Голливудтың “Даңқ алаңы” жаңа жұлдызбен толықты

Даңқ! Даңқ! Қай жағыңнан келуге болады саған?
Алдыңнан келсе – тістейсің, артыңнан келсе – тебесің. Қуғанға – жеткізбейсің, қашқанды – құтқармайсың. Сен деп өліп-өшкеннің жанына жуымайсың. Ал енді атақ-даңқта шаруасы жоқ, жазу үстелінен бас көтермей, ғұмыры үнемі ізденіс үстінде ететін еңбекқор сорлылардың соңынан қалмайсың. Біреулерді адам басы айналар биікке шығарсаң, біреулерді сондай биіктен шыңырау түбіне сүйектей лақтырасың. Қай жағыңнан келуге болады саған?!

Қадыр Мырза Әли

Ал Maroon 5 поп-рок бағытындағы музыкалық тобының мүшесі Адам Левин даңққа қай жағынан келуге болатынын білетінге ұқсайды. Өйткені, өткен аптаның аяғында Голливудтың “Даңқ алаңында” Левин атындағы жеке жұлдыз ашылды. Аталған шараға Адам Левиннің отбасы мен өнеріне табынушы жұртшылық бір адамдай жиылды.

Атап айтатын болсақ, ең алдымен, музыканттың жары, модель Бехати Принслу және 4 айлық қызы Дасти Роуз алдыңғы қатардан орын алды. Дүние есігін енді ашқан сәбидің жұртшылық алдына алғаш шығуы әкесінің “Даңқ Жұлдызының” ашылу салтанаты болды.   

Сондай-ақ, қонақтар қатарында Адам Левиннің анасы мен туған інісі және Блейк Шелтон, Гвен Стефани, Сэмми Хагара сынды әлемге танымал достары болды. Олардың барлығы музыкантты құттықтап, оның өз саласына сіңірген еңбегін атап өтті.

Шара соңында сөз алған Адам Левин: “Біз Maroon 5 тобын құрған кезде бар болғаны 14-15 жасар бала едік. Тынымсыз еңбек пен музыкаға деген махаббат бізді даңқ алаңына жетеледі. Менің өнерімді сүйетін барша адамға рақмет”, — деді.