"Генийлер және Аутсайдерлер". Малкольм Гладуэлл

"Генийлер және Аутсайдерлер". Малкольм Гладуэлл
Фото: www.behance.net

Кітап хоккей ойыншылары туралы зерттеуден басталады. Зерттеу нәтижесі бойынша, хоккейдегі ең беделді ойыншылар - қаңтар, ақпан және наурыз айларында дүниеге келгендер. Бұл жыл басында туылған ойыншылар жыл соңында туылғандардан бір жасқа үлкен екенін айғақтайды. Бір жағынан мұның ешқандай маңыздылығы жоқ сияқты көрінеді. Бірақ мектепте іріктеуден өткен кезде жылы бір, бірақ жасы үлкен балалардың мүмкіндігі көбірек болады. Болашақ хоккейшілер мектеп құрамына енгеннен кейін, дайындығына қажет барлық жағдайды иемденеді. Америкалық журналистік осы зерттеуінен адамның туылған жылы да маңызды екенін түсінеміз.

"10 000 сағат" ережесі

Көптеген жылдардан бері ғалымдар таланттың бар не жоғын анықтауға тырысып келеді. Жетістікке жету үшін талант пен іс-тәжірибе болуы тиіс. Бірақ автор талантқа қарағанда тәжірибе маңызды рөл ойнайтынын айтады. Мысалы, бұрынғы бағдарламашы, қазіргі миллиардер Билл Гейтс өміріне үңілсек, оның сегізінші сыныптан бері компьютерді үйренуге мүмкіндігі болған. Билл кейінгі 7 жылын компьютерде бағдарламалауды үйренуге жұмсап, 10 000 жұмыс тәжірибесіне ие болады. Сол үшін де, мүмкіндігіне сеніп, Гарвард Университетін тастап кетеді. Оның одан кейінгі жетістігі айтпасақ та белгілі.

Әрине, бұл оңай шаруа емес. 10 000 сағат тәжірибе жинау үшін 10 жыл бойы күнделікті 3 сағаттан айналысу керек. Шахматта да әлемдік деңгейде жетістікке жеткендер көп сағатын шахмат тақтасы алдында өткізген. Тек америкалық шахматшы Бобби Фишер ғана әлемдік титулды ертерек алған. Нақтырақ айтсақ, 9 жылда алған. Бұдан қандай шешім шығаруға болады? Егер белгілі бір салада жетістікке жеткіңіз келсе, онымен кем дегенде, 10 000 сағат айналысуыңыз қажет.

Бестселлер авторы - Малкольм Гладуэлл.

Неге қытайлар математикадан алдына жан салмайды?

Оның басты себебі қытай тілінде болып отыр. Қытай тілінде сандардың айтылуында қолданылатын әріптер саны аз. Сандардың басым бөлігін 1/4 секундта айтуға болады. Мысалы, 8 - ба, 4 - си. Ал бұл сандардың қазақша эквиваленттері "сегіз" және "төрт" болады. Сандарды айту қиындаған сайын, оларды есте сақтау да күрделене түседі.

Малкольм Гладуэллдің айтуынша, көп еңбектің арқасында ғана жетістікке жетуге болады. Себебі IQ деңгейі жоғары адамдардардың барлығы да мансабымен жоғарылай алмайды. Айта кетсек, Геннадий Головкин өзінің спорттық мансабында 20 000 кәсіби соққы алса да тоқтамағаны үшін, Денис Тен жаттығу кезінде 10 000 рет құлағанына қарамай тырысуын доғармағаны үшін жетістікке жетіп отыр. Сондықтан нәтиже көрсету адамның өз қолында екенін ескеріп, тағы да бір рет ойланайық.

Ж. Өрісбай