Ұйқысыздықтан арылтатын музыкалық альбом

Ұйқысыздықтан арылтатын музыкалық альбом
Фото: www.today.com

Британиялық диджей Том Миддлтон ғылыми зерттеу негізінде альбом жазған алғашқы музыкант атануы мүмкін. Өйткені, оның жаңа таспасы ұйқысыздық дертіне шалдыққандар үшін таптырмас дүние болғалы тұр.

Миддлтон музыка саласындағы өнерпаздарға ашық аспан астындағы концерттер және түрлі фестивальдер арқылы таныс. Оның мансабы 1990 жылдары басталған. Диджей, ремиксер әрі продюсер ретінде Том бір-біріне үйлеспейтін бағыттағы сан алуан әуеннен біртұтас туынды жасауға өте шебер.

Ширек ғасыр гастрольдік сапарларда жүрген өнерпаз басқалар секілді ұйқысыздықпен бетпе-бет келеді. Осы себепті Том нейробиологтармен бірлесе альбом жазуды қолға алады.Ондағы барлық тректер тыңдарманды релаксация күйіне енгізіп, жүрек соғысы мен тыныс алуын бәсеңдетеді. Осылайша әсерлі әуенге тербеле жайбарақат ұйықтап кетеді.

"Қазіргі таңда дүкендерде сатылатын тыныштандырушы әуендер топтамасы жазылған дискілердің шын мәнісінде солай әсер ету-етпеуі ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Сондықтан, бұл мәселені алғашқылардың бірі болып қолға алдым,"– дейді Том. 

Музыканттың айтуынша,  Sleep Better  альбомына арнап жазылған әуендер оның шығармашылығындағы ең көп күш-қуатты талап еткен туындылар екен. Ал, ғылыми тәжірибе оның расында да ұйқысыздықтан арылтатынын көрсетті.

А. Оралқызы