«Кәсіпкер боламын!» қандай жоба?

«Кәсіпкер боламын!» қандай жоба?
Фото: Атамекен

Ақтау қаласында бастау алған «Al-Farabi Education» Business Academy» жалынды жастары «Кәсіпкер боламын!» атты таза қазақ тілінде үстел ойынын ойлап тапты. Ойынның аты, көрнекі құралдары бірден адамның назарын алады. Жобаның мақсаты, көздеген нысаны жайында редакциямызға келген жоба авторларының бірі «Al-Farabi Education» Business Academy» директоры Айнаш Төлештен білдік.

–Айнаш, «Кәсіпкер боламын!» бұл қанадай жоба? Бұл ойынды кімдер ойнайды, жас ерекшелігі бойынша шектеу бар ма?

Маңғыстау облысында 2017 жылдың желтоқсан айында алғаш рет ұстаздар мен оқушыларға бағытталған «Кәсіпкер боламын!» пилоттық жобасы енгізілді. Оқыту курсы ойын түрінде жүргізіледі: жоба үшін арнайы «Кәсіпкер боламын!» іскерлік үстел ойыны жасалынды. «Кәсіпкер боламын!» жобасы аясында 80-нен астам бизнес-тренер оқытылды.  Облыстың 12 таза қазақ лоттық мектебінде 365 жоғары сынып оқушылары үшін 14 бизнес-тренерлер факультативті сабақтар өткізеді. Бұл ойынды 5-ші сынып оқушыларынан бастап  ойнай алады. 

–Қандай ойын түріне негізделіп әзірленген жоба? Шетелдік баламалары бар ма?

–Біз барлық бизнес ойындарды саралап шығып өзіміз, бизнес-тренерлермен ойлана келе осы «Кәсіпкер боламын!» үстел ойынын ойлап шығардық. Шетелдік баламалары жоқ, барлығы қазақ және орыс тілінде жазылған.

–Көрнекі құралдарына қарасаң, кәдімгі монополийге ұқсас...

–Жоқ бұл монополий емес. Басқа бизнес ойындардан бұл ойынның ерекшелігі монополияны құруға бағытталған бағдар емес, дағдарысқа қарсы шараларды іздеу, сыни ойлап үйрену және әлеуметтік пайдалы кіріс табу. Оқушылар «Кәсіпкер боламын!» ойыны арқылы өз бетімен қорытынды жасап, өз өнімдерін ұсынып, саналы түрде тәуекелге баруға және қаражаттарын үнемдеуге тырысады.

 
–Идея авторлары кім? Неге осындай бастаманы қолға алдыңыз?

–Бұл жобаның авторларының бірі мен және өңіріміздің креативті жастары, яғни біздің команда. 

–Кез келген затты сатып алмас бұрын сатып алушы өзіне «бұл маған не береді?» деген сауал қояды. Демек, бұл ойын маған қандай білім, машық береді?

–Бұл ойын арқылы балалар өздеріне: кірістерді барынша арттыру үшін олардың шығындарын және болжамды сатуды дұрыс есептей білуді; өз өнімдерінізді  дамыту үшін, тиімді арзан бағдарламаны дайындауды; командалар кұруды және командамен жұмыс істеуді; ата-аналарды ойынның процесіне және кәсіпкерлік идеясына тартуды; маркетинг негіздерін түсіну және бәсекелестік ортада жұмыс істеуді үйрене алады.

–Үстел ойынында құмарлыққа бастайтын әрекеттер жоқ па? Яғни ақша ұту мақсатындағы айла-тәсілдер?

–Бұл ойында ешқандай құмарылыққа бастайтын әрекеттер жоқ. Ойын арқылы балалар өздеріне кәсіпкерлікке қатысты жаңа білім алмаса, қарама қайшы келетін әрекеттер игермейді. 

–Жоба мақсаты қандай?

–Жобаның мақсаты – «Кәсіпкер боламын!» ойыны арқылы жалпы білім беру орындарының және орта арнайы білім беру мекемелердің оқушылары арасында кәсіпкерлік сана-сезімін дамыту; өскелең ұрпақ тәрбиесі бойынша мұғалімдердің жұмысына қолдау көрсету.

–Командаңыздың кәсіпкерлік саласында тағы қандай бастамалар бар?

–Кеше ғана, 19 мамыр күні Ақтау қаласында облыс мектептеріндегі мұғалімдер мен оқушылар арасында «Кәсіпкер боламын!» ойын Чемпионатын ұйымдастырдық.  120 адам Чемпионатқа қатысып бағын сынады. Чемпионат 2- кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – іріктеу.  Алдын ала тіркеуден өткен барлық қатысушылар, 7 қатысушыдан 15 топқа бөлінді.   Ойынның 3 турында  бірқатар тапсырмаларды орындап, ақша жинады.  Қорытындысы  бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген 15 үздік іріктеліп, келесі ойынға жолдама алды.

Екінші кезең – суперойын. Бұл чемпионаттың қорытынды кезеңі.  Жолдама алған 15 үздік, 5 қатысушыдан 3 топқа бөлініп ойнады. Нәтижесінде 3 чемпион – үздіктердің үздігі анықталды олар:

- Әбілқайыр Дәуітов –  Актау қаласы, №9  орта мектептің 10 а сынып оқушысы;

- Жансая Азанқалыева –  Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылы №9 орта мектебінің, 10 б сынып оқушысы;

- Ақжібек Елубаева – Жаңаөзен қаласы № 15 орта мектебінің  10б сынып оқушысы.

Сондай-ақ, үлкен шара өткізу жоспарлануда. «Кәсіпкер боламын!» пилоттық жобасының жеңімпаздарына 2018 жылдың 3-9 маусымы аралығында бизнес-лагерь ұйымдастыру жоспарлануда. Бизнес- лагерге 365 оқушының ішінен үздік деп танылған 164 оқушы қатысады.

–  Мемлекет тарапынан қолдау алдыңыздар ма?  

–«Кәсіпкер боламын!» пилоттық жобасы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әлия Кемелбекова

А. Оралқызы