Тасадағы талант: Димаштың замандасы

Қоғамда «талант бар, таныс жоқ» деген кертартпа пікір пайда болғаны аян. Бұл сөздің қалай әсер етерін анық білу қиын, бірақ осы сөз үшін таланттарын бағаламай жүрген жастар мен өнерлі жандар көп. Дегенмен өнерім халық үшін деп жар салып жүрген әнші, биші, ақындар бар. Солардың бірі – Нұрхан Өмірхан. Нұрханмен жолымыз түсіп жақсы бір әңгімеге тартып едік, сырын ақтарып салды. Айта кету керек, Нұрхан Димаш Құдайбергеннің замандасы әрі жерлесі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі, әнші жігіт бүгінде түрлі мейрамханаларда ән айтып, нәпақасын тауып жүр. 

– Нұрхан жалпы дауысы бардың бәрі әнші ме? 
– Олай деп айта алмас едім. Себебі дауыс бар деген адамдардың бәрі ән айта алғанымен, ол біліктілікке жатпайды. Сондықтан нағыз әнші болу үшін арнайы мектептен өту керек немесе музыкалық білім алу керек. 

– Өзіңде осы музыкалық білім бар ма? 
– Менде музыкалық білім жоқ бірақ сауаттылық бар. Біріншіден, әнші болу екі түрлі бағытта болады: бірі – талант, бірі – еңбек. Талант туа бітеді. Бәлкім мендегі дауыс, ән салу өнері туа бітті қасиет шығар. 

– Отандық әншілерді жиі тыңдайтын боларсың. Кімді үлгі тұтасың? 

– Арнайы мына адам деп айта алмаймын. Себебі қазір кімнің дауысы нағыз дауыс екенін де ажырата алмай қалдық. Оған басты себеп бәлкім той-бизнестің белең алып, сахнадан нәпақасын таба алмаған әншілердің дайын дауыспен тойда ән салуы болар. Дегенмен Сәкен Майғазиев сынды аға буын әншілер үлгі тұтуға лайық. 

– Түсінікті. Жаңа өзің той деп айтып қалдың, тойда ән саласың ба? 

– Жоқ деп айтсам өтірік болар. Иә, ән саламын. Қазіргі жұмысым да тойда ән салу болмаса да, мейрамханаларда ән саламын. Бірақ мен дайын дауыста емес, таза дауыста орындаймын. Бұл менің басты ұстап отырған көзірім деуге болады. 

– Өзіңнің жерлесің, замандасың Димаш жайлы не айтасың? 

– Димашты жұлдыз болмай тұрған кезінен сырттай білемін. Жақын бір-екі ортада болған да шығармыз. Бір анығы оның дауысы қай елде болмасын жұлдыз болуға лайық еді. Біздің қазақы болмыс пен сана оның дауысын қабылдай алмады. Әйтпесе Витастың шыңғырған әндерін Совет үкіметінен келе жатқан жұрт естімеді дейсіз бе?! Естіп өсті. Тек Димашты қабылдай алмады. Ал оның бағын ашқан Қытай елі болды. Димаш сөзсіз нағыз талант иесі. Себебі оның бойында жоғарыда айтып өткен екі бағыт та бар: талант пен еңбек. 

– Жұлдыз демекші, өзінің қандай атақ-дәрежең бар? 

– «Қазақстан дауысы» жобасында бақ сынап көрдім. Жолым болмады десек болады. Бірақ ол маған кедергі болған жоқ. Республикалық, облыстық түрлі ән байқауларында топ жарып жүрдім. Ең үлкен жетістігім осыдан бір ай бұрын ғана Түркия жерінде өткен Халықаралық ән фестивалінде Бас жүлде алуым болды. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Сол жетістіктің арқасында келесі бір өтетін халықаралық үлкен ән сахнасына жолдама алдым. 

– Құттықтаймыз! Өзің мейрамханаларда ән саламын деп отырсың. Халық қандай әндеді сүйіп тыңдайды? 

– Мойындау керек, қазақ тіліндегі әндерден гөрі, орыс тіліндегі әндер өтімді. Одан қала берді тау халықтарының әнін жақсы тыңдайды. Ал отандық әншілерден Қайрат Нұртас, Төреғали сынды әншілердің қимылға икемі келетін әндерін тыңдайды. Халықтың талғамы өскен. Себебі қазір дайын дауысқа жазылған әндерді тыңдаудан шаршаған. Ана жолы  мейрамханаға бір апамыз келді. Балам дауысың жақсы екен, қазақша бір-екі ән орындап берші, құлақ құрышы қансын деп тапсырыс берді. Айтуынша, "тойдағы өтірік әншілерден шаршаған" көрінеді. 

– Иә, бұл қазіргі қоғамдық мәселеге айналып отыр. Дайын асқа тік қасып болған әншілердің бағы басым. Неге? 

– Продюсер жақсы болу керек. Одан қала берді әннің жасалу құрылымы ерекше болса, құлаққа жағымды болса, айтылу ортасы, аудиториясы кең болса танымал болуға болады. Негізінде ортамызда таланттар көп. Біз оларды бағаламай жүрміз әлде байқамаймыз. Мейрамханаларда ән салатын достарым бар. Тұнып тұрған таланттар. Бірақ оларды көтеретін продюсер керек. Кейде бәлкім олардың элитада емес, сол ортада халық үшін жүргені де дұрыс шығар депойлаймын. Себебі көтеріліп кетсе, құлдырап кетуі бір-ақ сәт қой. 

– Сөзің орынды. Арманың, мақсатың қандай? 

– Әрине, әнші болу. Өзім тіл маманы болғаныммен, табиғатымнан әнге жақынмын. Келесі жылы құдай жол салып жатса, осы музыка саласы бойынша шет елде білім алсам деймін. Осы мақсат жолында қазір қажеттіліктің басын құрап жүрмін. 

– Жасырын болмаса, мейрамханаларда ән салып қанша ақша табасың? 

– Көп те, аз да емес. Айына шаққанда кейбір адамдардың екі-үш айлық есебіндегі ақша табамын. 

– Қандай дауыста ән саласың? 

– Қазақы қоңыр дауысқа салып жеңіл әндерді орындаймын. Ал негізгі ән салу бағытым жуан тонды ұстайтын баритон жанры. 

– Сұқбатыңа рақмет! 

– Сізге де алғыс! 

Тасадағы таланттардың ескерілмей қалатыны шындық. Оларға қолдау керек. Бірақ қолдау жасау үшін таныс керек дейміз. Бәлкім бұл қатып қалған ойдан арылатын кез келді... 

Сұқбаттасқан: Марғұлан Ақан