"Atameken" палатасының жас кәсіпкерлерге арналған тегін онлайн-курсы басталды

"Atameken" палатасының жас кәсіпкерлерге арналған тегін онлайн-курсы басталды
Фото: atameken.co

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Атамекен" академиясының онлайн-платформасымен бірлесе отырып, "Жас Kәсіпкер" тегін онлайн-курсын іске қосты.

Курстың мақсаты – өз ісін бастағысы келетін жастар үшін барлық қажет ақпаратты бір сандық алаңға жинау. Еліміздің кез келген аймағынан 5 мыңға жуық адам онлайн-режимде білім ала алады. Ең бастысы – оқыту жүйесі тегін. Курсқа қатысқыңыз келсе, сіз 22 қазанға дейін "Jas Kasipker" курсын аяқтап, бизнес-жоспар жасауыңыз керек. Ол үшін atameken.co платформасында тіркеліп, курс студенттеріне арналған телеграм чатқа жазылу керек. Айта кету керек, "Jas Kasipker" онлайн-платформасы – "Бастау Бизнес" деп аталатын ірі білім беру жобасының бір бөлігі.

Курс қазақ және орыс тілдерінде видеосабақ форматында өтеді. Онда 10 модульден құралған 20 сабақ және онлайн тапсырмалар бар. Сабақтың тақырыптары өте ауқымды. Қатысушылар сұранысқа ие болатын бизнес идеяларды қалай табуға болатынын, қаржыландыруды қайдан тауып, маркетинг пен менеджменттің негіздерін, сондай-ақ, қаржы, құқық ерекшеліктерін үйренеді. Курста "Атамекен" ғылыми-өндірістік кәсіпорнының мамандары, Агрокредит корпорациясының, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының және "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының менеджерлері сарапшы болады.

Курс аяқталғаннан соң, қатысушылар арасында бизнес-жоспарлар байқауы өтеді. Бас жүлде – жобаны жүзеге асыруға берілетін 500 мың теңге. Сонымен қатар, ең көп дауыс жинаған үздік бизнес-жоспарға сыйлықтар табысталады. Олар – бизнес-тәлімгерден кеңес алу, жобаға арналған жарнама бейнеролигі, бизнеске арналған Landing page сайт әзірлеу, сондай-ақ, Brand book құрастыру.

Atameken.co сайтында тіркеліп, Қазақстанның кез келген аймағынан тегін білім алуға асығыңыз!

Massaget