Әлішер Кәрімов: "31 арна әрқашан өз биігінде!"

«I`m a singer Kazakhstan» жобасына қатысты ашылмаған құпиялар мен жауабы жоқ сұрақтар халықты мазалай бастағалы біраз уақыт болды. «Мұндай ауқымды байқау қалай өтеді? Оған Димаш қатыса ма? Жобаның қатысушылары кімдер?», - деген сұрақтар қызу талқыға түсіп жатыр. Ұйымдастырушыларға микрофон тоссақ болды, уақытында көресіздер, сабырлы болыңыздар деп жылы жымиып құтылып кетеді. 

Есесіне, қатысушылардың тағдырын шешуде үлкен рөл атқаратын сарапшы қазылардың құрамы белгілі болды. Қазақстандық музыка сүйер қауымға айтар сүйіншіміз бар: қазылар алқасының құрамына ерекше дауыс иесі, елімізге белгілі әнші, халықтың сүйікті ұлы Әлішер Кәрімов енді. Әлішер кезінде «Superstar Kz» жобасына қатысып, халық арасында танымалдыққа ие болған әнші. Одан кейін де көптеген халықаралық байқауларда еліміздің намысын қорғап, бірнеше мәрте медальдармен, жүлделермен оралды. Ең бастысы, бүгінде Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де оның өнеріне табынатын жанкүйерлері көп. Сарапшылар құрамында Әлішердей талантты әрі кәсіби музыкант отырғанда, байқауда қалай жеңіске жетуге болатынын айтудың өзі артық шығар. Есесіне, сіздерге Әлішердің қазір қандай күйде жүргенін, шоуға қатысты не ойлайтынын ұсынғымыз келеді: 

- Мен де өнер жолын осындай жобадан бастадым, - деп жалғады ол сөзін. – Қазір де «I`m a singer» жобасында жұмыс істейтінімді ойласам, дәл сол кездегідей қобалжи бастаймын. Өзімді қатысушылардың орнына қоямын. Олардың қандай күйде болатынын жақсы түсінем. Сондықтан жай ғана қызыл сөзбен шығарып салмай, пайдалы кеңестер мен орынды сын айтқым келеді.

Байқауды қазірдің өзінде Қытайдағы нұсқамен салыстыра бастағанын айта келе Әлішер былай деді: 

- Әр елдің өз талғамы, менталитеті, қалауы, ерекшелігі бар. Қытайдағы тыңдарман бір әнді ұнатса, біз мүлде басқа әнді жақсы көреміз. Мұндай жобаларда орындалған репертуар көп жағдайда осындай факторларға тікелей байланысты. Ал шоудың техникалық жабдықталуына келетін болсақ, бәрінің жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Өйткені 31 арнаның әрбір жобаға аса мұқияттылықпен қарайтынын жақсы білемін.  Егер олардың шеберлігіне иненің көзіндей күдігім болсам, мен бұл жобаға қатысуға ешқашан келісім бермес едім. Қазақстанның алдында эстрадалық мәдениетін әлемдік деңгейге көтеру мүмкіндігі тұр.

«I`m a singer Kazakhstan» 24 қыркүйек күні сағат 21:00-де 31 эфиріне жол тартады! Жаңалықтардан құр қалмай, еліміздің ең ауқымды, ең айтулы шоуын назарда ұстаңыздар!