Опера жасасын!

Опера жасасын!
Фото: vk.com

Әйгілі вокалистер, «Астана Опера» театрының жетекші солистері Медет Шотабаев пен Барсег Туманян шақырылған солист – атақты әнші Вардуи Хачатрянмен (Швейцария) бірге «Viva l’opera» концертінде өнер көрсетпек. Музыкалық кеш 11 шілде күні Камералық зал сахнасында өтеді. Фортепиано партиясында – Мәдениет қайраткері Елена Сахно.

Медет Шотабаев, Барсег Туманян және Вардуи Хачатрян елорда тұрғындары мен қала қонақтарына итальяндық опера классикасының үздік үлгілерін ұсынбақ. В.Беллинидің «Норма» операсынан Норма ариясы, Ф.Чилеаның «Адриана Лекуврер» операсынан Адриана ариясы, Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Розина мен Базилионың ариясы және «Семирамида» операсынан Семирамида ариясы, Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан Тоска мен Каварадоссидің ариясы мен дуэті, «Джанни Скикки» операсынан Лауретта ариясы, Дж.Вердидің «Трубадур» операсынан Леонора ариясы, «Сицилиялық кешкілік» операсынан Елена мен Прочида ариясы, «Тағдыр күші» операсынан Леонора ариясы, «Травиата» операсынан Үстел басындағы ария шырқалады.

Сонымен қатар кеш бағдарламасына Ж.Массненің «Вертер» операсынан Вертер ариясы, А.Томның «Миньон» операсынан Филина ариясы, Ш.Гуноның «Фауст» операсынан Мефистофель серенадасы, «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульетта ариясы сынды француз композиторларының опера ариялары енген.

Концерттің әрбір қатысушысы әлемдік танымалдылыққа ие. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген мәртебелі халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Шотабаев әлемнің айтулы сахналарында басты партияларды сәтті орындап жүр. Оның есімі туған жері мен шетелдегі, атап айтқанда, Италия, Франция, Австрия, Швейцария, Бельгия, Нидерланды, Финляндия, Румыния, Словакия, Бразилия, АҚШ, Канада және өзге де елдердің классикалық өнер сүйер қауымына кеңінен танымал. Осы жылдың қаңтар айында «Астана Операның» жетекші солисі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік стипендиясына ие болды. Италия мен Қазақстан арасында мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Медет Шотабаев Италия Жұлдызы Орденінің Кавалері атанды.

Кеш қонағы Вардуи Хачатрян – көптеген беделді вокалдық байқаулардың лауреаты, олардың қатарында Афинадағы (Грекия) М.Каллас атындағы халықаралық опера әншілері байқауының Гран-приі, М.Кабалье атындағы халықаралық опера әншілері байқауының бірінші сыйлығы (Андорра), Италия, Испания, Бельгиядағы халықаралық байқаулардағы жеңісі бар. Әншінің репертуары жеті тілдегі опералар, оперетталар, ораториялар, камералық музыкадан құралған.

«Астана Опера» театрының жетекші солисі, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманянға Вена, Мюнхен, Гамбург, Бонна, Бостон, Лос-Анджелес, Каракас (Венесуэла), сонымен қатар Еуропа, Канада, АҚШ және Австралия қалаларында қошемет көрсеткен. Барсег Туманян Еуропа академиясының (Ганновер), Халықаралық табиғат және қоғам жөніндегі ғылым академиясының мүшесі болып табылады. 2003 жылы Халықаралық рыцарь (Германия) мәртебесіне ие болды, Халықаралық рыцарьлар қоғамының мүшесі.

Концерт авторы, фортепиано партиясын орындаушы Мәдениет қайраткері Елена Сахно – «Астана Опера» театры опера труппасының аға концертмейстері. Мәдениет және өнер саласына сіңірген еңбегі, Қазақстан мен Ресей халықтары мәдениеттерін жақындастырғаны үшін Елена Сахноға Ресей Федерациясының Мемлекеттік марапаты – Пушкин медалі ұсынылды. Тамаша пианист әрі педагог – әрқашан аншлагпен өтетін керемет концерттердің ұйымдастырушысы.

А. Оралқызы