Әлеуметтік желі: дұрыс қолдану – табыстың көзі

Әлеуметтік желі: дұрыс қолдану – табыстың көзі

Қазіргі кезде әлеуметтік желінің рөлі өте маңызды. Тұтынушының көзін үйрету мен табысты арттыру үшін көптеген жылдар бойы бір орында тапжылмай отырудың қажеті жоқ. Мобильді қызмет көрсету бағыты қарқынды даму үстінде.

Осы ретте мерекелік іс-шараларды ұйымдастыратын «My day» агенттігінің негізін қалаушы Бота Оспанова кәсібі мен жарнама беруде ғаламтордың маңызы жайлы ой бөлісті.

«Кәсібімді 2013 жылы студент болып жүрген кезімде бастадым. Оған дейін балаларды дамыту орталығында ерікті ретінде жұмыс істедім, біз әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, қолдағы заттардан костюмдер тігіп, актер болуды да үйрендік. Осы қасиеттер кейін өз кәсібімді ашуға үлкен септігін тигізді», – дейді мереке агенттігінің жетекшісі.

Жас кәсіпкер мерекелік іс-шаралар әлеміне алғашқы қадамын құрбысымен ортақтасып жасады. Ботаның айтуынша, Әсел есімді серіктесі де сол уақытта аниматор болып тәжірибе жинақтап жүрген. Болашақ кәсіпкерлер күш жұмылдырып, мерекелік агенттік ашуды көздеді.

«Бастамамыз алғашқы уақытта көп табыс әкелген жоқ. Кейін біз қызметімізді интернет желісінде жарнамалай бастадық. Сол уақытта ғаламтор аса әйгілі емес еді, біз өзіміздің саламызда жарнаманы әлеуметтік желілерде беретін алғашқы компаниялардың бірі болдық», –дейді Бота Оспанова. 

Жас кәсіпкерлер алғашқы уақытта «chocolife.kz» сияқты тегін акция порталдарында қызметтерін ұсынған. Бірақ ол сайттарда бәсекелестер көп болғандықтан «My day» агенттігі әлеуметтік желілерде жеке парақшаларын ашты. Жиі пост жазып, көбірек суреттер жүктелді. Соның арқасында қоңырау шалушылар мен кәсіпке қызығушылық білдіргендердің саны көбейді. Мерекелік агенттік ғаламтордағы жарнама арқылы табыстарын бірден екі есеге ұлғайтты.

«Бізде кәсіби сайт жоқ, табыс көзіміз – тек интернет желісі. Бұның тиімділігі әлде қайда жоғары екеніне көзіміз жетті. Адамдар бізге сенеді, жұмысымыздың сапалылығы жайлы пікірлерді оқи алады. Бұл интернеттің артықшылығы – адамдар пікір алмаса алады. Оған қоса, өзіміз де атқарылған іс-шара жайлы тапсырыс берушінің ойын интернеттегі парақшамызға салуды әдетке айналдырдық», – дейді жас кәсіпкер.

Бүгінгі таңда, мерекелік агенттіктің қызметі көбінесе ғаламтор арқылы ұсынылады және ауыздан ауызға тарайды. Кәсіпкердің айтуынша, бұл жол қарапайым адамдарға да өте тиімді, ешқандай қаражатты қажет етпейді. Әлеуметтік желідегі парақша жеке блог тәрізді. Оған сапалы суреттер мен орынды жазбалар салу маңызды.

«Қазір әлеуметтік желілерде біздің саламыздың өкілі өте көп. Сондықтан бұрынғыға қарағанда табыс табу қиынырақ, интернеттегі ақылы жарияланымдарға тапсырыс беруге тура келеді», – деп түсіндірді мерекелік агенттіктің жетекшісі.

Шағын және орта бизнестің, әсіресе, сату, қызмет көрсету бағытындағы жұмыстардың өсіп-өрлеуінде интернеттің маңызы зор екені айқын. Бұл пікірді «Ару» сұлулық салонының негізін қалаушы Айдана Пазылбекқызы да қолдайды. Жас кәсіпкер интернеттегі бизнес жайлы ой бөлісті.

«Ең алғаш бет әрлеуші мамандығын үйренгенде, әлеуметтік желі арқылы ақпарат алып, 10 күндік курсқа жазылғанмын. Сания Ильясованың жұмыс профайлы арқылы Астана қаласында «Бет әрлеуші – салон маманы» атты курстың болатынын біліп, бизнестің алғашқы қадамын 2016 жылдың қыркүйек айында бастадым», – дейді кәсіпкер.

Бет әрлеуші Айдана қол үйрету мақсатында әлеуметтік желілерге  жұмыстарын салып,өзін жарнамалай бастады.

«Бастапқы кезде, біріншіден, қорқыныш және өзіме деген сенімсіздік болғаны рас. Дегенмен, сұраныс аз болған жоқ. Жақсы жарнама болса, тұтынушыны табу қиын еместігін ұқтым», – дейді сұлулық салонының иесі.

Айдана 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап, сұлулық салонын жалға алып, жұмыс жасай бастады. Мамандарды жинау, жұмыс тәжірибесі жайлы деректер мен жалақы мәселесін шешуде де интернеттің ықпалын мойындайды. Сұлулық салонын жарнамалағанда, тікелей сайттарға, тегін жарияланым беретін ғаламтор желілеріне жүгінді.

«Қазір барлық қызмет түрін арнайы xештег арқылы іздеп, суретін немесе бейнеролигін көзбен көріп табуға болады. Мен SMM бағытындағы жарнамаларға жүгіне отырып, сұлулық салонның клиенттік базасын жасауға тырыстым», – дейді кәсіпкер.

Бүгінгі таңда, ғаламтор жарнама берудің тұрақты түріне айналды. Әсіре жастардың көбіне қызмет түрін іздеу мен ұсыну кезінде әлеуметтік желілерді қолдану ыңғайлырақ. Оған қоса бұл қызмет түрі ешқайда шықпай-ақ ақпарат алуға мүмкіндік береді, уақытыңды үнемдейді.

 Гүлдана Ахметжанова 

М. Ақан