Бүгін халықаралық музыка күні!

Бүгін халықаралық музыка күні!

Бұл халықаралық атаулы күнді ең бірінші болып кеңестік сазгер, педагог әрі қоғам қайраткері Дмитрий Шостакович ұсынған болатын. Ал ЮНЕСКО шешімімен ресми түрде 1975 жылы 1 қазаннан тойлана бастады. Бір өкініштісі, мерекенің авторы Дмитрий Шостакович дәл осы 1975 жылы қайтыс болған.

Бұл мерекенің мақсаты – қоғамда музыкалық өнердің насихатталуы және ең бастысы – адамдар, халықтар арасындағы мәдени эстетикалық құндылықтарды түзу.

Иә, адамның музыкасын өмір сүруін елестетудің өзі қиын. «Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй». Абай айтқан. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, ежелгі адамның тұрағы  саналатын Африканың жартас қатпарларында музыкалық аспаптарда ойнап тұрған бабалардың суреті бар. Қазбалардың нәтижесінде 2000 жылдай уақыт бұрынғы аспаптардың табылуы адамзат мәдениетінің тым ежелден бар екенін айқындап тұрған сыңайлы.

Ән – қанатыңды қатайтып, көңіліңді көтереді. Жүректен шығып, жүрекке жетеді. Қазақтың дәстүрлі әндері, әрқайсының да тарихы телегей болған мектептер бар: Арқа мектебі, Жетісу мектебі, Маңғыстау мектебі (Батыс мектебі), Сыр өңірі мектебі. Қоғамдық талғам әр кезеңде өзгеруі де мүмкін ғой, десек те, тағынан түспейтін ән маңызын ешқашан жоғалтпақ емес.

Қазір ше? Қазір де адам баласына музыка қажет. Тіпті тылсым күшімен адам жанын баурайтын қасиетін байқасақ болар еді. Тұманды тарихта шертілген бір-екі нотаның өзі бүгінге дейін жетіп, музыканың алтын қорында сақталып жатыр. Олар – мәңгі...

Қасымхан Бегманов, ақын, Қазақстан Жастар одағы және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты:

- Бұл мереке өркениетке жеткен елдердің бастамасынан шыққан тамаша үрдіс! Тек, біздің, қазақ халқының қазір базардың төңігерінде жүргені жанға батады. Қаншама әнге сөз жазып жүрген мен бұл мереке туралы естімеппін. Әйтсе де, қолдаймын. Елімізде де кең түрде аталып өтуі тиіс қой. Әнге келсек, өзінің тамырынан айырылған, жасанды, құрама әндерді тыңдасам жүрегім ауырады. Ең бастысы, ән – жүректі тербеп, жанды баурауы керек. Өз басым қандай да бір әнге жазған сөзім үшін ақша сұрап, қаламақы дәметкен адам емеспін. Ақша үшін өнермен шұғылдану – қатерлі. Ұлттық болмыстан алыстаған ән ұзаққа бармайды. 1 қазан – Халықаралық ән күні болса, күз, музыка, муза... Өте сәтті таңдалған кезең. Қуанып отырмын, шынында.

Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ

Сурет: qazaquni.kz сайтынан

А. Құлтай