Исаак Реалдың "Кім сендей" атты әні шықты

"Қазақстан дауысы" жобасынан кейін танымалдығы артқан кубалық Исаак Реал қазақ эстрадасында ән айтып жүргеніне бірнеше уақыт болды. Қазақ әндерін өзіндік латын-америкалық бағытта орындап жүрген азамат бүгінде өз тыңдармандарын да жинап үлгерді.

Ең алғаш Ақылбек Жеменейдің «Қызыл өрігін» орындап, бөрігін аспанға атқан Исаак қазақ қоғамына бірден жатталды. "Көрші елдің өкілі болса мейлі ғой, мұхиттың арғы жағынан келіп қазақ әніне әуесі кеткен бұл қандай азамат?" деп қайран қалысты.

Әнші Исаактың төбесіне алма құламаса да, Ньютонның тұжырымдамасындай оның да өзіндік заңдылықтары бар. «Өмірімнің көп уақытын музыкаға бөлемін. Музыка – менің өмірім. Толық бір күннің 99 пайызы музыкаға арналады» деген еді осыдан 1 жыл бұрын massaget.kz порталына берген сұхбатында.

Әнші Реал жұлдыздар шоғырын жинаған Реал Мадридтей әлемге танымал болғысы келеді. Бұл жетістікке жету жолы ауыр, соқпақты екенін жақсы біледі. Бұл – өмір. Қуаныш пен қиындық қатар жүреді. Әр Реалдың өз Барселонасы бар екенінен де хабардар.

Алматы қаласында тұрып жатқанына бұл кезеңде жеті жылға жуық уақыт өтті. Қазақстаның көптеген қаласында концерттік бағдарламалармен қонақта болған әнші қазақ халқының қонақжайлылығын әрдайым айтып жүреді. «Кубалықтардың да қазақтарға ұқсас жері, осы қонақжайлылығында. Шымкентте жүрсем өзімді өз елімде жүргендей сезінемін. Шымкенттіктер қарапайым, ашық жарқын және қонақжай» дейді Исаак мырза.

Әншінің шығармашылығы үшін ағымдағы жыл өте сәтті әрі жемісті жыл болмақ. Осы мезгілде қазақтілді тыңдармандарды бірнеше әнмен қуантқан азаматтың шығармашылық ізденісі жетістікке жетелеуде. Исаактың соңғы әндерінің қатарындағы «Кім сендей» туындысының лирикалық бейнебаяны да шықты.