Қазақстандағы оркестр түрлері

Әлемде оркестрдің әмбебап сегіз түрі бар. Әр оркестр музыка бағытына қарай түрленіп, құрамы өзгеріп отыруы мүмкін. Бірақ ортақ, негізгі бірлестік сол қалпында қалады. Классикалық музыка, халық музыкасы мен әскери музыка болып және аспап түрлеріне қарай бөлініп кете береді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда оркестрдің алты түрі бар: халық аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, экстрада оркестрі, әскери оркестр, джаз оркестрі және ішек аспаптар оркестрі.

Халық аспаптар оркестрі

Аты айтып тұрғандай, ұлттық аспаптардан құрылған оркестр. Еліміздегі мұндай ең үлкен оркестр – Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі. Бұл қазақ жерінде құрылған алғашқы оркестр. А.Жұбанов 1933 жылы Алматыдағы Музыкалық драма техникумы (қазіргі Алматы музыкалық колледжі) жанынан домбыра ансамблі ретінде құрған. Ұлттық аспаптары оркестрге алғаш бейімдеген де – Ахмет Жұбанов.

Қазіргі таңда қазақтың халық аспаптар оркестрі Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының ең үздік әрі тарихы бай ұжымы болып отыр.

Бұдан бөлек Қазақстанда Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі, Дина Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, "Отырар сазы" сынды ұжымдар бар. Қазақстанда жыл сайын халық аспаптар оркестрінің түрлі фестивальдері ұйымдастырылып отырады. Солардың бірі – "Серпер" фестивалі.

Елімізде қазақ халық аспаптар оркестрінен бөлек, орыс халық аспаптар оркестрлері бар.

Симфониялық оркестр

Батыс Еуропа мәдениетіне тиесілі академиялық музыканы орындаушы алып оркестр. Ішекті, ысқылы, үрмелі және соқпалы музыка аспаптары тобынан құралады. Мұндай оркестрлер алғаш рет Еуропада XVIII ғасырда құрылған. Жиырмадан астам аспап түрі енеді.

Қазақстанда симфониялық оркестрді құруға Ғ.Жұбанова, Н.Тілендиев, Б.Жұманиязов сынды композиторлар елеулі еңбек сіңірді.

Қазіргі уақытта елімізде ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр жұмыс істейді. 1958 жылы құрылып, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония құрамына енді. Ал Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігіне қарасты симфониялық оркестрдің іргесі 1983 жылы қаланған.

Эстрада оркестрі

Жеңіл музыка орындауға арналған оркестрлік ұжым атауы. Симфониялық оркестрден бөлініп шыққан жанр десек болады. ХІХ ғасырдың өзінде-ақ опера мен басқа да ірі концерттері қоятын оркестр мен бал, көңіл көтеру, променад шараларында өнер көрсететін оркестрдің арасында біршама айырмашылық байқала бастады.

Симфониялық оркестр мен эстрада оркестрінің құрамындағы аспаптар бірдей. Бірақ симфониялық оркестр шығарманы классикалық формада, яғни, тұрақты, қалыпты күйде орындаса, эстрадалық оркестр шығарманы түрлендіруге, заманауи форматта қоюға тырысады.

Қазақ теледидары мен радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрі 1959 жылы құрылған. Репертуарына оркестрлік шығармалар мен  эстрадалық әндер енеді.

Әскери оркестр

Әскери бөлім жанынан құрылған, әскери композицияларды ойнаушы оркестр. Әскери сән-салтанат пен іс-шара, концерт қою кезінде өнер көрсететін арнайы ұжым.

Әскери оркестр өз ішінен бір текті не аралас болып бөлінеді. Үрлемелі, соқпалы аспаптар мен "қаруланған".

Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында 22 штаттық әскери оркестр жұмыс істейді. Олар Ресей мен Еуропа, Таяу Шығыс пен Қытайда өткен әскери шараларға қатысып, Қарулы күш қызметкерлерімен бірге жүреді. Олар да жыл сайын республикалық және халықаралық фестивальдерге қатысып, бақ сынайды.

Джаз жанрындағы оркестр

Джаз музыкасын орындаушы ұжым. Үрмелі және шертпелі аспаптармен өнер көрсетеді. Қазақстанда джаз оркестрі бар. Ол – Қарағандыда Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігіне қарасты джаз оркестрі. 1994 жылы құрылған, құрамы 25 адамнан тұрады. Аз уақыт ішінде ол Ресейде өткен фестивальдің лауреаты атанып, джаз жанкүйерлеріне таныла бастады.

Ішекті музыкалық оркестрі

Аты айтып тұрғандай, ішекті музыкалық аспаптардан құралған орындаушылар тобы. Ол негізінен ішекті (балалайка, домбыра, дутар, жетіген, шертер) және ысқылы (қобыз, скрипка) музыкалық аспаптарда ойнайтын орындаушылардан құралады.