Нелли Фуртадо Астана күніне келеді деген ақпарат техникалық қате болып шықты

Астана күні шеңберінде ұйымдастырылатын «Асқақтай бер, Астана!» концертіне Нелли Фуртадо келеді деп хабар берген ұйымдастыру кабинетінің медиа-штаб өкілдері бұл ақпараттың техникалық қате екенін хабарлады. Tengrinews.kz ақпараттық агенттігіне елорданың 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау мен өткізу жөніндегі ұйымдастырушылардан осындай ақпарат келіп түсті.

«Медиа-штаб редакторының техникалық қателігінен жалған ақпарат таралды. Нелли Фуртадоның Астанаға келуі жоспарланбаған да», - деп мәлімдеді медиа-штаб өкілі.

Бұған дейін ұйымдастырушылар 6 шілде күні Астанада өтетін гала-концерттің басты қонағы Нелли Фуртадо болады деп мәлімдеген болатын. Медиа-штаб ұйымастыру комитетінің айтуынша, Астананың 16 жылдық туған күні аясында өтетін «Асқақтай бер, Астана!» гала-концертіне шетел және отандық өнерпаздар қатысады. Олардың ішінде «Blue» және «Пицца» топтары, Полина Гагарина және отандық әншілерден The Jigits тобы, Ғалымжан Молданазар, Қайрат Нұртас және т.б. бар.

Сурет: yebb.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина