"Алатау" дәстүрлі өнер театрында есеп беру концерті өтеді

"Алатау" дәстүрлі өнер театрында есеп беру концерті өтеді
Фото: vk.com

"Алатау" дәстүрлі өнер театрында сәуірдің 26-27 күндері өнерпаздардың есеп беру концерттері өтеді. 

Алғашқы күні "Алатау" дәстүрлі өнер театрының өнерпаздары Нариман Абдрахманов, Айсәуле Қайырғазина және Ерғали Ағайдаровтан құралған "Үшқоңыр" триосының  "Үшқоңырға кел" атты есеп беру концерті сағат 18:00-де басталады.

Ал 27-сінде сағат 19:00-де Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші Жасұлан Сақаевтың "Алатау алабында" атты концертінің куәгері бола аласыздар.

Кеш қонақтары: Алтынбек Қоразбаев, Рамазан Стамғазиев, Саят Медеуов, Алма Аманжолова. 

Концерт Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы, Елордасы Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр.

"Үшқоңыр" триосының өнердегі мақсаты – дәстүрлі ән мен заманауи эстрадалық әндердің қаймағын бұзбай, саф қалпында тыңдарманға ұсыну. Концерт "Үшқоңыр" фольклорлық-этнографиялық ән-күй ансамблінің сүйемелдеуімен өтеді. Топ құрамындағы өнерпаздар көптеген жүлделерге қол жеткізген.

Нариман Абдрахманов – Әсет Найманбаев атындағы І Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының, Мәдениет Ешекеев атындағы конкурстың бас жүлдегері, І Халықаралық Тұрсынғазы Рахимов атындағы конкурстың, Дәнеш Рақышев атындағы Республикалық байқаудың, Мұқағали Мақатаев атындағы облыстық конкурстың І орын иегері, Иманжүсіп Құтпанұлы, Мәди Бәпиұлы атындағы Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының және т.б.  конкурстардың лауреаты.

Айсәуле Қайырғазина – Мұхит Мералыұлы, Ғарифолла Құрманғалиев, Мекес Төрешов атындағы байқаулардың және облыстық, республикалық дәстүрлі әншілер арасындағы олимпиадалардың лауреаты, Тұңғыш Президент атындағы стипендия иегері. Башқұртстан Республикасының Сибай қаласында  жасөспірімдер арасында өткен "Аспаппен ән салу" номинациясы бойынша ІІ орын иегері.

Ерғали Ағайдаров – "Күміс көмей, жезтаңдай" атты Республикалық конкурстың І орын иегері, Кенен Әзірбаев атындағы байқаудың ІІІ орын, Новосибирск қаласында өткен Халықаралық Дельфилік ойындардың ІІІ орын иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұйымдастыруымен Республикалық дәстүрлі әншілер арасында өткен олимпиаданың  І орын иегері.

Екінші күні концерт беруші Жасұлан Сақаевтың орындаушылық мәнері лирикалық шығармаларға бейім. Осыған орай әншінің есеп беру концерті лирикалық поэзия нұсқаларымен, монологтар мен өмірбаяндық-поэтикалық үзінділермен көмкеріліп отырады.

Концерттің бір ерекшелігі – кеш авторының өзін театр актері ретінде сынап көруі болмақ. Атап айтқанда, Естайдың атақты «Құсни-Қорлан» әні театрланған көрініс түрінде орындалады. Кештің жанрлық ауқымы кең, бұған дәлел ретінде әншінің бір топ әнші қыздармен айтысқа түсуін атап көрсетуге болады. Жасұлан Нұрбекұлының негізгі репертуарын Арқа әншілік дәстүрі құрайды, атап айтқанда онда Абай, Шәкәрім, Үкілі Ыбырай, Әсет, Ақан сері және халық әндерінің басы молырақ. 

А. Оралқызы