Halyk Bank пен Qazkom бірігу процесі басталды

Еліміздегі екі алып банкті біріктіру процесі банкоматтар желісінен бастау алды. Ағымдағы жылдың 10 шілдесінен бастап Халық Банк пен Қазком клиенттері аталған банктердің банкоматтарынан ақша шешіп алуға қойылатын комиссия алынып тасталды. Енді екі банктің картасын қолданушыларға қай банкоматты қолданса да, айырмашылығы жоқ. Бұл туралы Халық Банк баспасөз қызметі мәлімдеді.

Айта кетсек, Халық Банктің Қазақстан бойынша 2 367 банкоматы бар болса, оның 559 құрылғысы cash-in функциясымен қызмет көрсетеді. Ал Қазкоммерцбанктің 2 292 банкоматы, оның ішінде 465-інде ақша салымын жасау мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда, Халық Банк несие картасын 6 миллион адам қолданса, Қазкомда бұл көрсеткіш 2 миллионнан асады.

Айта кету керек, енді еліміздегі әрбір екінші банкомат Halyk+Qazkom желісіне тиесілі болып отыр.

Қолма-қол ақшасыз сауда жасау сұранысқа ие бола бастағанымен, Қазақстанда ақшаны банкоматтан шешіп алу әрекеті көбірек байқалады. Сондықтан банкомат санының көп болуы Қазақстандағы банк секторының үлескері үшін өте маңызды. Ресми статистикаға орай, 2017 жылдың сәуір айында 17,6 миллион осындай операция орындалып, 683,2 миллиард теңге көлеміндегі қаржы шешіп алынған.