"Қарапайым заттар экономикасы" жобаларын жеңілдікпен несиелеудің шарттары өзгерді

Бұл жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына енгізілген екінші өзгертулер пакеті. Жаңашылдықтар арасында: қарыз алушыларға пайыздық мөлшерлемені 6%-ға дейін төмендету, Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің тізімін кеңейту, жеңілдік кезеңін және кепілдендіру процедурасын енгізу. Бұдан бөлек жобаларды қаржыландыруға шілде айынан бастап "Аграрлық несие корпорациясы" қосылды.

"Жеңілдікпен несиелеу бағдарламасының міндеті – отандық тауар өндірушілерді қолдау және тауарлар импортын қысқарту. Осы мақсаттарға мемлекет 600 млрд теңге бөлді. Қостанай облысында бағдарламаға 82 кәсіпкер қызығушылық танытты. 7 жоба мақұлданды, 10 жоба екінші деңгейлі банктер қарауында. Жұмыс Кәсіпкерлер палатасы және қалалар мен аудандар әкімдіктерімен жүргізілуде", – деді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.

Мәселен, Қостанай облысы бойынша "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалының директоры Олег Рабченюктың айтуынша, коропрация қаражатты Ұлттық банктен күтпестен, жеке қордан жобаларды қаржыландыруды бастап кетті.

"Екінші деңгейлі банктердегі қатаң кепілдік саясат салдарынан жеңілдікпен несиелеу процесіне Аграрлық несие корпорациясын жұмылдырды. Біз несиені техника, жабдық, жер пайдалану құқығын кепілге алып, несие бөлеміз", – деді Олег Рабченюк.

Жуық арада бағдарламада айналым қаражатын 100 пайыздық толтыру және бизнеске қарымта міндеттемелермен қайта қаржыландыруға қатысты бөліктеріне өзгерістер енгізу жоспарланған. Инвестициялық мақсаттарға несие беру мерзімі 10 жылға дейін ұзартылмақ.

Сонымен қатар машина жасау, химия саласы, тамақ өнеркәсібі, АӨК, құрылыс материалдарын өндіру, қызмет көрсету салаларына 18 Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші қосылады.