Кино: өнер және бизнес

Кино: өнер және бизнес
Фото: palata.kz, www.grubstreet.com

Ағылшындық әйгілі режиссер Альфред Хичкок: «Фильм – бұл көңілсіз тұстары алынып тасталған өмір» деп айтқан. Расымен де кино – қызықтырады, баурайды, таң қалдырады, адам өмірінде болып жатқан оқиғалар турасында ойландырады. Бұл жазушыға – кітап, сазгерге – музыка, суретшіге – картина қалай әсер етіп, өз ойын, ішкі жан дүниесін ақтаруға септігін тигізетін құралға айналса, фильм де дәл сондай: режиссердің құмарын қандырып, қалауын орындауға мүмкіндік беретін үлкен шығармашылық процесс.

Техникалық тұрғыдан кино әлемдік прогреспен бірге аяқ басып келе жатыр. Ақ-қара түсті, үнсіз роликтен дыбысталу арқылы көрерменді таңдандыратын көрініске, одан компьютерлік графика арқылы оқиғаның желісін қызықтыра түсіп, іс-әрекеттердің барынша нақты әрі жылдам болуы арқылы көрерменін баурап алатын кинофильм деңгейіне жетті.

Бүгінде кинематография – бұл ең бастысы индустрия, дамыған мемлекеттердің экономикасына қыруар пайда келтіретін үлкен сала. Бір елде түсірілген кино бірнеше елдің тіліне аударылып, дубляж жасалып, жаңа көрерменнің жүрегіне жол тартатын, шекара асып, шектелуді білмейтін, өз бюджеттік шығынын бірнеше еселеп қайтарып алатын пайда көзі ретінде қарастырылады. Ал кино қайраткерлері тапсырыс берушінің қалауын орындап, сол үшін сыйақы алатын суретшілерге айналды.

Киноөнім нарықта бизнес көзі, идеологиялық құрал, көпшілікті басқаратын күшке ие құбылыс. Сондықтан қай мемлекеттің киноөнімдері әлем аренасында өтімді болса, сол мемлекетке елдің назары мен қалтасы жұмыс істейді. Бүгінде киноөндірістің көш басында сөзсіз Голливуд тұр. Голливудтың танымалдығына әлем тілі – ағылшын тілін қосыңыз. Сонымен қатар «Оскар» америкалық киножүлде де АҚШ-тың мәртебесін асқақтай түседі. «Оскар» сіздің киноңызға берілетін ең жоғары баға. Бұл жүлденің құдіреті өзге киносыйлықтардың мысын басады.

Киноиндустриядағы өнім – шығармашылық пен пайданы біріктіре отырып, табыс табуға үлкен әсер ететін еңбек. Сондықтан да киноиндустрия бизнестің ең қуатты салаларының бірі болып саналады. Сапалы кино түсірген режиссердің еңбегі ақталып, аз уақыт аралығында бірнеше миллион табыс табуына мүмкіндік бар екендігі дәлелденген. Киноның сапасы қаншалықты жақсы екенін киносыншылардан гөрі көрерменнің риясыз пікірі толық ашып береді.

Нарық заманында режиссердің түсірген кинотуындысы нақты тауар ретінде саналады, ал көрермендер тауарды тұтынушылар болып есептеледі.

Нарықта өндірушілер мен тұтынушылар, баға, сұраныс пен ұсыныс, бәсеке секілді заңдылықтар бар. Нарықтың осы ерекшеліктерін ескере отырып, кино өндірісін дамыту үшін, осы саланы жеке кәсіп ретінде қарап, пайда табуды мақсат тұту керек. Пайда түсіру арқылы кино өнімдерін түсіруге жұмсаған қаражаттың орнын толтыру, белгілі бір деңгейде оның үстінен пайда көру үшін қаражат көздерін іздестіру керек. Киноиндустрияда жанрлық ерекшеліктеріне мән бермей-ақ, жалпы киноны – дайын өнім деп қарастырылады. Ал өнімді тұтынушы – көрермен. Осы тұстан көрермен негізгі пайда көзіне айналады. Көрермен неғұрлым көп болса, соғұрлым пайда да мол түседі. Көрерменді тарту, кассалық қаражаттың түсуі көрсеткіші жарнамалық қызметтің нәтижесінде орын алады. Ал қызығушылықты ояту – міне, бұл маркетингтік әдіс-тәсілдердің көмекке келер тұсы.

Кино өндірісінде жарнамалық қызметке неліктен өте көп мән береді? PR-компанияның жұмысын ерекше атап өткен жөн. Жарнама арқылы көрермен тарту жақсы жұмыс істейді. Көп жағдайда фильмнің өзінен оның бір ай бұрын шыққан трейлері керемет болып жатады. Көп көрермен киноға жасалған жарнамаға елітіп билет сатып алады, ал нәтиже, яғни фильм мүлде ұнамауы мүмкін.

Ғалымдардың зерттеуінше, жыл сайын кинотеатрларға баратын көрермендердің саны азайып келеді. Егер ХХ ғасырдың 30 жылдарында әлемнің 70% халқы тұрақты түрде кинотеатрға барып тұрған болса, жылдан-жылға азая келе, ол көрсеткіш 10% дейін төмендеген. Бүгінде ХХ ғасырдың орта тұсында болған барлық кинотеатрдың үштен бір бөлігі ғана тұрақты жұмыс істеп келеді.

Кино түсіру қарқынды дамыған уақытта бәсеке де жоғары. Киноға қызығушылығы жоғары әрі пайда түсетін аудиторияны таңдау арқылы, сол жасқа лайықты жарнамалық тәсілдерді оңтайлы пайдалана алады.

Американдық «Arbitron» компаниясының жүргізген сауалнамаға қатысушылардың 98% киносеанстың алдындағы трейлерлерді көрсетуіне оң көзқарас танытқан. Ал 84% алда шығатын фильм туралы ақпарат алуға қуана келіседі екен. 83% халық кинотеатрдың холлында орналастырған құралдары мен постерлердегі жарнамаларға мән беретіндіктерін жеткізген. 74% поп-корнды сыртында жарнамасы бар стақанға салғанды қалайды екен.

Нарықтың заманда шығармашылық адамының әп-сәтте қаржыгер, меркетолог, менеджерге айналып кетуі таңдандырарлық дүние емес. Кинотүсіруге кеткен қаржының орнын толтырудағы ең басты мақсат – көрермен жинау, коммерциялық ұтысқа мән беру.

Шетелдік кино түсірудегі қарқын мен жарнамалық кампания – бизнес. Бұл табыс көзі. Қазақстан кинематографиясын дамыту үшін, түсірілген картиналардың қорда жатып қалмай, өз көрерменін табуына жағдай жасау және қуатты бизнес түрі деп танылуы маңызды. Отандық кинонарықта ілгерілеу бар. Сондай-ақ сапалы киноөнімдер жиі көрсетілуде. Олардың қатарында тарихи әрі өмірден алынған оқиғалар бар, телевизиядағы сериалдар желісі де бір төбе. Көрермен отандық компания түсірген фильмге қуана барады. Осы толғынды ұстап қалған жөн. Сондықтан кинемотография саласындағы продюсер, режиссер, сценарист, тіпті актерге дейін пайда табуды көздеп, шығармашылық ойлау мен кәсіпкерлік машықты қатар жетілдіруі маңызды. Бұл кассалық түсімнің жоғары болуына кепіл.

Қарлыға Телман

Ж. Өрісбай