Bastau Бизнес – халыққа қажетті жоба

Bastau Бизнес – халыққа қажетті жоба
Фото: palata.kz

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі жаңа бизнес көздерін ашу мақсатында «Bastau Бизнес» жобасы кәсіпкерліктің негіздері бойынша тегін оқытатын семинарларды өткізуге ұйытқы болып отыр. Бүгін өңірлерде оқу курсын аяқтаған азаматтар бизнес-жобаларын қорғап  та жатыр.

Ауыл жастарының көбі түрлі себептермен оқу орнына түсе алмай қалады. Басты себеп  жастардың құлшынысы емес, мүмкіндігі жоқтығында. Мемлекет бөлетін гранттар бәріне жете бермейтіні сөзсіз. «Ал дипломсыз жақсы жұмысқа орналаса алмайсың», деген қатып қалған қағида бар.  Жалақыңыз төмен не жұмыссыз жүруден шаршадыңыз ба? Өзіңе-өзің жұмыс істеу, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгергіңіз келе ме? Бұл мүмкіндікті «Bastau Бизнес» жобасының оқу бағдарламасы арқылы жүзеге асыруға болады.

«Bastau бизнес» бұл қандай жоба?

Жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Bastau Бизнес» жобасы кәсіпкерліктің негіздері бойынша тегін оқытатын семинарларды өткізуге ұйытқы болып отыр. Жобаның нәтижесі де айтарлықтай, ал ең бастысы халық үлкен қызығушылық танытып отыр.

«Bastau Бизнес» жобасы 2017 жылы 80 аудан орталығында ашылып, қызу жұмыс атқарып жатыр. Қазірдің өзінде жобаға қатысам деушілердің қарасы қалың. Келер жылы аудан саны 160-қа жеткізіледі. Мемлекеттің тапсырмасы бойынша, 15 мың адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланған.

30 күнге созылатын оқыту мерзімі 12 модульден құралады. Модульдер бизнесті енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін барынша пайдалы. Атап айтқанда, кәсіпкерлік психологиясы, бизнес жоспарлау, маркетинг, салық режимдері, өткізу нарықтары, құқықтық реттеуге қатысты барлық материалдар тәжірибелік тұрғыдан түсіндіріледі.

«Bastau Бизнесті» үздік тәмамдап, өз бизнес-жобасын сәтті қорғағандар 18 млн. теңгеге дейін жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен оңтайлы қаржыландыру, бизнес ашқан соң 12 айға дейін жан-жақты қолдаудан басқа тағы бір артықшылығы бар. Ол қатысушылардың бизнес-жобасын қорғауға дайындау, психологиялық тұрғыдан қолдап, пысықтау көзделген.

Жобаға қалай қатысуға болады?

«Bastau Бизнес» жобасы туралы ақпаратты Кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалынан алуға болады. 2018 жылдан бастап «Bastau Бизнес» жобасы еліміздің 160 ауданында жүргізіледі, ары қарай бүкіл республиканы қамтиды. Оқу бағдарламасы өтетін мекемеге барып, қатысуға өтініш білдіру қажет. Ескерту! «Bastau Бизнес» семинарларының әр сабағына қатысу міндетті, онсыз күтілетін нәтижеге жету мүмкін емес. Әр өткізілетін сабақ бүтін жүйелі бағдарлама, бір тақырыпты меңгермей, екінші тақырыпқа өту қиын.

Бизнес  мәнін түсінбесе екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Оның үстіне, адамның жаратылысы да кәсіпкерлікке бейім болуы керек. Сондықтан, оқыту жұмыстарының алдында әр қатысушының әлеуетін сыналып, кәсіпкерлікке икемділігі анықталады. Психология осындайда көмекке келеді. Іскерлікке қабілетті анықтау үшін арнайы мамандар ұсынған тест пайдаланылады. Сол арқылы жұмыс тобы адамның қай салаға бейім екенін анықтайды. Осылайша ұйымдастырушы мен қатысушының уақыты бағаланады.

Қазіргі таңда «Bastau Бизнес» оқытуды бастады ма?

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін ауылдарға баратын бизнес-тренерлерді жақсы дайындықтан өткізді. Олардың біліктілігі мен кәсіпқойлығы маңызды. Бұл тың сала болғандықтан республика бойынша кәсіпқой мамандардың жетіспеушілігі айқын сезілді. Сондықтан Кәсіпкерлер палатасы бизнес-тренерлерді дайындықтан өткізетін қысқа курстары ұйымдастырып, 130 астам тренерлер біліктіліктен өткізді. Оның ішінен мықты 100 тренер іріктелді.  100 тренердің 80-і өңірге кетіп, 20 тренер резервте тұр. Жоба тренерлерін дайындауға экономика мен бизнес саласының білікті мамандары шоғырланды.  Оларға тайм менеджмент, стресс менеджмент, инновациялық менеджмент, жобалық менеджмент, шешендік өнер, маркетинг, бизнес негіздері, құқықтық, қаржылық аспектілер, бухгалтерлік есеп және т.б. салалар бойынша тиімділігі жоғары семинарлар жүргізілді.

«Bastau Бизнес» жобасы не үшін керек? Бүгінде көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр, түрлі тренерлер де өте көп. Олардың біліктілігі қандай, дәрежесі қандай, жалпы тренер ме өзі тексеру керек. Ал «Атамекен» ҰКП осы бағытта нақты іске кірісті. Бизнес бойынша ірі саланың майталмандарын бір ортаға жинап, білім мен біліктіліктің тамаша алаңын ұйымдастырып, тегін семинарларды өткізіп жатыр.  Қарапайым халық кәсіпкерлікке терең бойлауға мүкіндік алып, жобаларын қорғауда», — деді жобаға қатысушы, тренер Алмагүл Ғабдуллина.

Сонымен...

«Bastau Бизнес» жобасына қатысуға асығыңыздар. Бағдарлама 2017-2021 жылдарына арналған. «Bastau Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерліктің негіздері оқытылып, ең үздік жобаларды қорғаған білім алушыларға бизнес ашу үшін пайызы төмен микронесиелер беріледі. Оқу басталғаннан бастап, бизнес-жобаларды әзірлеуге болады. Ең үздік бизнес-жобалар қаржыландырылады. Кәсіпкерлік пен бизнестің негіздері, маркетинг пен менеджмент, өз уақытыңды тиімді пайдалану, іскерлікке баулитын психологиялық сабақтар, еліміздегі үздік бизнес-тренерлерден жеке сабақ алу мүмкіндігі Сіздің жаңа қабілетіңізді ашуға сеп жасамақ. Тиімді тегін білім алу жеке кәсіп ашып, табысты болудың алғашқы қадамы. Іскер Қазақстанды бірге құрайық!

Авторы: Әлия Кемелбекова

Ж. Өрісбай