Қазақ әншілерінің 2014 жылғы басты жетістіктері

Биылғы жыл қазақ әншілері үшін табысты болды. Әншілеріміз халықаралық музыкалық байқауларда жүлдегерлер қатарынан көрініп, ел мерейін үстем етті. Шет елдік байқауларда жеңімпаз атанып, көрермен көңілін тасытқан әншілерге тоқталып өтсек.

1. Жанар Доғалова

Бұл жылы Жанардың жетістігі бәрімізді қуантты. Ол Ресейдің Қазан қаласында өткен Turkvizyon-2014 байқауында бас жүлдеге ие болып, қазақ әншілерінің қабілет-қарымының қаншалықты мықты екенін бір дәлелдеп берді. Жанар "Ізін көрем" атты әнін шырқап, қаншама қатысушының ішінен қара үзіп шықты.

2. Салтанат Ахметова

Опера әншілері де олжалы болды. Қазақстандық опера әншісі Салтанат Ахметова Ресей астанасында өткен «Үлкен опера» телевизиялық байқауының жеңімпазы атанды. Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясында өткен жас орындаушылар байқауында жерлесіміздің өнеріне ресейлік көрермендер айрықша қошемет көрсетті.

3. Батырхан Шүкенов

Отандық танымал әншілердің бірі Батырхан Шүкенов "Ресей-1" телеарнасында "Жанды дауыс" деп аталатын ресейлік шоудың көктемгі маусымын жеңіп алды. Белгілі әндер шырқалатын "Жанды дауыс" шоуы көрермендер көп қызығушылық танытуы себепті жоғары рейтингке ие болды.

4. Мұхаммедәли Жүгінісов

«Балалардың Жаңа толқыны-2014» байқауында ел намысын қорғаған Мұхаммедәли Жүгінісов үшінші орынды иеленді. Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әнін орындаған жерлесіміздің шеберлігін қазылар алқасы жоғары бағалады. Мұхаммедәли балаларға арналған байқауда жүлде алса, өкінішке орай, "Жаңа толқын" музыкалық фестивалінде жерлесіміз Әлішер Кәрімов жеңіске жете алмады.

5. Анатолий Цой

Жылдың тағы бір айтулы жеңісі алматылық әнші Анатолий Цойдің үлесіне тиді. Ол "Қалауымыз – Меладзе" жобасында жеңіске жетіп, Меладзенің «M-Band» тобының құрамына қосылды. Алғашқы күннен бастап қазылар алқасының көзіне түскен Анатолий аз ғана уақыттың ішінде орыс көрермендерінің көзайымына айналып үлгерді. Цойдің жеңісінен кейін белгілі әнші Анна Седокованың өзі қазақша «сөйлеп» кетті. Ол Instagram-дағы жеке аккаунтында Қазақстандағы көрермендерді жерлестерінің жеңісімен қазақ және орыс тілдерінде құттықтап, алғыс білдірді. Бұл байқаудан кейін Анатолий Цой танымал продюсер Константин Меладземен келісімшартқа отырып, Ресейге көшіп кетті.

"Қалауымыз – Меладзе" жобасында Анатолий Цоймен бірге біздің елдің атынан Әлібек Әлмәдиев пен Фариз Мамедов қатысқан болатын. Ертең яғни, 24 желтоқсан күні дарынды әнші Әлібек Әлмәдиевпен болған сұхбатты Массагет порталынан оқи аласыздар.

Сурет: art.gazeta.kz, tvkultura.ru, matritca.kz