Балалар ең үздік пианистерден тегін білім ала алады

Балалар ең үздік пианистерден тегін білім ала алады

Қазақстанның барлық аймақтарының балалары ақпан айында белгілі пианисттер мен мұғалімдерден тегін білім ала алады, деп жазады bnews.kz.

“Astana Piano Passion” классикалық музыка фестивалі мен жас пианисттер байқауына дайындық аясында, Астана мен Алматы қалаларында, ақпан айында белгілі пианисттер мен мұғалімдердің шеберлік-сыныптары өтеді. Олардан Қазақстанның барлық аймақтарының балалары тегін білім ала алады. Ол үшін, шеберлік-сыныпқа қатысуға өтінімді қазірден бастап, байқаудың Ұйымдастыру комитетіне 8 7172 705 335 телефоны арқылы немесе info@astana-app.kz электронда поштасына жіберу керек.

Фестиваль мен байқаудың негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстанда фортепианолық өнерді дамыту. Бүгін қаланған кірпіштің, бірнеше жылдардан соң, біздің елімізде әлемдік дәрежедегі жұлдыздардың тууына негіз болатыны анық. Балаларды ынталандырып және жас буынды музыкамен айналысуға тартуда, “Astana Piano Passion” байқауының маңызы аз емес. Өйткені, классикалық музыка жастардың рухани тәрбиесінің негізі екені белгілі.

Балаларды байқауға дайындау үшін, шәкірттері әлемге әйгілі халықаралық алаңдарда жарқырап жүрген үздік мұғалімдер шақырылады. Бүгінгі таңда, Қазақстанның талантты балалары үшін, олардың нақ осы білімдері мен тәжірибелері керек-ақ.

Шеберлік-сыныптардың нақты өту күндері әзірге белгісіз, бірақ дайындықтың бір аптадан бір айға дейін уақыт алатыны қазірден аян. Осы уақыт ішінде балалар “Astana Piano Passion” жас пианисттер байқауына ҚазҰӨУ (Шабыт) және Қазақ Ұлттық Консерваториясының залдарында белсенді түрде дайындалатын болады.

сурет: blogspot.com

Е. Қайрахан