Каподастр – гитараның негізгі сайманы

Каподастр – гитараның негізгі сайманы
Фото: pimamusic.ir

Гитарада ойнай білетін қауым арасында каподастр ұғымы кеңінен танымал. Аспаптың дауысын өз дауысыңызға лайықтап алу үшін қолданылатын құралдың маңызы зор. Бұл құралдың көлемі де кішкентай, ыңғайлы болғандықтан алты ішекті аспаппен ән шырқайтын кәсіби мамандардың керекті құралдарының қатарынан міндетті түрде табылады.

Каподастрдың бірнеше түрі бар. Десе де, барлығының қызметі бір. Аспаптың мойнындағы алты ішекті ала қылмай, барлығын бірдей қысып тұрады. Көбінесе серіппелі кападастр сенімді әрі сапалы болғандықтан кеңінен қолданылады.

Каподастрды таңдау айтарлықтай қиындық тудыра қоймайды. Десе де, ең негізгі алғышарттарды білгеніңіз дұрыс. Құралда гитараға зақым келтіретін артық зат болмауы керек. Көбіне көркемделген түрлері аспаптың мойны қажалып, жарамсыз болып қалуына әкеп соғады. Каподастр аспаптың мойнына киілгенде қозғалмай берік тұру керек. Сонымен қатар, оның ішектерді жабатын табаны жұмсақ материалдан жасалуы керек. Көбіне, табаны резеңкеден жасалған каподастр ұзаққа шыдас береді және дыбыстың таза шығуына кедергісін келтірмейді. Ешқашан табаны қатты заттан дайындалған каподастрға қызықпаңыз.

Құралды аспаптың мойнына кигізбес бұрын, гитараның дыбысын дәлдікпен жөндеп алу керек. Құлағы таймай, каподастр дұрыс тағылған гитарадан дыбыс ерекше ырғақпен шығады. Каподастр перненің дәл ортасына орналастырылады. Қатар тұрған екі перненің ортасындағы шекараға қыстырылған каподастрдан жағымсыз, шу аралас дыбыс шығады. Егер сіз орындайтын ән барынша жіңішке дауысты қажет ететін болса, онда каподастрды төменгі пернелерге қарай түсіре бересіз.

Алты ішекті аспапта ойнайтын әуенге құмар жандар үшін каподастр таптырмайтын құрал. Оның маңызы мен пайдасынан хабардар болған болсаңыз, міндетті түрде сатып алуға тұрарлық дүние. Бұл құралды гитарадан бөлек, мандолин, балалайка сияқты музыкалық аспаптарға да қолдануға болады.

А. Қажиев