Машина өндірісі – ұлттық өнеркәсіп пен технологиялық дамудың көрсеткіші

Машина өндірісі – ұлттық өнеркәсіп пен технологиялық дамудың көрсеткіші
Фото: primeminister.kz

20 қыркүйек күні ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен конференцияда ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр еліміздегі машина жасау кәсіпорындарын мемлекет тарапынан қолдау бойынша іске асып жатқан шаралар туралы баяндады. Айта кетейік, бүгін Астана қаласында “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері” тақырыбымен VI Қазақстан машина жасаушылары форумы өтіп жатыр. Соған орай вице-министр мемлекет пен машина жасау өнеркәсібінің байланысы жайлы мәлімдемесінде бірқатар шаралардың мән-жайын айтты.

Роман Скляр айтуынша, машина жасау саласының сапа, табыс деңгейі мен жалпы әлеуеті ұлттық өнеркәсіп пен технологиялық дамудың көрсеткіші саналады.

«Машина жасау – ең күрделі әрі көп кешенді сала. Сондықтан болар, бұл сала мемлекеттік реттеу шараларына аса бағынышты. Жоғары бәсекелестікке қарамастан, машина жасау – мемлекет тарапынан біршама қолдау шаралары көрсетіліп жатқан, болашағы жарқын салалардың бірі», – деді бірінші вице-министр.

Машина өндірісі Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізінде басымдыққа ие. ИИДМБ бірінші бесжылдығын іске асыру кезінде машина өндірісі өте қарқынды дамып келе жатқан салаға айналды. Машина өндірісінің көлемі 2010 жылғы 376 млрд теңгеден 2014 жылы 870 млрд теңгеге дейін 2,3 есе өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасау үлесі 9,7%-дан 14,8%-ға дейін өсті.

ҚР ИДМ деректеріне сәйкес, 2018 жылдың қазірге дейінгі қорытындысы бойынша машина өндірісінің көлемі 638,1 млрд теңгеден асты, өндіріс өсімі — 13,8%-ды құрады. Машина жасау салалары арасында өсімнің ең үлкен динамикасын автомобиль жасау секторы көрсетеді. Биылғы 8 ай ішінде 117,7 млрд теңгеге 19 мыңнан астам автомобиль шығарылды, бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6 есе артық.

Р. Склярдың айтуынша,  машина өндірісінің әлеуетін арттыру мақсатында кәсіпкерлік, салық және кедендік кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оларды ынталандыру үшін кәсіпорындарды, тұтынушыларды  жеңілдікпен, несиемен қамтамасыз етіп отыр. 

«Осы орайда жеңілдікпен автонесие беру және лизингтік қаржыландыру бағдарламасын атап өткен жөн, соның арқасында экономикалық құлдырау кезеңінде қазақстандық өнімге деген сұранысты арттырып, отандық машина жасау кәсіпорындарын қолдау мүмкін болды», – деді Р. Скляр.

Р. Скляр машина өндірісін одан әрі дамыту мақсатымен биыл Инвестициялар және даму министрлігі ҚР Машина жасаушылар одағымен бірлесіп 2019-2030 жылдарға арналған Машина өндірісін дамытудың кешенді жоспарын әзірлегенін айтты, оны VI Қазақстан машина жасаушылар форумында мемлекеттік органдар, даму және бизнес институттарының өкілдері талқылап, ортаға салады.

 

Massaget.kz