Елбасы "Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды

Елбасы "Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды
Фото: akorda.kz

Елбасы заңға жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдары Қазақстанда нарықтық экономиканың берік институционалдық негіздері қалыптасқанын, жеке бастама мен еркін кәсіпкерлік еліміздің экономикалық дамуының және әл-ауқатымыздың артуының басты факторына айналды. Біздің реформаларымыздың табыстылығы мен тиімділігінің жарқын мысалы ретінде Астананы айтуға болады. Оның 20 жылдық мерейтойын бүкіл Қазақстан атап өтуде екенін айтты.

"Бүгін мен кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған заңға қол қоямын. Осылай ашық түрде қол қоюдың себебі, бұл құжат өте маңызды деп есептеймін, әсіресе кәсіпкерлерге. Халыққа кеңінен түсіндіруіміз керек. Кәсіпкерлер заңның мән-мағынасын білуі керек. Шағын және орта бизнесті дамыту еліміздегі өркендеудің өте маңызды талаптардың бірі. Сондықтан мен Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап бұл мәселені қолға алып, ылғи реттеп келемін. Кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келгенімізді білесіздер. Бизнес пен билік арасында серіктестік қатынастар орнату маңызды міндет болып саналады. Сол арқылы кәсіпкер қауымының мемлекетке деген сенімі арта түсетін болады", – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондықтан бұл заңды парламерт қабылдағанын, бизнестің өркендеуіне қолайлы жағдайды қалыптастыратынын тілге тиек етті Ел президенті.

"Енгізіліп отырған өзгерістердің басты мақсаты - бизнесті реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіре түсу. Заңда мемлекеттік бақылау функцияларын шамамен 30 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Құқық бұзушылықтың алдын алатын профилактикалық бақылау институтына баса мән берілген. Табиғи монополиялар мен квазимемлекеттік сектор тарапынан көрсетілетін қызметтер реттеледі", – деді Елбасы.

"Осы заң арқылы 14 кодекс пен 109 заңға шамамен 1 мыңға жуық өзгеріс енгізіліп отыр. Осы өзгерістердің бәрінің діттеген мақсаты бизнесті дамыту үшін мейлінше қолайлы жағдай қалыптастыру жөніндегі мемлекеттің басты стратегиялық бағытына толық сай келіп отыр. Қазіргі уақытта іскерлік белсенділікті күшейту және жұртшылықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану аса маңызды", - деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қазақстан Президенті бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Бес әлеуметтік бастама» шағын және орта бизнес үшін зор мүмкіндік туғызып отырғанын атап өтіп, осы заңның қабылдануы халқымыздың игілігі жолында елдегі кәсіпкерлік қызметті жандандыруға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Т. Раушанұлы