Ұлықпан Жолдасов: Анамның сол түсі орындалды…

Қазақ эстрада өнерінде аянбай еңбек еткен музыканттардың бірі Ұлықпан Жолдасов "Ақжүніс Астана" журналына берген сұхбатында өмірі мен шығармашылығы жайлы айтты.

Әнші бойындағы өнердің ұшқыны қанмен келген деп есептейді. Себебі әкесі Мырзабай домбырамен ән айтып отыратынын, анасы да өнерден құр алақан емес екенін білдірген. Ол туралы Ұлықпан Жолдасов: "Мен «Қырықбаймын», шешем мені қырыққа келгенде дүниеге әкелген. Үйдің кенжесімін. Негізінде әке-шешемді бағып, қара шаңырақта отыратын баламын ғой. Музыкаға әуестігімді, халыққа танылғанымды көріп, анам: «Балам, сен үлкен сахнаға шық, өнеріңді еліңе арна…» деп ақ батасын берді. Отбасымызда 6 ұл, 1 қыз. Ерке болған жоқпын. Мектепте жақсы оқушы болдым. Құрмет тақтасында суретім ілініп тұратын. Ешқашан сабақтан қашқан емеспін. 5-6 сабақтарда өзгелер қашып кетсе де, мен баратынмын"- деді. Ал мектептен кейін дұрыстап білім алмаған Ұлықпан оқығанынан гөрі тәжірибесі көп екенін айтқан. Тіпті Алматыдағы эстрада-цирк колледжіне 4 рет оқуға тапсырып, 4 рет белгілі себептермен оқымаған көрінеді.

Бармақтай бақ пен еңбектің арқасында елге танылған әншінің өзі де, анасы да жақсы түс көрген екен. "Өзім бірде түс көрдім. Ахметхан деген молданың үйінен келіп, Айған шай жасағанша, залда кілем үстінде ұйықтап қалыппын. Қас пен көздің арасында дейді ғой. Түсімде аппақ құстар ұшып бара жатыр екен. Әдетте құстар бытыраңқырап ұшпай ма? Мына құстар сызғышпен сызып қойғандай, түзу сызықпен тіп-тіке ұшып бара жатыр. Ұшып бара жатыр ма, әлде ұшып келе жатыр ма – түсінбей де жатыр екенмін. Қасымда Айдарбек Оңайбаев деген досым бар екен, содан сұрап жатырмын. «Бері қарай келе жатыр ғой» деп ол айтып жатқанда оятып жіберді. Дастархан басында анама айттым. Жақсы болады екен, бар жақсылығың, ризығың қайтады екен деп жорыды. Ана ғой енді. Сосын өзінің түсін айтты. Түсінде бүкіл ауыл болып асау атты ұстай алмай жүр екен. Соның жалынан ұстап, мен мініп кетіппін. «Біздерді бір айналып, ұзаққа шауып кеттің. Бүкіл халық міне алмай жатқанда, сен тізгіндедің, ұзаққа шабады екенсің…» деді. Содан көп ұзамай бір жылдың ішінде үй алдым, Алматыға кеттім, «Тамашаға» шықтым, «Алтынайлатып» ән айттым, теледидардан көріндім. Ең бастысы, түсті жақсылыққа жору керек. Анамның сол түсі орындалды деп ойлаймын…" - деді.

Музыкант бала кезінде әлемді аузына қаратқан гитарист болсам деп армандаған. Десек те Ұлықпанды әлем танымаса да, қазақ еліне белгілі азамат болды. Тек белгілі әнші ғана емес, қазақ музыка өнеріне әсем әндер қосқан композиторға айналды. Орындалмаған бала арманы жайлы былай деп еске алды: "Бірақ оған жете алмадық қой. Гитараны серік қылғаныма 39 жыл болыпты. Бала кезімде гитара тапшы болды. Менде болған жоқ. Ол кезде көп нәрсе дефицит еді ғой. Маған гитара мен велосипед арман болды. Велосипед міне алмадым. Себебі қаладан алыс жақта тұрдық та, біз дүкенге барғанша бітіп қалатын. Ана ауылда немесе мына ауылда гитара бар десе, іздеп барып ойнайтынмын. Артынан клубһ ансамблінің құрамына кіргеннен кейін, клубтың гитарасымен ойнап жүрдім. «Урал», «Тоника» деген гитаралар болатын. Соған қызығатынбыз. Иса деген ағам гитараны қолдан жасайтын. Соны даңғырлататынмын. Телефонның сөйлейтін жағындағы мембранасын алып, оны гитараға жапсырып, екі сымын радиоға қосып, шыққан дыбысты естіп, тоқ гитара деп мәз болатынбыз".

Дереккөз: baistars.kz