Нелли Фуртадо – Астана күнінің басты қонағы

Астана күнінің 16 жылдық туған күніне орай ұйымдастырылатын «Асқақтай бер, Астана!» концертінде канадалық әнші Нелли Фуртадо өнер көрсететін болады. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпараттық агенттігі хабарлады.

Ұйымдастырушылар бұл жылғы би кешінің басты қонағы Нелли Фуртадо екенін айтып отыр. Мерекелік концерт 6 шілде күні сағат 19:00-де «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді.

Оған қоса, шетелдік өнерпаздардан «Blue» және «Пицца» топтары, Полина Гагарина Астана күніне ат басын бұрмақшы. Отандық өнерпаздардан The Jigits тобы, Ғалымжан Молданазар, Қайрат Нұртас және т.б. өнер көрсететін болады.

«Астана күні шеңберінде қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының гала-концерті осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Концерт – Астана жастары үшін тамаша сый. «Асқақтай бер, Астана!» тіпті брендке де айналып үлгерді», - дейді ұйымдастыру кабинетінің медиа-штаб өкілдері.

Сурет: www.lifo.gr

Дайындаған: Анар Мұстафина