имровизация кез келген өнерге тән дейміз. Әсіресе жыршылар импровизатор келеді. Ал дәстүрлі әнде автордың шығармасын өзгерте алмайтын қағида бар. Әйтсе де "сахнаға шығып бір әнді орындау барысында кейде жадымнан басқаша әуен мен эмоция қосылып кетеді, бірақ негізгі әнді қатты бұзбай сол маңайда алып кететін кездерім болады" - дейді Біржан.

Импровизация – музыканы қатты сезінетін, өте сезімтал, музыканттардың музыканты ғана жасай алатын дүние ғой. Мысалы, Үкілі Ыбырайдың өзі заманында бір әнді 90 түрлі қылып орындап кеткен екен деп Қайрат ағаларымыз айтып отырады. "Гәккуді тоқсан түрлі қаңқылдаттым" деген өлеңдері бар. Сонда Үкілі Ыбырай бір ауылға барып Гәккудің бір түрін айтып кетсе, екінші ауылға барып мүлдем басқаша орындайды екен. Бір тыңдағанда-ақ жаттап алатын құйма құлақ екі ауылдың жігіті бір-бірімен менің айтқаным дұрыс, жоқ ол негізі былай болатын деп таласып жатса, Үкілі Ыбырай атамыз қайтадан ел аралап қайтып келе жатып екеуіне мүлдем ұқсамайтын басқа үшінші түрін айтып кетеді екен. Бұл ненің белгісі? Бұл импровизация. Шын өнер сонысымен құнды. Жалпы дәстүрлі өнер, фольклор бір шеңберге сыймайтын дүние болу керек. Сахнаға шығып бір әнді орындау барысында кейде жадымнан басқаша әуен мен эмоция қосылып кетеді, бірақ негізгі әнді қатты бұзбай сол маңайда алып кететін кездерім болады. Сол себепті ұлттық өнер нотаға қатып қалмауы тиіс деп ойлаймын. Өнерпаз қағазда жазылған ырғақ, тональность, жылдамдыққа қатып қалмауы керек деп ойлаймын. Менің ойымша ұлттық өнер дегенім сол. Тұтастай алғанда дәстүрлі өнердің басты тақырыбын сақтай отырып, жан-жағы импровизацияға құрылу керек деп ойлаймын. Жалпы ол сонда ұлттық өнер деп есептелетін болады.

Халық әндері деп айтылып кеткенімен негізгі авторы бар туындылар жетерлік. Астарына үңіліп, тұңғиығына бойлаған адам ғана тың дүниелерге кезігіп, қазақтың қаншама өнерлі, білімді болғанына таңдай қағады. Ізденімпаздығының арқасында ешкім естімеген жиырмаға жуық ән тапқан Біржан "қазақ деген өте гениальный халық екен ғой" - дейді.

Таңқаларлық дүние өте көп. Алтын қорда жоқ 20-ға жуық ән жинақтадым. Қазақ деген өте гениальный халық екен. Біз атын білетін 25-30 шақты сал-сері бар. Бірақ біз білмейтін, аттарын естімеген сал-серілер қаншама, олардың әндері де жетерлік. Соны зерттей келе көп дүниелерге көзіміз жетті. Ешкім естімеген классикалық туынды болатындай тың шығармалар бар. Кезінде салдық құрған Солтүстік Қазақстандық Шүректің Мұратбегі деген композитор, сал-сері болыпты. Нұркей деген ақын өтіпті. Қаншама құнды дүниелер. Халық әні деп орындап жүрген Үкілі Ыбырайдың да біраз әндері бар. Бір емес екі нұсқасын таптым. Тағы бір таңқалғаным мынандай дүние. Біздің жақта Зілқара Байтоқаұлы деген кісі өткен. Зілқара шешен. Өзі шешен, ақын, ел билеген сегіз қырлы, бір сырлы адам болған екен. Мұхтар Әуезов Абай жолында "Біржан сал Абайдың ауылына барғанда Зілқараның Жиырма бесін айтты" - деп жазады. М.Ж. Көпейұлы да Зілқараны тілге тиек еткен. Сол Зілқараның әндерін зерттеп жатырмын соңғы кездері. Солтүстік Қазақстанда өмір сүрсе де түгел Көкшетауды басқарып аға-сұлтандыққа жеткен адам. Бірақ аты дәріптелмей жатыр дұрыс. Соны зерттей келе мен Зілқараның жатқан жерін таптым.

Атығай, Қарауылға Зілқара едім,
Өзім би өзім шешен ділмар едім.
Жиырма бес қайта айналып келер болса,
Дүниенің төрт бұрышын былғар едім – деп жырлаған тұлғаның ақындығы да, сазгерлігі де зерттелуі тиіс. Жаңа айтылған Зілқараның "Жиырма бесі" "Алпыс бес", "Сексен сегіз" деп жалғасатын циклді ән екен. Қазақ әнінің өрісінің кеңдігі сол Зілқараның "Сексен сегіз" әнін Батыс Қазақстаннан таптым. Қызылордадан Атырауға қонаққа барған (аты-жөнін ұмытып тұрмын) бір ақсақал Зілқараның әні деп Қайрат Кәкімов ағама табыстап кетіпті. Қайрат ағам Солтүстіктің тумасы ғой деп өзіме үйретіп жіберді сол әнді. "Алпыс бес" деген әні Маңғыстау жақтан табылды. Сол жақта бір кісілер айтып жүр екен. Зерттей келе осындай бір қызық дүниелерге бар тап бола береді екенсің.

Дәстүрлі әндерді орындай жүріп, оның тереңіне бойлай зерттеп жүрген Біржан өзі туып-өскен жерінде біршама игі шаруалар атқарыпты. Ұлттық өнерге үлес қосып жүрген өнерпазға "Осы елде кім бар десе, Біржан бар деп ауыз толтырып айтуға болатын азамат" - деп өнердегі ұстазы Жанат Айтбаев баға берді.

Оқуын бітіріп келген соң өңірімізге Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай атындағы концерттер жасады. Телеарнадан халық әндері туралы бағдарлама ашты. Тіпті филармонияға Ақан серінің атын бергізу кезінде  Біржан өзі жүгіріп, ақсақалдарға қол қойдырып, хат жаздырды. Сондықтан елге өте сыйлы азамат! Осы елде кім бар десе, Біржан бар деп ауыз толтырып айтуға болатын азамат! Еңбегі өз алдына, адамгершілігі одан да керемет! Өте білімді жігіт.

Ел сыйлаған Біржанның шығармашылығына табыс, мол мүмкіндіктер мен зор жетістік шыңын бағындыра беруіне тілектеспіз.

Н. Үсенова